Сыйлық берісіңіздер — жақындықтарыңыз артсын!
Сыйлық берісіңіздер — жақындықтарыңыз артсын!
2 сағат бұрын 102
islam.kz
 «Сыйлық берісіңіздер – сүйіспеншіліктеріңіз артады»

Сыйлық беру — ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл сүннеті, шынайы көңілдің белгісі әрі жанға шуақ сыйлайтын қайырлы амал. Ол алысты жақындатып, үзілген көңілді байланыстырады, адам жанына жол тауып, жүректердің құлпын ашады. Алла елшісі (с.ғ.с.) қоғамда ауызбіршілік пен мейірім орнатудың әрбір жолын көрсетіп кеткен. Соның бірі сыйлық беру. Сыйлық беру арқылы адамдар арасында сүйіспеншілік пен достық және бауырмалдық артады. Ол (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Тәһәдуу – тәхәббуу» деген. Мағынасы: «Бір-біріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншілік орнасын!»1 деп өсиет қалдырған.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) сыйлыққа деген көзқарасы

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзі де сыйлық беретін, өзгеден келген сыйды да (аз болсын, көп болсын) ілтипатпен қабылдап, оған жақсылықпен жауап қататын. Ол кісі: «Егер мені бір малдың сирағын жеуге шақырса да барар едім, маған малдың сирағы сыйға тартылса да қабыл алар едім», – дейтін. Бұл — сыйлықтың көлеміне емес, ниетіне қарау керектігінің үлкен үлгісі.

Ибн Абдул-Барр былай дейді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) садақадан дәм татпайтын, бірақ сыйлықты қабыл алатын. Өйткені сыйлық берудің астарында жүректерді жібітіп, бауырластыққа бастайтын, өзара махаббат пен жылылықты оятатын ұлы күш бар. Сондай-ақ, сыйлыққа қарымта (сый) беруге рұқсат етілген, бұл өз кезегінде «міндетсіну» сезімін жояды. Ал садақада мұндай (қарымта қайтару) жоқ. Сондықтан да Алла елшісі (с.ғ.с.) өзіне келген сыйлықты қабыл алып, оған одан да қайырлы, жақсы дүниемен жауап қататын. Осылайша екі арада ешқандай міндетсіну немесе «қарыздар болып қалдым-ау».

Өзге дін өкілдерімен сыйластық

Кейбір жандар «мұсылман емес адамдармен тек қатал болу керек» деп қателеседі. Алайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі бұған мүлдем ұқсамайды. Ол кісі көршілес елдердің патшалары мен өзге дін өкілдерінен сыйлық қабылдаған. Мәселен, Мұқауқис патша мен Әйлә патшасы берген сыйларды алған.

Дегенмен, егер сыйлықтың астарында мұсылмандарға зиян немесе діни тұрғыдан жат ниет болса, оны қайтаратын. Яғни, сыйластық — әділдік пен игілікке негізделуі тиіс.

Сыйлық берудегі тыйымдар

Дінімізде кейбір сыйлықтарды беруге немесе алуға тыйым салынған:

  • Балалар арасындағы алалау: Әке-шешенің бір баласына сыйлық беріп, екіншісін құр қалдыруы — балалар арасында реніш пен өшпенділік тудыруы мүмкін. Бұл — әділетсіздік.
  • Лауазымды тұлғаларға берілетін сый (Парақорлық): Тыйым салынған сыйлықтардың бірі — қызметкерлердің өз ісіне қатысы бар адамдардан алатын тарту-таралғылары. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ибн әл-Утбия әл-Әзди есімді сахабаны зекет жинауға жібереді. Ол қайтып келгенде: «Мынау — зекет ретінде жиналған мал (сіздердікі), ал мынау — маған жеке сыйға тартылған дүние», — дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.) оның бұл сөзіне қатты кейіп, былай деді: «Егер ол шыншыл болса, әкесінің немесе шешесінің үйінде отырып көрсінші, оған біреу сыйлық әкелер ме екен?! Жаным қолында болған Алламен ант етейін! Кімде-кім сол малдан (тиісті емес дүниеден) бір нәрсе алса, Қиямет күні сол алғанын мойнына арқалап келеді. Егер ол түйе болса — боздап, сиыр болса — мөңіреп, ал қой болса — маңырап тұрады». Содан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолтығының ағы көрінгенше қолын көкке көтеріп: «Уа, Алла Тағалам! Мен жеткіздім бе? Уа, Алла Тағалам! Мен жеткіздім бе? Уа, Алла Тағалам! Мен жеткіздім бе?» — деп үш рет қайталады»2. (Бұхари риуаяты).
  • Харам дүниелер: Харам етілген заттарды (мысалы, ішімдік) сыйлауға және қабылдауға болмайды.

Сыйлыққа — сый

Мұсылмандық әдеп бойынша, сыйлық берген адамға алғыс айтып, шама келсе қарымта сый беру — ізеттілік, сүннетте бар амал. Егер беретін ештеңе болмаса, ол адам үшін шын жүректен дұға ету керек. Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта ол кісі былай дейді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) сыйлықты қабыл алатын және оған міндетті түрде қарымта сый (сауапты іс) жасап, жақсылықпен қайтаратын»3.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

«Кімде-кім Алланың атын атап (Алла ризалығы үшін деп) бір нәрсе сұраса, оған беріңдер. Кім сендерді (қонаққа немесе жақсылыққа) шақырса, оған жауап беріңдер (барыңдар). Кім сендерге сыйлық берсе, оған лайықты қарымта жасаңдар. Ал егер сыйлығына қарымта берер ештеңе таппасаңдар, оған «шын мәнінде қарымтасын қайтардым-ау» деген сезімде болғанша (шын жүректен) игі тілек тілеп, дұға етіңдер»4.

Берген сыйды қайтып алу — әдепсіздік

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) берген сыйын қайтып алатын адамды құсқан құсығын қайта жеген итке теңеп, бұл істің өте жиіркенішті екенін айтқан. Тек әке баласына берген сыйын тәрбие мақсатында қайтарып алуына рұқсат етіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай делінеді: «Әкенің өз баласына берген сыйлығынан басқа, қандай да бір берілген сыйды қайтарып алу ешкімге адал (дұрыс) емес»5.

Қорытынды

Сыйлық — мұсылман үмбетін бір-біріне бауыр қылған, қоғамның іргесін бекітетін құндылық. Халқымыз айтқандай, «Сыйласқанның суын іш». Сыйлық беру арқылы біз тек зат бермейміз, жүрегіміздің жылуын, құрметімізді бөлісеміз. Пайғамбар сөзімен түйіндесек: «Бір-біріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктеріңіз артсын!»

1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
3Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
4Имам Ахмед: «Мүснәд».
5Имам Тирмизи: «Сүнән».


Дереккөз: Islamweb.net ақпараттық порталы. Араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір