Ибн Жәузидің ой толғауы. Қай жерде тауқымет тартқан жанды көрсең...
Ибн Жәузидің ой толғауы. Қай жерде тауқымет тартқан жанды көрсең...
7 сағаттан соң 36 islam.kz/
А. Қасым

Ибн Жәузидің ой толғауы. Қай жерде жазаланған жанды көрсең, білгін: бұл — оның күнәларының кесірі.

23-ой толғау:

Мына дүниедегі көптеген адамдардың басына түскен ауыр тауқыметтер мен шегіне жеткен қиыншылықтар туралы ойланып отырып, іштей: «О, тоба! Расында, Алла Тағала — жомарттардың Жомарты, ал жомарттық кешірімді керек етпей ме? Сонда мынандай қатал жазалаудың мәні неде?» — деген сұрақ мазалады.

Осы төңіректе тереңірек толғанғанымда, көптеген адамдардың бұл дүниедегі бар-жоғы білінбейтінін байқадым: Алланың бірлігін айғақтайтын дәлелдерді іздемейді, Алла Тағаланың әмірлері мен тыйымдарына бас қатырмайды. Олардың тіршілігі — жай ғана аң сияқты әдеттерінің соңынан еріп кете береді. Егер Шариғат үкімі олардың нәпсісіне, көңіл-күйіне жақса, оны орындайды; ал егер жақпаса — олар тек өз мақсат-мүдделерін ғана күзетеді! Қолдарына динар тисе, оның адалдан ба, әлде арамнан ба, — еш шаруалары жоқ. Намаз оқу жеңіл тисе, оқиды, ал жеңіл тимесе — тастап кете береді! Араларында тыйым салынған істерді біле тұра, үлкен күнәларды ашықтан-ашық жасаудан тайынбайтындары да бар.

Ал кейбір ғалым сымақтардың білімі артқан сайын, күнәлары да соғұрлым сорақылана түседі!!

Содан кейін менің көзім жеткені: бастарына түскен тауқыметтер қаншалықты ауыр болса да, бұл — олардың жасаған қылмыстарының қасында түкке де тұрғысыз екен! Бірақ бір күнәсінің кешірілуі үшін бастарына іс түссе, олар дереу: «Ойбай, бұл маған не үшін келді, менің күнәм не?» — деп байбалам салады. Ал өздерінің бұрын жасаған, жерді сілкіндіріп жіберетіндей сұмдық істерін мүлдем ұмытып кетеді!

Кейде бір қарттың қартайған шағында қорлық көріп, аянышты халге түскенін көріп, жүрегің сыздайды. Ал ол сорлы өзінің мұндай күйге түсуі — жас күнінде Алла Тағаланың алдындағы міндеттеріне және Хақтың хақысына немқұрайлы қарағанының кесірі екенін сезбейді де! Қай жерде тауқымет тартқан жанды көрсең, білгін: бұл — оның күнәларының кесірі.(1).


Мәтін Ибн әл-Джаузидің (миләди 1116- 1201 жыл) терең философиялық әрі тәрбиелік мәні бар қара сөздерінен алынды. 

 

0 пікір