Рухани жаңғыру аясында бәсекеге қабілетті имамдарды даярлау
Рухани  жаңғыру аясында  бәсекеге қабілетті  имамдарды  даярлау
7 жыл бұрын 4011

Зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен  қоғамдық санадағы орны мен рөлін зерделеу әрқашан да өзекті болмақ. Дін адам мен азаматтың бостандығы мен құқығымен, дүниетанымы және мәдениетімен, діни сезімі және құндылықтық ұстанымыммен байланысты. Дін қоғамдық сана формасы және  әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызметтер атқарады. Дін - әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші, ұйыстырушы, мәдени-шығармашылықтық, рухани-адамгершіліктік және т.б. қызметтер атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда діни білім беру мазмұнында әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды.

Зайырлы қоғамда исламтану негіздерін оқытуда исламдағы түрлі  ағымдардың және  радикалды  идеологияның  ұстанымдарын ғылыми және  салыстырмалы талдау тұрғыда түсіндіру маңызды. Зайырлы мемлекетте исламтану мамандығын оқыту міндеті діндар жастар дүниетанымында діндарлық пен зайырлы мәдениеттік ұстанымды, гуманистік және рухани адамгершілік негіздерді қалыптастырады. Исламтану мамандығын оқыту үдерісі болашақ дін  қызметкерлерінің бойына көркем мінезділік, сөз бен істің  үйлесімділігі, имандылық, салауаттылық, ұлттық дәстүр мен руханилық нәрін егіп, оларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ардақтауға үйретіп, ұлтаралық және конфессияаралық қатынас мәдениетіне, түпнұсқа әдебиеттермен жұмыс жасау мәдениетін  меңгеруге, дін  саласындағы мемлекеттік саясаттың  мәні мен мұратын айқын түсіну  және діни уағыздың  заманауи  әдістерін игеруге бағыттап, діни экстремизм мен фанатизмге қарсы күресе  білетін құзірет қалыптастыруы тиіс. Оқу орнының беделін көтеретін бәсекеге қабілетті түлектері екендігі  айқын. Зайырлы мемлекетіміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттын жан-жақты түсіне білетін және білімі мен білігін нақты іске асыратын құзіреттілігі жоғары имамдарды даярлау уақыт талабы.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі идеологиялық ваккум салдарынан қоғамда сан түрлі жат діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарай бастады. Діни  сауатсыздық  салдарынан жалған діни ағымдардың  жасанды ілімдеріне ергендер зайырлы және ұлттық құндылықтарды мансұқтай бастады. Мұның  алдын алудың бір жолы ретінде білікті дін қызметкерлерін даярлау мәселесін шешу қажеттілігі туындады. Зайырлы Мәңгілік Еліміздегі исламтану мамандығы  ислам тарихы мен салт-ғұрыптар жүйесі, сондай-ақ мәдени адамгершілік, дүниетанымдық, ғылыми, этномәдени, әлеуметтік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастықпен беруші және адамның өзіне және қоршаған ортасына  қатынасын қалыптастырушы, кешенді пәндер жүйесі ретінде дін қызметкерлерін гуманизмге, руханилыққа, зайырлылық  мәдениеті мен отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Исламтану мамандығын білім беру жүйесінде оқыту әлемдік және ұлттық мәдениеттің  озық жетістіктерін үйрену мен дін мамандарының дүниетанымдық бағыт-бағдарын айқындауда, тұлғаның рухани бітім-болмысын қалыптастыруда өзіндік үлес қосары анық. Исламтану мамандығының пәндері имамдардың ислам діні мен мәдениеті, ислам мен дәстүрлі ұлттық  ділдің  арақатынасы, діннің зайырлы қоғамдық өмірге тигізер ықпал әсерін, діни дүниетанымның құрылымы мен ерекшелігін, қоғамдық сананың  формасы ретіндегі діннің атқарар қызметін игеруге және діни  қызметтің  мән-мағынасын түсінуге мүмкіндік береді. Исламтану мамандығын оқытуда ислам  діннің пайда болуы және дамуы, қызмет ету заңдылықтарын, ислам  өркениеті тарихында діннің алуан түрлі феномендерінің көрінуін,ислам және дәстүр, дін және мемлекет,   діннің қоғамның басқа салаларымен өзара байланысы және өзара ықпал әсерін,діннің рухани әлеуеті  мен құндылықтарын, ислам дінінің ғұрыптық ұстанымдарын және мазхабтардың  ортақ  тұстары мен айырмашылықтарын үйрету, исламдағы төзімділік пен  келісім қағидаттарын дін  қызметкерлерінің санасына рационалды түрде сіңіру  жауапкершілікпен атқарылуы тиіс.

Дінді оқыту адам, қоғам, дүние туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнін оқыту қоғамда гуманистік және адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Исламтанулық білім беру мен тәрбиелеуде дінтану заманауи білім  беру технологиясының  мүмкіндіктерін және  іске асыру тәсілдерін, әдістерін құралдарын айқындау үшін әдістемелік және педагогикалық моделдерді іске асыру қажет. Білім беру мазмұнында дінтану пәнін оқытуда зайырлылық қағидаты әдістемелік негіз болу керек. Бүгінде әлем елдерінің басым көпшілігінде мемлекеттік мектептер зайырлы мәртебеге ие. Зайырлылықтың тарихына үңілсек,еліміздің зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты қоғамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, ізденгіштік, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Исламтану гуманитарлық ғылымдармен тығыз бойланыста қарастырылуы тиіс. Исламтанулық білім беруде дінді кешенді және ғылыми тұрғыда түсіндіруге мән берілуі керек. Дін туралы теологиялық білім діннің шығуы мен дамуы туралы жүйелі  білім береді. Исламтану оқу  бағдарламасында   міндетті пәндер Құран ілімдері, тәпсір, хадис ілімдері, сира, фиқһ  ілімдері, мінез-құлық, діни уағыз және шешендік өнер, араб тілін қамтиды. Сонымен қатар, негізгі компоненттер – Қазақстан   тарихы, философия, шет тілі және  таңдау пәндері  оқытылады. Оқу-тәрбие үдерісінде діни  пәндермен қатар, зайырлы пәндерді оқыту адам және қоғам туралы білімді ұлғайтып, ұлттық мен азаматтық сананы қалыптастыруға  үйретеді. Исламтанулық білім беруге қатысты ана тіліміздегі оқу-әдістемелік оқу құралдары мен оқулықтар даярлау мәселесі де өзекті. Араб, түрік тілдеріндегі  таңдаулы діни әдебиеттерді ана тілімізге аудару сапалы білікті имамдарды даярлауда  өте  маңызды. Зайырлы қоғам мәдениетіне сай медреселерге арналған  сапалы дәріс пен  семинар  сабақтарының бірыңғай әдістемелік құралдарын шығару маңызды. Исламтанушы мамандардың жетіспеушілігінен туындаған жағдайға байланысты молдаларды аймақтық және  жергілікті  сұраныстарға сай арнайы  даярлау  орынды. Діндар әйелдерге  арналған уағыз әдістерін менгерген діни білімді  әйелдерді даярлау маңызды. Сондықтан ҚМДБ тарапынан ауыл-аймақ молдалары үшін арнайы ұйымдастырылатын білімді жетілдіруші курстар мен семинарлар, жазғы университеттер ұйымдастырылуы және молдаларға біліктілік жөнінде құжат беру уақыт талабы. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласы-мемлекеттік  идеологиямыз және ұлттық  санасы жаңғырған  азаматтарды  қалыптастырудың негізі. Мақалада «білім  саласындағы жаһандық  бәскеге  неғұрлым бейімделген  мамандарды даярлау» білім нарығындағы  бәсекеге  қабілетті  сапалы мамандарды тәрбиелеудің  нақты  жолы  және ең  таңдаулы 100 оқулықты  ана тілімізге аудару  студент  жастардың  әлемдік озық үлгіде  білім  алуына  даңғыл  жол  ашады  деп  сенеміз. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік атты Жолдаудағы: «оқыту  бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену  дағдыларын  дамытуға бағыттау  қажет»деген  Елбасының  тапсырмасы  жолдаудағы  төртінші  басымдықтың мәні мен бағытын айқындайды. Сыни және аналитикалық ойлау мәдениетін қалыптастырушы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар болашақ  имамдардың бүгінгі  замана жағдайын  және келешек  көкжиегін  талдап пайымдауға  үйретеді.

Исламтану мамандарын оқытуда ең  маңызды іс жаңа білім беру технологиясына   және заманауи талапқа сай дін мамандарын даярлаудың тиімділігін  артыратын жаңа бағдарламасын дайындау қажет. Бұл  бағдарламада діни негіздегі радикалды идеологиямен уланғандарды тура жолға салудың  діни және  психологиялық әдістері жүйелі қарастырылуы тиіс. Терроризм философиясы және психологиясының әдіс-тәсілдерінің ақпараттық-коммуникация технологияларында  қолданылуы  имамдардың  ғаламторды  пайдалану  құзіреттілігін арттыруды болжайды. Сонымен қатар, теріс ағымдардың беделді мүшелерімен пікір-сайыс жүргізетін денгейде құзіреттілікке ие дін қызметкерлерін даярлауда логика және риторика, философия, әлеуметтану, психология, мемлекет және дін, салыстырмалы дінтану, құқықтану пәндерінің өзіндік орны бар, сондықтан  аталған  пәндер  еліміздің медреселерінің оқу бағдарламасына жүйелі түрде  енгізілуін және оқыту әдістемесін бір ізге  келтірілуі тиіс.

Исламтану мамандығы бойынша оқыту әдістемесін жүйелеп жетілдіру үшін исламтанушы  және дінтанушы ғалымдар мен мамандар қатысатын республикалық деңгейдегі конференциялар  мен  семинарлар еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында өткізілуі тиіс. Елімізде исламтану саласында жиналған тәжірибені кең түрде қолдану мен насихаттау діни  білім беру сапасын жетілдірумен қатар, исламтану мамандығының ұстаздары үшін оқу-әдістемелік көмек болар еді. Үйретуші семинарлар мен конференциялар исламтану мамандығының ұстаздары үшін білім мен тәжірибе алмасу бағытында жасалған маңызды қадам осындай іс-шараларда зайырлы елімізде  діни білім берудің мақсаты мен міндеттері, исламтанулық пәндер жүйесі, зерттеу әдістері, ұғымдары мен терминдері, баяндау мен уағыз жүргізу әдістемесі, мәдениет жүйесіндегі діннің рөлі,радикалды  діни  идеологияға  қарсы күрес  әдістемесі  туралы жан-жақты білім беру іске асырылады.

Діни фанатизм мен көзсіз  еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын  діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім беру зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде орныққан  ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас  мәдениетідегі өзара  түсіністіктің шарты. Әрбір адам парасатты және рухани дүниесі бай, рухы мықты болғанда ғана зұлымдық пен зорлыққа қарсы тұра алады. Сол себептен адам жанын тәрбиелеу және оның дүниетанымын қалыптастыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын тиімді қолдану маңызды болып саналады. Қазіргі уақытта  ақпараттық және интеллектуалды үдерістерде діндарлық пен сананың рөлі едәуір өсіп отыр.

Бүгінгі күнде еліміз үшін діни  тұрақтылық  пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да имамдар елімізде  тіркелген діни  бірлестіктердің  діни сенімі туралы хабардар болуы керек. Өйткені, дін  этностың ұлттық сана-сезімі мен мәдениетінің ерекшелігін ашатын фактор. Еліміздегі  діни  білім беру  орындары  болашақ имамдардың ұлттық  санасы  мен  рухани әлемін  қалыптастырып, отансүйгіштік, төзімділік рухында тәрбиелеп, әлемдік  және  дәстүрлі   діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Мемлекет пен дін  қатынасын, конфессияаралық және ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне және жауапкершілікке, діндер  мен мәдениеттер үнқатысуына, ұлыстардың ерекшелігін түсіну мен сыйлауға, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің адамзаттық  құндылықтық негіздерін білуге, зайырлы ұстанымға  сай  қызмет  жасауға  үйретуі тиіс. Бұл исламтанулық білім беру жүйесі үшін өзекті болып табылады.

 

Бағдат БЕЙСЕНОВ, философия  ғылымдарының  докторы

Аида ИГИСЕНОВА, философия  магистрі

Құдайберді БАҒАШАР,  Phd докторы

 

 

1 пікір
  • Бәсекеге қабілетті деген тіркесті жөнді-жөнсіз қолданатын болдық. Қадірін қашырып алдық. Имамдардың да бәсекеге қабілеттісі бола ма екен?
    7 жыл бұрын