Мұхтар атын неге мансұқтайды?
Мұхтар атын неге мансұқтайды?
5 жыл бұрын 2883 egemen.kz/
Ержан БАЙТІЛЕС

«Адам тағдыры – ныспысына байланысты» дейді білетіндер. Есім-сойға ежелден ерек қарайтын осы бір қазақы түсініктің өміршең екені де өтірік емес. Шыр етіп дүние есігін ашқанда аузы дуалы, сөзі уәлі адамға баланың атын қоюды аманаттайтынымыз да сондықтан шығар. Елге белгілі есімдерді балаға беріп, солардай болсын, мәуелі бәйтеректей өссін дейтініміздің сыры да осы тұста ашыла түспек. Әйтеуір, қазақ ат қоюға келгенде аса үлкен ыжда­ғаттылық танытады.

Юрий Никулин ойнайтын «Ко мне Мухтар» деген фильм есіңізде болар. Орыстың осы филь­мін көрген сайын жүйкеміз жұқарады. Қазақтың қастерлі есімін итке беріп, мақұлыққа Мұх­тар атын мансұқтағанына қаны­мыз қайнайды. Әуезовтен басталатын осы бір аяулы ат талай қазақтың бағын ашты. Мағауин, Шаханов болып жалғасады, осы есім. Құл-Мұхаммедті біз айтпай-ақ біліп отырсыз.

Бүгінгі ұрпақ біз айтқан фильм­ді білмеуі де мүмкін. «Ен­деше, есте жоқ ескі замандағы туындыны неге қозғап отыр?» дейтін шығарсыз. Мәселе былай: ресейлік НТВ телеарнасынан қазір «Возвращение Мухтара» деген сериал көрсетіліп жатыр. Бұл жаңағы біз айтқан фильмнің «немересі» іспеттес туынды. Яки, соның жалғасы тәрізді. Иісшіл ит бірталай қылмысты ашады. Адамнан да ақылды. Талай тағ­дыр­ды аман алып қалады. Қағы­лез. Қамқор. Қылмысқа жаны қас. Қаскөйді сонадайдан таниды. Қысқасы, мықты ит. Бірақ, соған қазақтың қастерлі атын қою қан­шалықты қисынды? Олар біз­дің Мұхтарлардың бәрін біледі емес пе?! Білмесе, бір сәрі. Әл­де, осындай қадамға саналы түрде барып, тұтас бір ұлттың мақ­таны­шы саналатын Мұхтар есімін қасақана мансұқтап отыр ма?

Ілгеріде Бағдат Жандосай деген шал өткен. Көзін ашқаннан қиыншылықпен өмір сүріпті. Голощекиннің қырғынын көзбен көрген. Сол туралы «Шошқаның құмы» деген де кітабы бар. Кезін­дегі «Лениншіл жаста» қызмет істепті. Сол кісі ит асырапты бірде. Алматыдағы саябаққа күн сайын күшігін қыдыртып, се­руендейді екен. Қазақтың сая­баққа баратыны сирек қой. Мей­рам күндері болмаса. Өзімен бірге орыстың шал-кемпірлері жүреді екен. Соларды көргенде итін «Иван, Иван» деп шақыратын көрі­неді. Итті «Иван» деп жатқан соң орыстар қарап тұрсын ба? «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген қазақы қағидатқа салып орыс ағайын намыстан шарт булығады. Шалға келіп соқ­тығысады. «Орыс­тың ең атақ­ты атын неге итке қойғансың?» деп салғыласады. Кеңестің қылы­шынан қан тамып тұрған кезі ғой. Өз үйің болса да, қожайынның кім екені белгілі. Иттің атын өзгертуді талап етеді. Сонда біздің қиқар шал қисайып алып сөз бастайды екен. «Сендер қазақтың қастерлі есімі, бүкіл ұлттың маңдайына біткен жұлдызы Мұхтардың атын итке қойып, сол туралы кино түсіресіңдер. Ал орыста екінің бірі Иван. Көп Иванның атын мен неге итіме қоймаймын?». Бағдат ақсақалдың дәлелді сөзі мен уәжіне дым дей алмағандар екі иығы салбырап, діңкесі құ­рып кете барады дейді көз көр­гендер. Ұлтты үндемей сүю деген осындай-ақ болар.

Қош, сонымен «Возвращение Мухтара» деген кино көрсетіліп жатыр. Бірақ, Бағдат Жандосай сияқты, бұған қарсылық білдіріп жатқан ешкім жоқ. Үйінің тө­бесіне табақша қойған әрбір қазақ «Мухтардың» тірлігіне қол соғады. Мәз болып көреді. Бірақ, Алаштың аяулы есімінің аяқасты болып жатқаны туралы ойланбайды. Неге?

Әгәрәки, өзге ұлттың атақ­ты есімін итке беріп жатса, олар қарсылық білдіретіндей бо­лып көрінеді. Қам-қаракетсіз жатпайтындай болып елестейді. Арыға бармай-ақ, Алатаудың арғы бетінде жатқан қырғыз ағайынның өзі намысын таптаттырмас еді. Ресейлік кинокомпания иттеріне не «Манас», не «Шыңғыс» деп ат берсінші, намыстан жары­лар­дай болсын. Былайғы кез­де бәріміздің ұлтшыл, елшіл, мемлекетшіл болып көрінгіміз келеді. Қабырғамыз қайысып қазақтың мұңын айтқан бо­лып, қабағымызды түйіп үстел тоқпақтап ұлттың сөзін сөй­леген кейіп танытамыз. Бірақ, тұтас ұлттың мақтанышы мен абыройына айналған азаматтардың аты аяққа тапталғанда ләм-мим демейміз. Бұл қайдан шыққан дәрменсіздік?...

 

4 пікір