Жеті тілек тілеңіз
Жеті тілек тілеңіз
8 жыл бұрын 9439
Темірқұлұлы Гулиддин
Бірінші тілек тілейік!
Бірлігін Хақтың білейік!
Өткінші мынау жалғанда
 Иманменен жүрейік!
 
Екінші тілек тілейік! 
Екіжүзді мұнапық
Қас қылғаннан сақтасын!
Адастырып халықты
Мейірімді жүректі
Тас қылғаннан сақтасын!
Жалған ағым жаңылған,
Дәстүрден, Діннен қағылған,
Қой терісін жамылған,
Қасқырлардан сақтасын!
 
Үшінші тілек тілейік !
Үш жүзім үшке бөлініп,
Бірлігім кетіп қалмасын!
Дүние үшін қырқысып,
Тірлігім кетіп қалмасын!
Көрінгеннің қолына
Кең байтақ мынау жеріміз
Кіндігім кетіп қалмасын!
 
Төртінші тілек тілейік! 
Төрт жағымыз тең болып,
Тәуелсіздігім мақталсын!
Төрт түлігі сай болып,
Халқымның көңілі шаттансын!
Егемендігі елімнің
Мәңгілікке сақталсын!
Тәуелсіз ұрпақ жадында
Құраны, Діні жатталсын!
 
Бесінші тілек тілейік!
Исламдағы бес парыз
Түгелімен орнасын!
Иман, намаз, ораза – 
Жан азығың, жолдасың!
Зекет беріп, қажыға
Барғанды Алла қолдасын!
«Оқымасам да намазды
Жүрегім – таза» дейтұғын
Сауатсыз жандар болмасын!
Бесенеден белгілі
Бес уақытылы бес намаз
Бірі де қаза қалмасын!
 
Алтыншы тілек тілейік !
Алты қанат ақорда
Бекем болсын іргесі!
Мешітпенен медресе
Шайтанменен нәпсінің
Шыдай алмас түрмесі!
Уағыз, насихат сағынған,
Жұма намазға ағылған,
Сауап іздеп сарылған,
Таза, тақуа жандардың
 Жәннат болсын жүлдесі!
 
Жетінші тілек тілейік!
Жетесізден сақтасын!
Жетім, жесір, ғаріптің 
Көз жасы бекер ақпасын!
Парақорлық, жемқорлық,
Әділетсіздік тоқтасын!
Күнәсіз туған сәбилер,
Шырылдап жерде жатпасын!
Құлқынын ғана ойлаған,
Дүниеге тоймаған,
Санасыз, суайт, сатқындар
Құндылығымды сатпасын!
Жаратқан Алла! Біздерге
Иман, Ислам, Ықылас бер!
Аша гөр Рақым қақпасын!
Ыждаһат, жігер, ілім бер!
Азғындарға қосылып,
Халқымыз кетіп жатпасын!
Парасат бер! Сана бер!
Дана баба үмітін 
Бүгінгі ұрпақ ақтасын!!!
1 пікір