«Лилләһи/Құдай үшін» ұғымының сыры
«Лилләһи/Құдай үшін» ұғымының сыры
3 жыл бұрын 7559

Әзіреті Әли (Алла одан разы болсын) бір күні түнімен құрма алқабын суғарып, ақысына біраз арпа алады. Фатима анамыз арпаның бір бөлігін үгітіп ұн жасап, одан тамақ әзірлейді. Тура ауыз ашатын кезде есікке бір пақыр келіп:

«لله /Лилләһи!» - деді. «Құдай үшін маған жейтін бірдеңе беріңдерші!» - деді.

Ол екі ақ көңілді жандар өздері аш бола тұра пісірген астарын сол күйі пақырға беріп жібереді. Екінші күні Фатима анамыз сол арпаның тағы бір бөлігін үгітіп, ас әзірлейді. Тағы да дәл ауызашар уақытында есікке жетім бала келеді. Ол да:

«Алла үшін бір үзім!» - деп өтінеді.

Тағы да өздеріне ештеңе қалдырмай түгел беріп жібереді. Фатима анамыз үшінші күні арпаның ең соңғы қалдығын үгітіп, пісіріп, тағы да ауыздарын ашар сәтте бір тұтқын есікке келеді. Қатты ашыққан екен. Риуаяттарға қарағанда ол мұсылман емес еді, христиан адам болған екен. Ол да:

«Алла үшін беріңдерші!» - дейді.

Тағы да өздері жемей соған беріп жібереді. Сөйтіп, оразаларын сумен ашады. Үш күн қатарынан өздері аш бола тұра есіктеріне үмітпен келген мұқтаждарды тойдыруды өз бастарының қамынан артық көрді.

Міне, Алла мен Оның пайғамбарына деген махаббаттың тамаша үлгісі. Ықылас пен тақуалықтың көрінісі. «Исардың» шарықтау шыңы. Бұндай адалдықты Жаратқан Иеміз қаншалықты бағалайтынын киелі аяттарымен білдірген:

«Олар өз жандары қалап тұрса да тамағын пақырға, жетімге және тұтқынға береді». («Инсан» сүресі, 8 аят).

Бұл аят бізге «لله/Лилләһи!» сырының байыбына барып, Хақ Тағалаға қалай құлшылық етуіміз керектігін үйретеді. Аллаға деген махаббатты көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұл аят - Фатима анамыз бен Әзіреті Әлидің мейірбандылығының, кеңдігінің және жомарттығының қаншалықты дәрежеде болғандығын, қандай болғандығын көрсетіп отыр. Мұны айта отырып, Алла Тағала дәл сондай қасиеттерді біздің де бойымыздан көргісі келетіндігін білдіруде.

Раббымыз бізді адам етіп жаратты. Жаратқандарының ішіндегі ең абыройлысы етті. Жер бетіндегі Өзінің өкілі етіп тағайындады. Исламмен және иманмен қадір-қасиет берді. Әзіреті Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үммет қылды. Осыншама кеңшіліктің, нығметтің, сыйдың қадірі мен бағасын айтып жеткізу мүмкін емес. Олай болса ең болмағанда шүкіршілікті дұрыстап атқару өте маңызды...  

Раббымыз ішкі дүниемізді бізден артық біледі. Әлгі Әзіреті Әли мен Әзіреті Фатиманың кең пейілін де ішкі жан дүниелеріндегі кіршіксіздіктерімен бірге Алла Тағала бағалаған болатын. Өйткені олардың көңілінде сол сәтте тек қана ««لله /Лилләһи!» деген ой бар еді. Олар ауыздарынан жырып беріп тұрып мына аятта айтқандай айтқан еді:

"Біз бұл асты Алла үшін беріп отырмыз. Сендерден рахмет айтуларыңды немесе ақысына бірдеңе қайтаруларыңды да күтпейміз". («Инсан» сүресі, 9 аят).

Олар ештеңеге алаңдаған жоқ. Тікелей Ұлы Құдайға ғана арнап бере салды. Өйткені хатты пошта қызметшісіне бергенімізбен, оның негізгі алушысы хатта жазылған мекенжайдағы адам болатын. Сондықтан да «инфақ» етерде (қайыр, садақа берерде) жүрегіміздің күйін дұрыс күйге келтіріп, арадағы «делдалдар» мен «негізгі мақсатты» шатастырып алмауымыз керек. Біздің алдымызда тұрған адам кім болса, ол болсын, бергеніміз тікелей Аллаға арналған әрекет. Сол себепті ниетіміз Алла үшін болса қабыл, ал басқа оймен болса, онымыз далаға кетеді. Сахабалар мен Алла достары, осы «لله /Лилләһи!» ұғымымен өмір сүрген адамдар. Олар үнемі өздеріне қимай, басқаға беруді таңдаушы еді. Осыған қатысты мына оқиғаны да бере кетелік:

Бір күні Дәуід Тай есімді әулие кісінің шәкірті Дәуід Тайға ет пісіріп әкеледі. «Ұстаз! Сіз неше күннен бері ет жемей жүрсіз мынаны сізге арнап алып келдім» - деп асты ұсынады.

Ол кісі етке бір, шәкіртіне бір, кезек-кезек парасатты дидарымен қарап тұрып:

- Балам, әлгі жетімнің қалдары қалай? – деп сұрайды.

Шәкірті:

- Тақсыр, олар сол бәз баяғыдай, - деп жауап береді.

Сонда Әзіреті Дәуід Тай:

- Балам! Мен мына етті жесем, біраздан соң шығып кетеді. Әлгі екі жетімге апарсаң Ұлы Құзырға қарай көтеріледі» - дейді де асты жетімдерге апарып беруін сұрайды...

  • Міне - «исардың» дәл өзі!
  • Міне - Расулалла секілді асылдың бойынан әулие пенделерге шағылысқан ахлақ (көркем әдеп, тәрбие) ұшқындары!
  • Міне - Әзіреті Әли мен Фатима анамыздың «لله /Лилләһи!» сырынан алған үлгілері!
  • Міне - дүниелік пайдадан бас тартып, мәңгілік табысқа қарай һижрет еткен көңілдер!...[1].

[1] О.Н. Топпаш: «Ықылас пен тақуалық». «Хикмет» баспаүйі.

1 пікір