Күнәһар жан — шайтанның тұтқынында
Күнәһар жан — шайтанның тұтқынында
3 сағат бұрын 141
islam.kz

Күнәнің ең ауыр жазаларының бірі — күнәға бой алдырған адамның әрдайым шайтанның құрығында, нәпсінің жетегінде және нәпсі қалауларының бұғауында жүруі. Ондай адам — матаулы құл, зынданға тасталған тұтқын секілді.

Дүниеде ең қас жауына қолды болған тұтқыннан асқан сорлы кім бар? Нәпсінің зынданынан асқан тар қараңғылық бар ма? Нәпсі қалауының шынжырынан асқан ауыр бұғау бар ма? Енді ойлап қараңызшы: осылайша маталып, зынданға қамалған, қол-аяғы тұсалған жүрек Аллаға қарай қалай қадам баспақ? Ақырет жұртына қарай қалай ілгерілемек? Ондай жүрек бір адым да алға баса алмайды.

Жүрек күнәмен тұсалған сәтте, оған жан-жағынан бәле-жала мен кеселдер үймелейді. Жүректің мысалы — ұшқан құс секілді. Құс көкке шырқап, биіктеген сайын қауіп-қатерден алыстайды, ал төмендеген сайын оны жердегі пәлелер аңдып, зәресін алады.

Хадисте: «Шайтан — адамның қасқыры (бөрісі)» делінген.

Иен далада бақташысыз қалған қой қасқырға қалай оңай жем болса, бойында Алланың қорғаны жоқ пенде де шайтанға дәл солай жұтылып кетеді. Ал адамды Алланың қорғауына алатын бірден-бір нәрсе — тақуалық. Тақуалық — адам мен шайтанның арасындағы берік қорған, мықты сауыт. Ол адамды бұл дүние мен ақыреттің азабынан қорғайды.

Қой шопанға жақын жүрсе, қасқырдан аман болады. Ал шопаннан алыстаған сайын, ажалға жақындай түседі. Қойдың ең қауіпсіз сәті — шопанның қасында болған кезі. Қасқыр да әрдайым отардан бөлініп, шопаннан алыс кеткен шеттегі қойды аңдып, отырады.

Бәрінің төркіні — Алладан алыстау

Осы айтылғандардың түп-төркіні мынада: Жүрек Алладан алыстаған сайын, оған пәле-жала мен күнә кеселі соғұрлым тез жабысады. Ал Аллаға жақындаған сайын, барлық кеселдер одан алыстай береді.

Алладан алыстаудың да бірнеше дәрежесі бар, бірінен бірі өткен ауыр:

  • Ғапылдық (бейқамдық) — жүректі Алладан алыстатады;

  • Күнә жасау — жүректі ғапылдықтан да бетер алыстатады;

  • Бидғат (дінде жоқ нәрсені діни қылып көрсету) — жүректі күнәдан да алысқа айдап әкетеді;

  • Екіжүзділік (нифак) пен Аллаға серік қосу (ширк) — бәрінен сорақысы осы1.

1 «әд-Дәуәд-Дәуә» кітабынан. 

0 пікір