Адамның жан тыныштығын ұрлап, жүрегінде наразылық пен бейберекеттілікті тудыратын ең басты кеселдер — өткенге өкіну, бүгінгі күнге наразы болу және болашақтан қорқу.
Кейбір жандар басына бір іс түссе, сол бақытсыздықтың мұңын айлап, жылдап арқалап жүреді. Түн ұйқысынан безіп, өткеннің көлеңкесімен өмір сүреді. «Әттең, бүйткенде ғой...», «Шіркін, сүйткенде ғой, бұлай болмас еді...» деп өзін де, өзгені де тауысады. Осындай сәтте бағзы заманда бір шайырдың:
«Шіркін-ай» деп шіренгенмен не пайда,
«Әттеген-ай» деуден ешбір пайда жоқ, — дегені еске түседі.
Сондықтан да бүгінгі күннің психологтары, әлеуметтанушылары мен ұстаздары адамға өткен күннің өкінішін ұмытып, бүгінгі күнмен өмір сүруді кеңес етеді. Сүт төгілді — қайта шелекке құя алмайсың, өткен күн — қайтып келмейтін кешегі күн.
Өткен іс өтті, келер күн беймәлім,
Бүгінгі сәтің — қолыңдағы барың.
Ағаш ұнтағын қайта аралаудың пайдасы бар ма?
Америкалық бір университет профессоры студенттеріне мынадай керемет мысал келтіріпті. Ол дәріс үстінде: «Араларыңда ағаш аралап көргендерің бар ма?» деп сұрайды. Студенттердің көбі қол көтереді. Содан кейін: «Ал араларыңда ағаштың ұнтағын (опилка) аралап көргендер бар ма?» дейді. Ешкім қол көтермейді. Сонда профессор: «Әлбетте, араланған ағаштың ұнтағын ешкім қайта аралай алмайды, өйткені ол қазірдің өзінде араланып қойған. Өткен өмір де дәл сондай. Болып кеткен іске бола уайымдау — араланған ағаш ұнтағын қайта аралағанмен тең!» — деген екен.
Бұл мысалды Дейл Карнеги өзінің «Уайымнан арылып, өмір сүруді баста» атты кітабында келтірген. Ол тағы бір ғұламаның: «Өткенге өкіну — тартылып қойған ұнды қайта тартумен бірдей. Одан еш пайда жоқ. Өкініш сізге тек бетіңізге әжім мен асқазаныңызға жара (язва) ғана сыйлайды» деген сөзін жазады1.
Бірақ, адам баласы әлсіз жаратылғандықтан, көбіне «болған іске болаттай бекіне алмай», өткен күнге жылап, «бармағын тістеп» қалады. Мұндай жанды жегідей жейтін мұң мен мағынасыз ойлардан алыс болатын адам — тек Раббысына деген иманы кәміл, Алланың тағдырына шын сенген мұсылман ғана. Мұсылман өткен істі «Алланың жазуы, бұл болуы керек іс еді» деп қабылдайды. Алланың үкіміне тек разылықпен, бойұсынумен ғана жауап береді2.
Нағыз мұсылманның ұраны әрдайым мынау: «Алла тағала солай жазған екен, Ол қалай қаласа, солай болады. Әрбір халге Аллаға шүкір болсын!».
Осы иманның арқасында ол өткенге өкініп өксімейді, мұңды естеліктердің тұңғиығына батпайды. Оған Алла Тағаланың мына аяты жеткілікті:
«Алланың рұқсатынсыз ешбір қайғы-қасірет келмейді. Кім Аллаға иман келтірсе, Ол оның жүрегін тура жолға салады. Алла — барлық нәрсені Білуші» («Тәғабун» сүресі, 11-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.у.) да былай деген:
«Қуатты мұсылман әлсіз мұсылманнан қарағанда қайырлы әрі Аллаға сүйіктірек. Бірақ әрқайсысында да жақсылық бар. Өзіңе пайдалы болған нәрсеге ұмтыл, Алладан жәрдем тіле және әлсіздік танытпа. Егер басыңа бір іс түссе: «Егер мен бүйткенде, былай болар еді» деуші болма. Керісінше: «Алланың жазғаны болады, Ол қаласа, солай болады» деп айт. Өйткені «егер» деген сөз шайтанның амалына жол ашады»3.
Бұл хадисте мұсылман баласына діни болсын, дүниелік болсын, өзіне пайдалы іске ұмтылу және сол жолда Алладан жәрдем тілеу бұйырылған, өйткені Алла Тағала оған себептерді әзірлеп, жолындағы кедергілерді жояды. Алла Тағала Құранда: «Саған ғана құлшылық қыламыз және Сенен ғана жәрдем тілейміз» («Фатиха» сүресі, 5-аят) деп үйреткен.
Бір шайыр айтқандай:
Егер жасқа Алладан болмаса демеу,
Алғашқы қадамының бәрі де бекер.
Бәрін тағдырға сілтей салу да жөн емес
Мұндағы тағы бір «әлсіздік» деп айыпталатын нәрсе — өз мойнындағы жауапкершілікті сезінбей, бәрін тағдырға сілтей салу да жөн болмайды. Ертедегі даналар: «Шарасыздықтың белгісі — бәрін тағдырға жаба салу» деген.
Жақын дәуірде өмір сүрген ойшыл-ақын мархұм Мұхаммед Иқбал бұл туралы керемет айтқан болатын. Ол өз сөзінде:
«Әлсіз мұсылман Алланың тағдырын сылтау етеді, ал қуатты мұсылман өзін — Алланың жеңілмейтін тағдыры мен өзгермейтін үкімінің бір бөлшегі деп біледі».
(Мүмін адам бойындағы күш-жігер мен қабілеттің бәрін Алла бергенін жақсы түсінеді. Сондықтан қол қусырып отырмай, үнемі алға ұмтылады, жақсылыққа әрекет етеді. Өзінің осы талпынысы мен батыл қадамдарын — Алланың сәттілікке бастайтын тағдыры деп біледі. Ол құр бекер күтіп отырмайды, бірден іске кіріседі. Өйткені оның осы белсенділігі мен еңбектенуі де — тағдырдың бір бөлшегі екендігіне сенеді.
Қорытынды
Пайғамбарымыздың (ﷺ) мұсылманға берер басты өсиеті — басына дүниенің бір қиындығы мен сынағы түскенде (ал бұл өмір сынақтан тұрады), өткен іске өкініп, өзін тауыспау. Таңнан кешке дейін мұңын шағып, «әттең, бүйткенде ғой» деп өкініш отына өртенбеу. Керісінше, істің нәтижесін Алланың тағдырына тапсырып: «Алла жазды, Оның қалағаны болды» деу маңызды. «Алланың әр ісінде бір қайыр бар» деп, болашаққа сеніммен қарау да, еңбек етіп, жасау және өндіру де дініміздің тағлымдарынан.
«Егер де, егер де» деп бос қиялмен өмір сүрмеу керек. Өйткені, өткенге өкінетін «егер» деген сөз — шайтанның азғыруына есік ашады. Ал шайтанның жетелеген жерінде шығын мен бақытсыздықтан басқа ештеңе жоқ.
islamonline.net, қазақшалаған islam.kz