Отбасында әйелдің көңіл бөлуі керек мәселелер
Отбасында әйелдің көңіл бөлуі керек мәселелер
3 жыл бұрын 11489

Бәрінен бұрын, әйелдер құлшылық пен тақуалыққа көңіл бөлулері қажет. Осы тұрғыда намаз бен ораза сияқты ғибадаттарға көңіл бөлулерімен қатар, халал мен харамға мұқият назар аударулары қажет.

Жанұядағы әйелдің тақуалығы мен туралығы жұбайы мен балаларын, туыстарын, әріберіденсоң көршілерін жақсылық пен қайырымдылыққа баулитындай болуы керек. Салихалы әйел айналасына шаттық тарататын жәннат иісті гүлдей.

Әйелдер үшін Аллаға құлшылықтан кейінгі ең маңызды міндет – отағасы мен жанұя мүшелерінің көңілін тауып жүру. Күйеулерін разы қылып, жанұя бақытына көлеңке түсірмей алып жүру әйелдерге Аллатың разылығын әпереді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (саллАллау алейһи уә сәлләм):

«Салихалы әйел жүзіне қараған кезде жұбайын қуантады, күйеуінің адал қалауларын орындайды және ол болмаған кезде оның малы мен намысын қорғап отырады», - деген. (Ибн Мәжә, Неке, 5/1857)

Олай болса, әйел жұбайын разы қылу жолдарын іздеп табуға, оның көңілін аулауға ден қойғаны жөн.

ТАЗАЛЫҚ

Үй ішінде өзіне жақсы қарап, таза да сүйкімді болып жүруге тырысуы тиіс. Кез-келген еркектің көзінде әйелдің салақ, қалай болса солай жүруі - оның абыройының түсіп кетуі үшін жеткілікті.

Әйел күйеуінің қасында жағымсыз кейіп танытудан аулақ болғаны жөн. Үйінде іздегенін таба алмаған адамның көңілі сыртқа ауып, қате жолдарға түсіп, түбінде жанұясының бақытын қатерге тігуі мүмкін. Сондықтан әйел терілген хош иісті әртүрлі гүл шоғындай жайнап, жұбайына бақыт пен көңіл-күй сыйлай білгені жақсы. Күйеуі кештің батуын асыға күтіп, жұмыстан үйіне жеткенше, асығатындай болуы керек.

Салихалы әйелге жарасатыны – күйеуін есіктен күлімдеп қарсы алып, үйден шығарда жақсы сөзбен, ізгі дұғалармен шығарып салу. Шаршап тұрған күнде де мұнысын білдірмей, бетін тыржитып тұрмауға тырысқаны жөн.

Күйеуінің туындаған мәселелерін бөлісіп, шаршауын басуына қолынан келгенше көмектескені дұрыс.

ШАҒЫМДАР

Шектен тыс, қажетті-қажетсіз шағымданулар мен түкке тұрғысыз нәрселерге ренжіп, тырысмен бір-бірінің көңілін түсіріп, берекесін қашырмаулары керек. Бұл тұрғыда ардақты сахабалардың бірі Үммү Сүләйімнің күйеуіне көрсеткен мәмілесі қандай үлгілі! Баласы қайтыс болған кезде бұл оны күйеуіне қызмет етуден бөгемеген болатын. Әбу Талханың ауыр науқас ұлы өзі үйде жоқ кезде қайтыс болады. Үммү Сүләйім баласы қайтыс болғаннан кейін оны жуындырып, кебіндейді. Әбу Талха келгенде:

«– Бала қалай?» деп сұрады. Үммү Сүләйім:

«– Баланың ауырғаны басылды, тыныш дем алып жатқан болар» - деді. Үммү Сүләйім үйдегілерге:

«Әбу Талхаға ұлының қайтыс болғанын мен өзім айтқанша, айтып қоймаңдар!» деп, қатаң ескертті. Сосын күйеуінің тамағын алып келді. Әдеміленіп, күйеуінің қасына келді.

Кешкісін жатып, тынықты. Таң атқан кезде Әбу Талха үйден шығуға әзірленіп жатқан кезде ақылды да тақуалы әйелі оған:

«– Әбу Талха, мына көршіміздің не істегенін қарашы! Бізден уақытша алған аманатын сұраған кезімде қайтарып бергісі келмеді» - деді.

Әбу Талха:

«– Сөйтуге бола ма, дұрыс істемеген екен!» - деп жауап берді. Сонда Үммү Сүләйім:

«– Әбу Талха, ұлың сенің қасыңа Алла Тағала табыстап қалдырған аманаты еді, оны қайтарып алды» - деп айта қойды. Әбу Талха бірден абдырап қалды, біраз үнсіз тұрды да, сосын:

«Біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға кері қайтамыз» деуге ғана шамасы келді. Намаз оқу үшін мешітке барған кезінде болған жағдайды Хазіреті Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтып берді.

Алла Расулы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Алла осы түндеріңді мүбәрак қылсын!» - деп дұға жасады. Сол дұғаның берекетімен арадан бір жыл өтпей-ақ, Алла бұл отбасыға тағы бір ұл бала сыйлады. Пайғамбарымыз сол жаңа туған балаға құрма шайнап беріп, дұғасы мен батасын берді. Балаға Абдұлла деп ат қойды. Және де сол дұғаның берекетімен Абдұлланың 7-9 баласы болып, барлығы түгел Құран хафыздары болғандығы риуаят етіледі (Бұхари, Жәнәиз 42, Ақиқа 1; Мүслим, Әдеп 23; Фәдайлүс-сахаба 107) .

Салихалы әйел бірлігі мен ынты-мағы жарасқан отбасы болуы үшін жұбайымен қарым-қатынастарында тағы да қандай нәрселерді естен шығармауы керек?

Күйеуін еш уақытта қараусыз қалдырмауы, отбасы мүшелерінің алдында оны екінші орынға қоймауы керек. Бұл жаратылысқа қайшы болатындықтан, ер адам мұны еш уақытта қабылдай алмайды.

Біреуді разы ету үшін оны ең алдымен жақсылап танып алу керек. Сондықтан әйел жұбайын түсінуге, оның қалауларын, неге қызығатынын, сезімдерін және нені ұнатып, нені ұнатпайтындығын біліп, онымен барлық сезімдерін бөлісіп, одан ажырап суып кетпеуі тиіс. Еркек те өз алдына әйеліне дәл сондай мәміле көрсетуі тиіс. Егер олар бір-бірін елеусіз қалдыратын болса, өмірлік жолдастықтың табиғи қажеттелігі болып табылатын «ортақ әңгімелері мен қызығушылықтары» таусылып, уақыт өткен сайын бір-біріне суып кетеді.

Уақытында алдын алмаса, заман ілгерілеген сайын бұл - отбасы бірлігіне кері әсерін тигізіп, жұбайлар арасындағы махаббат пен сыйластықтың орнына жек көрушілік пен өшпенділік жайлап алуы әбден мүмкін. Мұның ең жаман мезгілі – кәрілік кезі. Бір шатырдың астында қаншама жыл бірге тұрса да, бір-бірін түсінуге, тануға тырыспаған адамдардың әбден қартайғанда ажырасуы – қайғылы жалғыздық пен орны толмас өкініш пен қасірет.

ҚОЛДАУ

Әйел адам өз жұбайының қайырлы да адал істерінің барлығында қолдау көрсетіп, көмекші болғаны дұрыс. Оның туыстарына да құрмет көрсетуден аянбауы керек. Егер таңдау немесе пидагершілік жасау керек бола қалса, оның туыстарын қолдауы керек...

Жанұя табалдырығын ақ жаулықпен аттап кірген күнінен бастап, сол отбасын бақыт пен шаттыққа толтырып, сол есіктен аппақ, кіршіксіз кебінмен мәңгілік сапарына аттануы қажет. Осы сипаттарға сай Хазіреті Хадиша анамыздың (Алла одан разы болсын) сабырлылығын, түсінігі мол ақылын, пидагершілігі мен тағдыр алдындағы жуастығын Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір бойы ұмытпай, тек жақсылықпен есіне алып жүрген.

Қысқасы, сүйікті болғысы келген адамдар сүйе білуі керек. Сый көргісі келетіндер сыйлай білуі керек. Пидагершілік таныту керек. Сонда алдынан тек жақсылықтар мен сыйлар тосып тұрады. Бірақ, жанұяда бұлар ең алдымен әйелдің бойынан табылуы керек. Ақылы бар әйел – күйеуіне өзін жақсы көргізе алған әйел, осылай өз бақытының жолын тапқан әйел. Хадисте айтылғандай:

«Күйеуі өзіне разы болған күйде қайтыс болған әйел жәннатқа кіреді». (Тирмизи, Рада 10; тағы қрңз.: Ибн Мәжә, Неке 4).

Бұл хадис шәриф әрі салиқалы әйелдің отағасын разы еткен жағдайдағы алатын сыйы жайында баян етеді, әрі жанұяда еркектің орны мен әйелдің әдебі жайында сыр шертеді.

Еркек сыртта еңбектеніп, ақша тапқан кезінде тапқан табысының халал болуына өте мұқият болып, өзінің қайдан ақша тауып келіп жүргенінен қаперсіз жүрген әйелі мен балаларына харам немесе күмәнді ас жегізбеуге тырысып бағуы тиіс.

Тағы бір хадис шәрифте:

«Адамның көркі иманында, мәрттігі мен абыройы – ақылында, тектілігі мен сұлулығы – алған тәрбиесінде», - делінген.  Осылай дей отырып, Алла елшісі жұбай таңдау барысындағы назар аударарлық сипаттарға нұсқау жасайды. Салиқалы әйел тек өзінің отағасын сүйіп, құрметтеумен ғана шектелмей, оның туыстары мен дос-жарандарына да дін рұқсат ететін өлшемде жақын бола білуі қажет. Себебі, әйелінің оларға құрмет етуі күйеуін разы қылары сөзсіз. Бірақ мұнда абай болатын бір мәселе бар. Ол – Ислам белгілеген махрамдық шектерге мұқият болу. Әйел үйде жалғыз отырған кезде арада неке түсетін ер адамды үйіне кіргізіп, оңаша отырмауы керек. Бұл өте маңызды. Ешкім адалдық пен күнәсіздік бетпердесін тағып алып, махрамдық шегін бұзбауы керек. Әсіресе әйел адам өз арына сөз тиюіне жол беретін әрекеттерден аулақ болғаны дұрыс. Өйткені, әйел аппақ киім сияқты. Оның бойын кішкентай да кір шалса, ол көзге батып тұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) күмән ұялататын жағдайлардан алыс тұрғанды қалайтын: «Күмәнді жерлерде отырмаңдар!» - деп айтатын.

Тағы бірде түн уақытында Алла Расулы жұбайларының бірімен көшеде келе жатқанда алдарынан шыққан Ансарлық (Мединелік мұсылмандар) екі кісіге жанындағы адамды таныстыру мақсатымен:

«Бұл аналарың Сафия бинт Хуей» - деп айтқан болатын.

Әлгі сахабилердің:

«Расулының ыңғайсыз істер жасауынан Аллаты пәктейміз, уа, РасулАлла!» деген сөзіне:

«Шайтан адамның тұла бойында қан сияқты айналып жүреді. Оның сендердің жүректеріңе жаман ой немесе күмән тастауынан қорқамын» -  деді. (Бұхари, Иғтикәф 11; Мүслим, Сәлем 23-25). Осылай адамдардың көкейіне күмән қалуына себеп пен сылтау бермеуді ескерткен болды.

Әйелдер күйеулерінің адал жұмыстарында үнемі қастарынан табылуға тырысқаны абзал. Сонда ерлерінің көңілі жұбанып, құлшыныстары арта түседі. Бәріміз білетініміздей, қайыр мен жақсылықтар бөліскен сайын арта түседі. Бәлекет пен қайғы-қасіреттер бөліскен сайын азая түседі. Жұбайлар әрі осы дүние сапарында, әрі ахірет сапарында бір-біріне жолдас екенін ұмытпағандары жөн. Бұрын әрқайсысы өзінің жеке өмірін сүрген болса, үйлену арқылы олардың өмірі де, тағдыры да ортақ болады. Олай болса, ортақ өмірдің қажеттіліктеріне абай болып, бірінің аяғы сүрінсе, екіншісі сүйеу болып, қолынан ұстап, аяққа тұрғыза білуі керек.

Әйел өз күйеуінің қабағын аңдып, қандай да бір мәселеде оның ашу кернегенін байқаған кезде мәселені үлкейтіп, салғыласуға апармауы керек. Өйткені ұзақ уақыт беріле сөз таластыру арадағы махаббат пен сыйластық сезімдерін жаралайды, отбасы тыныштығына қара бұлт төндіреді. Мұндай жағдайларда әйелдер күйеулерінің алдын кеспей, өзіне тоқтау салып, салмақтылық танытқаны абзал. Соңында күйеуі де қатесін түсініп, әйелінің алдына құрметпен өзі келеді. Олай етпесе, күйеуі өзінікі дұрыс емес екенін көре алмай, араларына кірген шайтан екеуінің де жүрегіне өшпенділік пен дұшпандық дәнін сеуіп кетеді.

ОРЫНСЫЗ ҚЫЗҒАНЫШ

Жұбайлар арасындағы тағы бір мұқият болатын жәйт – бірі-біріне сенімсіздік таныту мен орынсыз қызғану мәселесі. Адамдардың көңіліне ең көп қаяу түсіретін нәрселердің бірі – өзара сенімсіздік танытулары. Егер бұл мәселеде нақты себеп бар болса, бірін-бірі айыптамай тұрып, отырып сөйлесуге тырысулары керек. Керісінше, ұсақ-түйек нәрселерді үлкейтіп, түймедейді түйедей етіп, үлкен мәселеге айналдырудың мүлде қажеті жоқ.

АҚЫЛЫНА АҚЫЛ ҚОСУ

Кейбір оқиғалар орын алғанда адамдардың көрегендігі мен ішкі парасаттылық сезімдері байланып қалуы, ұмытып немесе қателесіп қалуы мүмкін. Күйеуі өзімен ақылдасуға келген кезде әйелі барлық ықыласы мен пейілін ортаға салып, жақсы ниетпен оның жанынан табылуы керек. Мұндай кездерде бар білгенімен ақыл қосуға ат салысқаны жөн. Ең жақын сырласы болғаны жөн. Ер мен әйелдің бірін-бірі толықтырып тұратын жарты бөлшектер екенін ұмытпау керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайлары да реті келгенде өз ойларымен Пайғамбарымызға ақыл қосқан кездері болған.

Мысалы, Хұдайбия келіссөзі оқиғасы барысында сахабалар жасалған келіссөздің кейбір тармақтарына ризашылық танытпай, Пайғамбарымыздың әмірін орындаудан тосылып, кідірген кездерінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатты көңілі түскен болатын. Сол кезде, өзімен бірге барған жұбайы Үмму Сәләмә анамыз Расулұлланы жұбатып, өз бұйрығын ешкімнің орындауын күтпей, өзі шығып істей беруіне ұсыныс жасады. Себебі ол Хазіреті Пайғамбар шашын қиып, ихрамнан шықпайынша, Хұдайбия келіссөзі шарттарынан қайтуы мүмкін және сол себепті сахабилер күтіп отырған еді. Өйткені олар сырт көзге Хұдайбия келіссөзінің хикметін түсіне алмаған, сондықтан одан бас тартады деп күтіп отырған болатын. Ақыры, Үммү Сәләмә анамыздың өте парасатты ақылы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) шашын қиып, ихрамнан шықты. Мұны көріп отырған сахабилері де бастарын салбыратып, ихрамнан шыға бастады. Сөйтіп, бұл мәселе келеңсіз нәтижелерге апармай шешімін тауып, аяқталды...  

Бірақ осы жерде айта кететін маңызды жайт бар. Әйел қандай тақырыпта болмасын кеңес кезінде өз пікірі дұрыс болған жағдайда да тәкаппарланбауы керек. Күйеуіне қандай мәселеде болсын, ақылын қосқан кезде әдептен аспай, оған құрметсіздік көрсетпей, сенбеушілік танытпай, өзімсініп, өз ақыл айту мансабына кіріп кетпеуге тырысуы керек. Өйткені ер адамдар әйелдің ақыл айтқанын онша жақтыра бермейді. Сондықтан шынайы салихалы әйел Аллатың өзіне берген даналығы мен ақылын күйеуінің намысына тиіп кетпейтіндей, орынды пайдалануды жақсы білуі керек...

Сондай-ақ әйел адамның күйеуіне басқа адамдардың көзінше ақыл айтуға тырысуы да әдеп қағидаларына жат қылық. Ерінің ісі мен сөзі қаншалықты қате болса да, күйеуін елдің көзінше масқара етіп, кемшілігін сыртқа жар салмауы керек. Күйеуінің осындай қылық көрсеткені, әрине, қате. Өйткені Құран аяттарында:

«Әйелдер сендер үшін, сендер де олар үшін киім сияқтысыңдар» (Бақара, 187) делінген.

Әйел адамның күйеуін елдің көзінше жамандағанындай, күйеуінің көзінше басқа еркекті мақтағаны да, әрине, орынсыз іс. Әйел күйеуін ешкімге, тіпті, өз ата-анасына да жамандап бармағаны абзал. Оны ешкімнің алдында жер қаратпағаны дұрыс. Араларында түсініспеушілік болса, оны сыртқа шығармай-ақ, өз араларында шешуге тырысқандары жөн. 

БАҒАЛАУ

Айналамызда көріп жүргеніміздей, кейбір отбасыларда екі жақтың бақыт таба алмауының себебі көбіне әйелдердің күйеулерін, немесе күйеулердің өз әйелдерін бағаламауы болып табылады. Шын мәнінде, ерлі-зайыптылар бір-біріне жәннат та, тозақ та болуы мүмкін.

Қорыта айтсақ, Аллаға құлшылығын жалғастыра отырып, жұбайының адал талаптарын орындап, оның разылығын алып жүрген әйел нағыз салиқалы әрі жәннат жолына түскен әйел.

Бақытты отбасында әйелдердің міндеттері жайында ең соңғы айтқым келетін нәрсе:

«Ұяны салатын ұрғашы құс» екенін ұмытпасын. Әйелдер осы ақиқатты ақылымен ұғына отырып, өз міндеттерін орындап, тиісті мәміле құрған жағдайда отбасы ұялары жәннатқа айналды дей беріңіз. Ал күйеулері де өз кезегінде соның бәрінің қадірін біліп, сақтай билу керек. Ол жайында келесі жазбамызда.

"Дүниедегі жәннәт - тұғырлы отбасы" атты кітаптан. 
О.Н. Топпаш. (Аударған: Х. Өтүрік, Ә. Ануарбек).

Ықшамдап алынды.

0 пікір