ИСЛАМДАҒЫ ДІН БАУЫРЫНА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК
ИСЛАМДАҒЫ ДІН БАУЫРЫНА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК
3 ай бұрын 2697

Алла Тағала Құран Кәрімде мүминдердің бір-бірімен бауыр екендігін баяндаған[1]. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да дін бауырлары арасында қуатты махаббат байланысы орнамайынша кәміл иманға жетудің мүмкін еместігін айтқан.

Мұндай махаббатқа қол жеткізу үшін үмбетіне өз араларында сәлемді жаюды өсиет еткен[2].

Мүминдердің бір-бірін жақсы көрулері –Алла Тағала разы болатын жақсы қасиеттердің бірі. Сондай-ақ, екі дүниеде де бақытты болу осы шынайы махаббатқа байланысты. Осы орайда, Әлемнің мақтанышы мырзамыз былай деген:

«Қиямет күні Алла Тағала былай деп бұйырады: Менің әміріме мойынсұнып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Аршымның көлеңкесінен басқа ешбір көлеңке болмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын» (Мүслим, Бирр 37).

«Алла Тағала: «Менің разылығым үшін бір-бірін сүйгендерге, тіпті пайғамбарлар мен шәһидтердің өзі қызығатын[3] нұрдан жасалған мінберлер бар» деді» (Тирмизи, Зүһд 53/2390).

Келесі бір хадисте Алла Тағаланың көлеңкесінен басқа ешқандай көлеңке болмайтын қиямет күнінде Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көретін және сол мақсатта кездесіп, сол мақсатта айырылысатын екі дін бауырдың Арштың көлеңкесінде паналатылатындықтары айтылған[4]. Әрине, бұл қиын-қыстау күндерде болатын бауырластық жайында айтылып тұр. Мүмин бауырлардың бір-бірімен ренжісулері ешуақытта қабыл етілмейтін әрекет. Бұл жайында Расулулла (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) былай дейді:

«Кез келген мүминнің дін бауырымен үш күннен артық ренжісіп жүруі халал емес. Үш күн өткен болса, онымен кездесіп, оған сәлем берсін. Егер сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Ал егер сәлемін алмаса, сәлемді алмаған кісі күнәһар болады. Сәлем берген кісі реніші басылып, райынан қайтқан болып есептеледі» (Әбу Дәуіт, Әдеп 47/4912).

«Кімде-кім дін бауырына ренжіп, онымен қарым-қатынасын бір жыл үзсе, оның қанын төккендей күнәға ие болады» (Әбу Дәуіт, Әдеп 47/4915).

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтуы бойынша дүйсенбі және бейсенбі күндері құлдардың істеген амалдарыАлла Тағалаға ұсынылады екен. Дін бауырымен (арасында) дұшпандығы болған кісіден басқасы және Аллаһқа серік қоспаған әрбір құлдың күнәлары кешіріледі. Періштелерге:

«Мына екі адамның кешірілуін бір-бірімен табысқанға дейін кешіктіріңдер» деп ескертіледі». (Мүслим, «Бирр» 35-36, Әбу Дәуіт, Әдеп 47).

Бір күні Расулулла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Муғаздың (радиаллаһу анһу) қолынан ұстап тұрып:

– Ей, Муғаз! Аллаһқа ант етейін, мен сені шынымен жақсы көремін, - деді. Сонда Муғаз (радиаллаһу анһу):

– Ата-анам саған құрбан болсын, уа, Алланың Елшісі! Мен де сізді өте жақсы көремін! - деп жауап қайырды. Кейін Алланың Пайғамбары оған:

– Ей, Муғаз! Әр намаздың соңында: «Аллаһым! Өзіңді зікір етуіме және Өзіңе шүкірлшілік қылуыма әрі жақсылап құлшылық жасауыма жәрдем бер!» деген дұғаны айтып жүруіңді өсиет етемін, - деді (Ахмед V, 244-245; Әбу Дәуіт, Үтір 26; Нәсай, Сәһу 60; Тирмизи, Зүһд 30).

Алланың Елшісі Муғазды (радиаллаһу анһу) дін бауыры ретінде жақсы көрді. Әрі соның дәлелі ретінде мүмин бауырына пайдалы өсиеттер айтқан. Қандай кіршіксіз бауырмалдылықтың көрінісі десеңізші!..

Хазірет Пайғамбарымыз дін бауырынАлла разылығы үшін сүюдің пендені Алланың сүйіспеншілігіне лайық ететінін баяндай отырып төмендегі оқиғаны риуаят етеді:

«Күндердің бірінде бір кісі көрші ауылдағы досының хал-жағдайын сұрау үшін жолға шықты. Алла Тағала оны сынау үшін алдынан бір періштесін жібереді. Әлгі кісі періштенің қасына жақындағанда, періште одан:

– Қай жаққа бара жатырсың? - деп сұрады.

Ол кісі:

– Анау ауылда дін бауырым бар еді, соны көруге бара жатырмын, - деп жауап қайырды.

Періште:

– Ол бауырыңнан саған тиетін қандай да бір пайда бар ма? - деді.

Ол:

– Әрине, пайданы көздеп тұрғаным жоқ. Мен оны текАлла разылығы үшін жақсы көремін. Оған баруымның себебі де – сол, - деді.

Сонда періште:

– Сен оны қалай жақсы көрсең, Алла та сені солай жақсы көреді. Мен осы сүйінші хабарды жеткізу үшінАлла Тағаланың саған жіберген елшісімін, - деді (Мүслим, Бирр 38; Ахмед іі, 292). 

Сахаба Абдулла ибн Омар (радиаллаһу анһу) алтын ғасырдағы сахаба кемелдігін мына бір тамаша сөздерімен жеткізеді:

«Біз сондай кездерге куә болдық, арамыздан ешкім алтын мен күмісті мұсылман бауырынан артық деп есептемейтін. Ал қазір сондай бір заманда өмір сүріп жатырмыз, алтын мен күмісті мұсылман бауырымыздан артық жақсы көреміз» (Хайсами Х, 285)...

Қысқасы,Алла Тағала дін бауырлардың бірін-бірі жуатын екі қол сияқты болғандарын қалайды. Алла разылығы үшін болған шынайы достық – денелері екі бөлек екі түрлі адамның бір жүрекпен өмір сүруі демек. Дін бауырластығы деген жауапкершілікті сезімталдықпен, жанқиярлықпен атқаруға жан салып жүргендердің өмірі жалған дүниеден өткен соң да жалғаспақ. Олар әруақыт жақсылықпен ескеріліп отырады. Құдды, Мұһажирлер, Ансарлар және олардан кейін өмір сүрген мұсылмандар арасындағы көңілін қайырымдылық жолына арнаған шынайы мүминдер іспетті...

Әсіресе бүгінгі күні һидаят жолын іздеушілерге, әлжуаз топ өкілдеріне, жетімдер мен зағип жандарға махаббатқа толы құшақ жайып, мейірімділікпен қарау – Алланың разылығына бөлейтін ең маңызды бауырластық міндетіміз.  

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.
Авторы: О. Н. Топпаш.


[1] Хұжұрат сүресі, 10-аят.
[2] Мүслим, Иман 93-94.
[3] Хадис түсіндірмешілердің айтуы бойынша, «пайғамбарлар мен шәһидтер қызығатын» деп  айтылудың  мақсаты  –  бұл  топтағы  адамдардың  пайғамбарлар  мен  шәһидтерден де  жоғары  екендігін  білдіру  емес,  бір-бірін  Аллаһ  үшін  сүйгендердің  артықшылықтарын, ақыреттегі мәртебелерінің биік екендігін нақтылау жолымен баяндау.
[4] Бұхари, Азан 36.

0 пікір