"Мұсылман қауымының шүкір етуі керек екі үлкен нығмет бар"
"Мұсылман қауымының шүкір етуі керек екі үлкен нығмет бар"
3 жыл бұрын 7059
Шейх Юсуф әл-Қардауий

Сауал: Мұсылман адамның әрдайым Аллаға шүкір етуі керек екі ұлық нығмет қайсы?

Алла Тағаланың мұсылмандарға деген рақымы мен оларға деген нығметінің толықтырылуы ретінде саналатын екі нығмет бар. Сол екі нығметпен осы ақырғы үмбет ерекшеленеді. Құран Кәрімде айтқандай: «Алла рақымын қалағанына арнайды. Ол - зор кеңшілік иесі». («Бақара» сүресі, 105 аят).

Бірінші нығмет: Құран Кәрімнің мәңгі-бақилығы 

Бірінші нығмет - бұл діннің негізгі қайнар көзі болып саналатын Құранның Алла Тағаланың қорғауының арқасында сақталып, өмірлік болуы. Бұл - үлкен нығмет.

Мұхаммед үмбеті – ақырғы үмбет. Ол - Алла Тағала соңғы жолдауын аманаттаған үмбет. Бұл үмбетке келген пайғамбардан кейін басқа пайғамбар болмақ емес. Ол үмбеттің Құранынан кейін басқа қасиетті кітап келмек емес. Бұл үмбетке келген діннен кейін басқа шариғат келмейді. Бұл үмбеттің қасиетті кітабының қорғалуы - одан бұрынғы келген қасиетті кітаптар секілді үмбеттің өзіне міндеттелмеген. Оның қорғалуын Алла Тағала өз міндетіне алған. Алла Тағала қасиетті сөзінде былай дейді:

{إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ} (الحجر:9)

«Шынында Зікірді (Құранды) біз түсірдік. Және оны қорғайтын да бізбіз». («Хужурат» сүресі, 9 аят.)

Құран Кәрім – осы үмбеттің бірінші негізгі іргесі. Мұсылмандардың сенім негіздері мен шариғат үкімдерінің, сондай-ақ, ұстанар жолының бірінші қайнар бұлағы.  

Алланың "Құранды сақтаймын" деген бұл уәдесін, тарих толығымен растады. Құранның түскеніне 14 ғасырдан астам уақыт өтсе де Ол бәз қалпында. О баста Алла Тағала түсіргенде қандай болса, сондай. Пайғамбардың сахабаларына оқығаны не болса, қазіргі біз оқып жатқан Құран сол. Әзіреті Осман кезінде кітапқа жазылған түрі қандай болса, қазір де сол. Құран кітабы қаншама ұрпақтың көкейінде сақталып, тілінде оқылып, кітабында жазылып - ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр.

Ондаған, тіпті жүздеген мың ұрпақтың жаттап, көкейінде сақтап жүретін Құран сияқты әлемде басқа кітап жоқ.  

Құранның сақталуы, Имам Шатыйби айтып кеткендей, сүннеттің де сақталуын қамтиды. Өйткені сүннет – Құранның теориялық әрі практикалық түсіндірмесі. Өйткені мүбинді сақтау, баянды (түсіндірмесін) сақтауды да бірге қамтымақ. (Яғни, Құранның нығмет болуы, хадис пен сүннеттердің нығмет болуын қамтиды).

Екінші нығмет: Пайғамбар өмірбаяны

Бұл үмбетке берілген екінші үлкен нығмет ретінде - Пайғамбарымыздың өнегелі өмірбаянын айтар едім (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Пайғамбардың өмірбаяны – сарапшы ғұламалардың анықтап, қағаз бетіне түсіріп әңгімелеген, өзіндік ерекшеліктері бар ерекше өмірбаян. (Осы орайда айта кетейін, "сияр" кітаптарының ішіндегі ең мықты еңбектің бірі ретінде ғалым Сүлеймен ән-Нәдуидің дәрістерін айтар едім. Оны үрді тілінен араб тіліне Мұхиддин әл-Хотыйб аударып, кейін оны «Мәктәбәтуссәләфия» баспасы «Мұхамметтік жолдау» (әр-Рисәләтуль Мұхаммадия) деген атпен кітап қылып басып шығарды. Ол оқылуы керек еңбек...).

Пайғамбар өмірбаяны – ғылыми зерттеліп жазылған өмірбаян. Ол - нақты тарихи мәліметке сүйеніп жазылған дерек. Туылғанынан, қайтыс болғанына дейінгі кезеңдерді қамтитын толық өмірбаян топтамасы.

Онда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаянындағы оқиғалар мен жағдайлар суреттеледі.

Ол – біздің оны оқып отырып, Ислам дінінің тірі күйіне куә болатын, Құранды ашып түсіндіретін және Ислами құндылықтардың адамдар арасында екі аяғымен жүргеніне куә болатын үйлесімді кәміл өмір. Ол – қасиетті Құранның іс жүзіне асырылған өмір. Олардың өздерінен Пайғамбар жіберген Алла Тағала оның қадірін білсін деп былай деген:

"Оларға Алланың аяттарын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап пен даналықты үйрететін (пайғамбар жіберді). Олар одан бұрын ашық адасуда еді). («Әли Имран сүресі, 164 аят).

Басқа бір аятында Алла Тағала былай деп айтады:

«Шынында сендер үшін, Алладан және ақырет күнінен үміті барлар үшін әрі Алланы көп еске алатындар үшін, Алла елшісінде көргем өнеге бар!» («Ахзаб» сүресі, 21 аят).

Яһуди дінінде болсын, христиан дінінде болсын, немесе өзге дін өкілдерінде болсын - мұндай тірі де,  жанды, өмірдің әрбір қырын, әрбір саласын қамтыған пайғамбар өмірбаяны жоқ. Мысалы, Пайғамбар өмірбаяны тақырыбында жазылған кітаптардағы ішіп-жеу мәдениеті, киім кию, үсті-басын дұрыстау, ұйықтау, ұйқыдан ояну, жолаушылық кез және жолаушылық емес кез, қуаныш пен қайғы, ғибадат пен сауда, дін мен дүние, бейбітшілік пен соғыс, алыс-жақындармен қарымқатынас, дос-дұшпанмен мәміле, тіпті, бүгінде «жеке өмір» делінетін әйел, бала-шаға, отбасындағы жағдайлар – бәрі-бәрі сол Пайғамбар өмірбаянында толықтай айтылып, жазылған. Мұндай «сияр», яғни, «Пайғамбар өмірбаяны» саласының болуы - мұсылмандар үшін үлкен бір нығмет дер едім.

Ең ұлық әрі Ең білгір, ол – Аллаһу Сүбханаллаһу Тағала!

Аударған: islam.kz

0 пікір