Пұл сұрап келе беретін сахабаға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны
Пұл сұрап келе беретін сахабаға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны
3 жыл бұрын 12035

Имам Бұхаридің "Сахих Бұхари" атты хадистер жинағында орын алған риуаятта Хәкиим ибн Хизәм есімді сахаба былай әңгімелейді (радияллаһу анһ):

«Мен Пайғамбарға келіп (пұл) сұрадым (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ол берді. Артынан тағы сұрадым. Тағы Берді. Кейін тағы келіп сұрадым. Ол кезде де берді. Сосын айтты:

- Уа, Хәкиим! Мал-дүние деген, жасыл (яғни жеміс-жидек сияқты көзге тартымды). (Бал сияқты) дәмді. Кімге ол нәрсе берушінің жомарттығынан өз еркімен берілсе, оған ол берекелі болады. Ал, кімге ол сұрай бергеннен берілсе, онда ол оған берекелі болмайды, құдды қанша жесе де тоймайтын ас сияқты. Жоғары қол - төмендегі қолдан хайырлы (береген қол - алаған қолдан абзал)» - деп ақылын айтты. Сосын мен:

- Уа, Алланың елшісі! Сені ақиқатпен жолдаған Аллаға ант етейін! Бұдан былай, бұл дүниеден көшкенше (өлелгенше) Сенен өзге ешкімнен ешнәрсе сұрамай өтем, - дедім».

(Хәкиим өлелгенше сертіне берік болды). Кейіннен Әзіреті Әбу Бәкірдің халифалыға заманында тұрмысы нашар Хәкиимді қазынадан тиісті ақысын алуға шақырады. Ол оны қабыл етуден бас тартады. Әзіреті Омардың халифалығы кезеңінде де Әзіреті Омар Хәкиимді шақырып алып, оған тиісті пайын алуға шақырды. Оның да бергенін алмады. Әзіреті Омар болса жұртқа: Уа, мұсылман қауым! Куә болыңдар! Мен Хәкиимге үлестен оған тиесілі ақысын беріп отырмын, ол болса, алудан бас тартуда!» - деп, мұсылмандарды куәгер етеді».

Пайғамбарымыздан соң Хәкиим сол күйінше қайтыс болғанға дейін ешкімнен еш нәрсе сұрамаған екен.

Хадистен түсінетініміз:

  • Патшадан немесе басшыдан қажет нәрсесін сұрау айып емес.
  • Егер біреу бір дүниені қайта-қайта сұрап қоймай жатса, оған қанағатшыл болу жайында насихат айтқан жақсы.
  • Адам аса қажетті кезде сұрау керек. Жайшылықта сұрай бермеген жөн. Қадірі қашады.
  • Кісінің өз еркімен берген дүниеде береке бар. Бермесіне қоймай сұрап алған дүниеде береке болмайды.
  • Қанағатшылдықтың ұнамды іс екендігі. Дүниеқоңыздықтың әбестігі.
  • Беруші қол – сұраушы қолдан әлдеқайда Аллаға сүйкімдірек. 

А. Қасым

0 пікір