Исламда қаржы пирамидасына ақша салу ауыр күнә, тозаққа түсірер харам іс...
Исламда қаржы пирамидасына ақша салу ауыр күнә, тозаққа түсірер харам іс...
1 ай бұрын 3130

Қаржылық пирамидасы – ең әуелі өсім жеушіліктің бір түрі. Неге десеңіз, пирамидаға ақша салған кісі «кейіннен өсіммен қайтарып алам» деген мақсатта «қарызға ақша» беріп отыр. Исламда өсімге қарыз беру (долг под процент) – өсім жеушілік саналады. Ал өсім жеу - харам іс. Ауыр күнә. Құран Кәрімде, «Бақара» сүресінде: «Алла Тағала сауданы адал, ал өсімді харам етті» - делінген[1]. 

Және де өсім жеген адамның қиямет күні «шайтан ұрған ұқсап» тұратындығы Құранда айтылады. Ол жайында аятта былай делінген:

الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لَا يَقُومُونَ إِلَّا كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ۚ ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُوا إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا ۗ وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا ۚ فَمَن جَاءَهُ مَوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَانتَهَىٰ فَلَهُ مَا سَلَفَ وَأَمْرُهُ إِلَى اللَّهِ ۖ وَمَنْ عَادَ فَأُولَٰئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ ۖ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ (275)

«Өсім жегендер (қиямет күні) шайтан ұрып есі ауысқан адамша тұрады. Бұл олардың «сауда да бейнебір, өсім іспетті» дегендері үшін. Алла Тағала сауданы халал, ал өсімжеушілікті харам етті...»

Аяттың жалғасында кім өсім жеудің харам екендігін білгеннен кейін онысынан тыйылса, оған кешірім болатындығы жайында былай дейді:

«Кімде-кімге Раббысынан насихат келіп, ол өсім жеуден тыйылса, өткені өзіне тән және оның ісі Аллаға қалды...».

Ал, өсімнің харам екендігін біле тұра онысын қайталаса, оның орны тозақ деп ескертеді:

«Ал кім өсім жеуін қайталаса, міне солар – тозақ иелері. Олар онда мәңгі қалады»[2].   

Ендеше, пирамидаға ақша саламын деген кісі өсім жеу сияқты харам істі істейтін болғандықтан, ол іске бас сұқпауы тиіс. Өйткені, онысы о дүниеде тозаққа түсіп жануына себеп. Не салған ақшасынан пайда көрмейді, не ақыретте пайда көрмейді. Екі дүниеде де сан соғып қалып отыр. Одан асқан қасыретке ұшыраушы адам бар ма?! 

Екіншіден – қаржылық пирамидаларының алаяқтыққа негізделгендігі барша жұртқа мәлім. Қаншама адамның ақшасын алып, ақыр соңында табандарын жалтыратып жатады. Сөйтіп қаншама адамның көз жасына қалып жатыр. Ендігі жерде, сондай елді алдап, олардың ақысын жейтін бір жүйеге ақша салу – белгілі бір деңгейде соның күнәсіна ортақтасу болмақ. Жұрт ақша салмаса, ондай табыс көзі өз-өзінен жойылып кетер еді. Сіз бен біз сияқтылар ақша салғандықтан, олар жігерлене түсіп, аңқау елді сан соқтырып жүр. Құран Кәрімде: «Күнәлі істе және дұшпандықта өзара жәрдемдеспеңдер!» - деп бұйырған. Сондықтан да, қаржылық пирамидаға ақша салудың – күнәға ортақтасу екендігін білгеніміз жөн. Яғни, алданғандардың және ақысы желінгендердің обалына салушылар да белгілі бір мөлшерде ортақтасады. Біреудің күнәсін арқалаудан жаман нәрсе бар ма? Сізге керек пе сол нәрсе?

Үшіншіден – пирамидаға ақша салу ақшаны далаға шашқанмен тең. Бұл да құмар ойынына ұқсас. Құмар ойындарында ұтып қалармын деген үмітке сүйеніп, ақша тігіп, ақырында жер сипап қалады. Қаржылық пирамидаларында да жағдай осы. Қаржы пирамидаларына ақша салатын кісілер «пайда түсірермін» деген үмітпен қомақты ақшаларын салып жатады. Көбісі жиған-терген ең соңғы тиін-тебенін салады. Бірақ, ақыр соңында саң соғып қалып жатады. Құмар ойындарының харам болуының бір себебі – кісі ақысын жеушілік болмасын, алаяқтық болмасын, адамдар өзінің несібесін босқа далаға шашпасын дегендік. «Бекер мал шашпақ - Бес дұшпаның, білсеңіз...» дейді Абай атамыз. Құмар ойындарына ақша тіккен адам да, қаржы пирамидасына ақша салған адам да дүниесін бекерге шашып, өз-өзіне дұшпандық жасаған болады. Құранда Құдай Тағала былай деп өз-өзімізге зиян келтірмеуімізді бұйырып отыр:

إِنَّ اللَّهَ لا يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئاً وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Шынында Алла Тағала адамдарға ешқандай зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өз-өздеріне зұлымдық жасайды». 

"Юнус" сүресі, 44 аят.

Осы тұрғыда, оқырман: «салымшыларды ғана айтып отырсыз, пирамиданы ашқандарды неге айтпайсыз?» деп отырған боларсыз. Қаржы пирамидасын құрып, сол арқылы елдің ақысын жеушілердің күнәсін айтып жеткізуге тіл әлсіз. Ол өз алдына бөлек әңгіме. О дүниеде әрбір ақысы желінген кісілердің ақысын олардан алып береді: Егер сауаптары бар болса сауаптарынан алып ақысы кеткен кісіге беріледі, ал сауаптары жоқ болса немесе сауаптары тауысылып қалса, әрбір алданған және әрбір ақысы желінген кісінің күнәсін арқалайды. Ойлап қараңызшы, бір емес, екі емес, мыңдаған адамның күнәсін арқалау деген... Ойлаудың өзі қорқынышты.   

Қорыта айтқанда, қаржылық пирамидасының өзі арам табыс көзі болғаны сияқты, оған ақша салу да тозаққа түсірер арам іс. Себебі, онда өсімжеушілік бар, кісі ақысын жеуге ортақтасу бар, бекер мал шашпақ бар. Мұның бәрі Жаратушы Иеміздің біздерге харам еткен нәрселері. Сондықтан да, сондай алаяқтыққа негізделген пирамидаларға ақша салар бұрын қаншалықты күнәға ортақтасайын деп жатқаныңызды бір сәт ойлап көріңіз!...

Алла баршамызды туралықтан адастырмасын!

А. Қасым


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 275 аят.
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 275 аят.

0 пікір