Депрессиядан шығудың 6 пайдалы және нақты қадамы
Депрессиядан шығудың 6 пайдалы және нақты қадамы
18 күн бұрын 2617

Қазірде бүкіл әлем бойынша адамдардың көбі депрессиядан зардап шегіп отыр. Олардың қатары күн санап арта түсуде. Бұл ұлтына, біліміне, әлеуметтік жағдайына және сеніміне қарамастан кез келген адамның басында болуы мүмкін жағдай. Ұялатын ештеңе болмаса да, депрессияға ұшыраған адамдар, әдетте, «ақыл-есі кем» деген атаққа ие болудан қорқып, үнсіз шыдайды. Ислам дін ғана емес, сонымен қатар тіршіліктің барлық саласын қамтитын өмір салты болып табылады әрі ислам ілімдері кез келген мәселеге жіті қарап, соның ішінде депрессиядан шығудың да жолдарын ұсынады. Бірден айту керек, біз антидепрессанттар сияқты депрессиядан қалай шығудың жолын қарастырғымыз келмейді. Біліміміз бен тәжірибемізге сүйене отырып, біз депрессия мен сынақтардан жоғары тұрудың әрі одан шығудың алты әдісін қарастырамыз:

1. «Нас» сүресін оқыңыз. Шын мәнінде, депрессия негізінен өзіне деген сенімсіздік пен өзін-өзі төмен бағалаудан тұрады, өйткені, шайтан бізге қулықпен жамандықты сыбырлайды. Егер сіз «Нас» (Құранның соңғы сүресі) сүресін оқысаңыз,  ақиқатында, шайтанның зұлымдығынан қорғану үшін жасалған дұға, қару екенін байқайсыз. Демек, көңілде күмән туындаған кезде «Нас» сүресін қайталау арқылы біз депрессияның алдын аламыз, ал осы күйге тап болғандар көп оқыса, көңілі көтеріліп, эмоционалдық жағдайы жақсарады.

2. Мазасыздық пен уайым-қайғыдан  арылу дұғасын оқыңыз: «Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзіңді атаған немесе Кітабыңда түсірген  немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»(«Мұсылман қорғаны»).

«Я, Алла! Расында, мен саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сарандық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығы мен адамдардың қыспағынан Өзіңе сиынамын!»

3. Қайырымдылықпен айналысыңыз. Өз уақытыңызды басқаларға бақыт сыйлауға, қайырымдылық істеріне қатысуға арнау көңіл-күйді көтеретіні, моральдық қолдау көрсететіні және сергектік тудыратыны дәлелденген. Формуласы қарапайым: сіз біреуге бақыт сыйлайсыз әрі оның орнына жаныңыз жай тауып, шынайы қуаныш, бақыт табасыз. Осы жағдайда қайырымдылық қаржылық тұрғыдан болмауы да мүмкін. Бұл көршілерге ерікті көмек, мұқтаж адамдарға түскі ас ұйымдастыру, заттарды тарату сияқты т.б. әртүрлі шаралар болуы ықтимал. Дәл осы жерде ниет тек Алланың разылығын көздеуі тиіс.

Бәлкім, сіз жай ғана аштарды тамақтандырасыз. Сіздің ізгілігіңіздің нәтижесінде өзгенің жүзінде қуаныш пен күлімсіреу пайда бола салысымен, көңіл-күйіңіздің жақсы жаққа өзгеретінін көресіз.

4. Серуендеп, табиғатты тамашалаңыз. Депрессияның басты белгілерінің бірі – адамның өмірлік қуатын толығымен жұтып, оның өміршеңдігін сорып алуында. Көбінесе адамдар депрессияға ұшыраған кезде басқа ешкіммен кездескісі келмейді, ауыр ойға батады, үйде отырады әрі одан да тереңірек қайғы-мұңның қамытын киеді.

Бұл оңай көрінгенімен олар үйден шығуға, серуендеуге, табиғатқа тамсануға тырысуы керек - бұл сөзсіз көңіл-күйді көтереді. Көптеген адамдар құстардың сайраған әндері сияқты қарапайым нәрселерге назар аудара отырып, Алла жаратқан ғажайып әлемнің сұлулығына ой жүгіртіп, депрессиядан шығуға қадам жасаудың маңыздылығын  біледі.

5. Жаңа хобби/әуес ісіңізді/ ойлап табыңыз. Мәселен, ағылшындарда мынандай мақал бар: «Бос ақыл - шайтанның шеберханасы». Егер депрессияға ұшыраған адамның айналысатын ешнәрсесі болмаса әрі әлемнен оқшауланған болса, әбден үмітсіздіктің батпағына батып кетуі  ықтимал.

Жаңа хобби депрессияның алдын-алудың тиімді құралы болып табылады. Кітап оқу, ислам блогын жүргізу, Құранды үйрену сияқты түрлі пайдалы дүниелер адам рухын көтереді, жанға шуақ сыйлайды. Осы тұста айта кету керек, фильмдерді көру және басқа да жеңіл-желпі қызықты іс-шаралар бұл жағдайда пайдалы хобби тізіміне кірмейді.

6. Егер жоғарыда аталған әдістердің ешқайсысы көмектеспесе, өміріңіздің қаншалықты оңай екенін ойлаңыз, бұл сізді азапты жағдайдан шығарады. Бастан өткеріп жатқан жағдайды ойлап, өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мұны Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) басында болған жағдаймен салыстыруға бола ма? Менде сол сынақтардың кем дегенде 1% -ы болды ма? Ол ерте балалық шағында жетім қалды. Алла Елшісінің (с.а.у.) әйелі мен нағашысы ең қажет болған кезеңде дүниеден озды. Туған жерінен туыстары қудалады».

Сізде оның азабымен салыстыруға болатын қиындық болды ма?! Біз депрессияны жеңу оңай емес екенін білеміз, алайда егер сізде Аллаға деген нық сенім, шешімділік пен шынайылық болса, онда айтылмыш қадамдар сізге күйзелістен құтылуға жәрдемдеседі. 

Дереккөз: islam.plus.
Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

0 пікір