Ибн Рушд (Аверроэс) жайында
Ибн Рушд (Аверроэс) жайында
14 сағат бұрын 223
islam.kz

Ибн Рушд (Аверроэс): Ислам әлемі мен Еуропаға ықпал еткен ұлы ғлама

Толық аты-жөні — Әбу әл-Уәлид Мұхаммед бин Ахмед бин Мұхаммед бин Рушд. Ислам әлемінің атақты философы. 1126 жылы Кордовада (Испания) дүниеге келіп, 1198 жылы Марокконың Марракеш қаласында қайтыс болды.

Ибн Рушд ислам дәстүрлерін көне грек ой-санасымен ұштастырған ғұлама. Әл-Муваххидтер халифі Әбу Яғқұп Юсуфтың өтініші бойынша, 1169–1195 жылдар аралығында Аристотель мен Платонның еңбектеріне бірқатар түсіндірмелер мен қысқаша шолулар жазды. Бұл еңбектер сол замандағы ислам әлеміне де, кейіннен Еуропа ғылымына да орасан зор әсер етті.


Ибн Рушдтің Кордовадағы (Испания) ескерткіші.

Ибн Рушдтің білім жолы

Ибн Рушд да, о баста дәстүрлі білім алу жолынан өтті. Ол алғашында хадис, тіл білімі, фиқһ (ислам құқығы) және ақида (сенім ілімдері) ғылымдарын оқып үйренді. Өмірі бойы философия, дін, Алла Тағаланың сипаттары, әлемнің жаратылысы, психология және метафизика тақырыптарында мол мұра қалдырды.

Философия мен фиқһ ілімін қатар меңгергендіктен, оны халық арасында «Философ-фиқһшы» деп те атаған. Сондай-ақ оның еңбектерінде мемлекет басқару ісіндегі философтың рөлі мен орны ерекше қарастырылып, үнемі назарда болды.

Ибн Рушдтің еңбектері

Ғұлама өмірінде кем дегенде 67 іргелі-негізді еңбек жазған. Олардың ішінде:

  • 28 еңбек — философияға,

  • 20 еңбек — медицинаға,

  • 8 еңбек — заң мен құқыққа,

  • 5 еңбек — діни сенім ілімдеріне (илахият),

  • 4 еңбек — грамматика мен тіл біліміне арналған.

Ол діни заңдар мен философия арасындағы үйлесімділік туралы «Фәсл әл-мәқәл» атты шешуші трактат жазды. Сондай-ақ діни сенімдердегі дәлелдеу әдістерін зерттейтін «Кәшф әл-манаһиж» кітабын және философиялық көзқарастардың қайшылығын талдаған «Тәһәфүт әт-тәһәфүт» еңбегін жарыққа шығарды.

Ибн Рушдтың философиясы

Ибн Рушд секілді мұсылман ғұламалары көне грек философиясының, әсіресе Аристотельдің еңбектерін араб тіліне аударып, олардың мазмұнын Құран ақиқаттары тұрғысынан қайта пайымдады.

  • Ол дін мен философия бір-біріне қайшы келмейді, керісінше екеуі де бір ақиқатқа жетелейді деп есептеді.

  • Логика ілімін діннің түпкі мәнін дұрыс түсінудің ең басты кілті деп санады.

2. Ибн Рушд философиясының үш негізгі идеясы

Ибн Рушд өзінің философиясын үш іргелі идеяға негіздеді:

  • Әлемнің жаратылысы мен мәңгілігі: Философия да, Құран аяты да материалдық әлемнің бар екенін және оның тіршілігі жалғаса беретінін меңзейді. Алла тағала жаратылыстың болмысын қалыптастырғанымен, материалдық әлем Оның жаратқан күйінде тұрақты қалады. (Ислам сенімінде әлем мәңгі емес). 

  • Рух пен дене: Рух өлмейді (сақталады), бірақ денелер бұл дүниедегідей қалпында оралмайды. Ол арғы дүниеде рухтың өзгеше бір жаңа болмыс-денеге ие болатынына сенді. (Ислам сенімінде қайта тірілу кезеңінде рухтар өз денелеріне кіріп, қабірден қайта тіріледі). 

  • Адам ақылы (интеллект): Ибн Рушдтің пікірінше, адам өз ақылына жеке иелік етпейді. Оның пайымынша, ақыл — рухтан бөлек, ешқандай материалдық қасиеті жоқ бірегей субстанция. Оған тек терең ойлау арқылы және басқалармен пікір алмасу (ортақ ой бөлісу) арқылы ғана қол жеткізуге болады.

3. Метафизика (болмыс ілімі)

Ибн Рушд өз философиясында әлемнің сан алуан қабаттары мен түрлерін ажырататын метафизика ғылымына ерекше көңіл бөлді. Ол Аристотельдің метафизикасына сүйене отырып, болмысты мынадай сатыларға жіктеді:

  • Біріншісі — материалдық заттар (денелер мен кездейсоқ субстанциялар);
  • Одан кейін — рух пен ақыл;
  • Соңында — рухтан тыс өмір сүретін материяның бар-жоғын талқылады.

Ибн Рушд пен Аристотельдің жүйесіндегі бірінші және үшінші санаттар өзара ұқсас келеді, өйткені екеуі де материалдық және материалдық емес (рухани) жаратылыстардың арасына тікелей шекара қояды.

Ал Ибн Рушдтің өзіне тән екінші дәрежесіне келсек, ол ғаламдық екі субстанция мен математикалық нысандарды қамтиды.

Ибн Рушдтің қайтыс болуы:

Ибн Рушд Марокконың Марракеш қаласына көшіп барғаннан кейін онда шамамен бір жылдай өмір сүріп, артынша дүниеден озды. Оның қайтыс болған күні — һжраты 595 жылдың 10 желтоқсаны, бейсенбіге қараған түн еді.

Алайда ол Марракеште жерленген жоқ; оның сүйегі туған жері — Андалусияға жеткізіліп, Кордова қаласына жерленді.

Оның — Алла оны рақымына алсын — қайтыс болуымен араб-ислам философиясы бүгінгі күнге дейінгі ең маңызды әрі атақты тұлғаларының бірінен айырылды1.


 1Mawdoo3 com/ابن_رشد_حياته_وفلسفته

0 пікір