«Жамандықтар қалай жақсылыққа айналады?» (Аят тәпсірі)
«Жамандықтар қалай жақсылыққа айналады?» (Аят тәпсірі)
3 сағат бұрын 105 Аят тәпсірі
islam.kz

Қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 70-аятында Алла Тағала былай деп сүйіншілейді:

 إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا (70)

«Кімде-кім тәубе етіп, иман келтіріп және ізгі іс жасаса, Алла солардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла – тым Кешірімді, ерекше Мейірімді».

Бұл аяттың мәніне үңілсек: пенде бұрын қандай ауыр күнә мен жаман істер жасаған болса да, Аллаға шынайы бет бұрып, тәубе етсе және жамандықтарын қойса, Алла оның тәубесін сөзсіз қабыл алады, әрідесе, жамандықтарын жақсылыққа айналдырады.

Кісі өлтірген адамның тәубесі қабыл бола ма?

Бұл аятта кісі өлтірген адамның да тәубесі дұрыс болатындығына айқын дәлел бар. Кейбіреулер бұл аят пен «Ниса» сүресіндегі: «Кімде-кім бір мүминді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі қалатын Жәһәннам. Алла оған ашуланды, лағынет етті және оған ұлы азап әзірледі» («Ниса» сүресі, 93-аят) деген аяттың арасында қайшылық бар деп ойлауы мүмкін. Алайда ғұламалар екі аяттың арасында ешқандай қайшылық жоқ екенін айтады. Өйткені «Ниса» сүресіндегі аят Мәдинада түскенімен, үкімі жалпылама (мұтлақ) сипатта келген, яғни ол тәубе етпеген адамға қатысты. Ал «Фурқан» сүресіндегі бұл аят тәубе ету шартымен шектелген (муқайяд). Сонымен қатар Алла Тағала: «Шынында, Алла Өзіне серік қосылуын кешірмейді, ал бұдан басқасын қалаған пендесіне кешіреді» («Ниса» сүресі, 48, 116-аяттар) деп уәде еткен.

Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен сахих сүннетте де кісі өлтірген адамның тәубесі қабылданатыны бекітілген. Мәселен, жүз кісіні өлтіріп, артынан шынайы өкініп, тәубесі қабыл болған кісі туралы белгілі хадис пен басқа да риуаяттар осының айқын дәлелі.

Аяттағы «Алла жамандықтарын жақсылыққа айналдырады» деген сөздің мәні

Тәпсір ғұламалары бұл аяттың мағынасына қатысты екі түрлі көзқарас білдірген:

1.  Өмір салтын жақсылыққа өзгерту 

Бұл көзқарас бойынша, тәубе еткен адамдар бұрынғы жаман істерінің орнын ізгі амалдармен алмастырады:

  • Ибн Аббас (р.а.): «Олар – мүминдер. Иман келтірместен бұрын жамандық үстінде еді, Алла олардың бұл істерден көңілін суытып, жақсылыққа бұрды да, жамандықтарының орнын жақсылықтармен алмастырды», – деген. Сондай-ақ Ибн Аббас осы аятты оқығанда: «Ыстық күндерін күзбен алмастырды, ал тынышсыз ұзақ күндерді шапшаңдыққа өзгертті» деген өлең жолдарын оқитын. Бұл – адамның бұрынғы хәлінің түбегейлі жақсы жаққа өзгергенін білдіреді.

  • Ата бин Әбу Рибах: «Бұл – дүниеде болатын іс. Кісі жаман кейіпте жүреді де, кейін Алла оны жақсылыққа ауыстырады», – дейді.

  • Сәид бин Жүбәйр: «Алла олардың пұтқа табынуын Өзіне құлшылық етумен, мұсылмандармен соғысқанын мұсылмандармен бірге мүшріктерге қарсы күресумен, мүшрік әйелдермен некелесуін мүмін әйелдермен некелесумен алмастырды», – деп түсіндірген.

  • Хасан Басри (сондай-ақ Әбу л-Алия, Қатада және басқа ғалымдар): «Алла олардың жаман ісін ізгі іспен, серік қосуын ықыласпен, бұзықтығын ар-намысты сақтаумен, күпірлігін Исламмен алмастырды», – деген.

2. Күнәларының сауапқа айналуы

Екінші көзқарас бойынша, шынайы жүректен жасалған тәубе (тәубе нәсуха) арқылы бұрынғы өткен күнәлардың өзі кешіріліп, онымен қоймай тікелей жақсылыққа айналады, күнәсін сауапқа айналдырады. Себебі пенде өткен қателігін есіне алған сайын жүрегі сыздап өкінеді, Аллаға қайта-қайта бет бұрып, кешірім тілейді. Осылайша бұрынғы күнәсі оның үздіксіз құлшылығы мен сауабына себепші болады. Қиямет күні ол жамандық амал дәптеріне жазылған күйінде тұрса да, пендеге еш зиянын тигізбейді, керісінше парағында жақсылық болып өзгеріп шығады. Мұны Сүннет пен сәләф-салихтардан жеткен мына риуаяттар растайды (Әли бин Хұсейн Зейн әл-Абидин де бұл өзгерістің ақыретте болатынын, ал Мәкхүл мен Сәид бин әл-Мүсәйіб Алланың оларды кешіріп, жақсылыққа айналдыратынын айтқан):

  • Тозақтан соңғы шығатын адам туралы хадис:

    Әбу Зәрдан (р.а.) жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

    «Мен тозақтан ең соңғы болып шығатын және жәннатқа ең соңғы болып кіретін адамды жақсы білемін. Қияметте бір кісі әкелінеді де (періштелерге): "Оның үлкен күнәларын шетке ысырыңдар да, кіші күнәлары туралы сұраңдар", – делінеді. Оған: "Пәлен күні мынадай, пәлен күні мынадай іс істедің бе?" – делінеді. Ол ештеңені жасыра алмай: "Иә", – дейді. Содан кейін оған: "Расында, сенің әрбір жамандығыңа қарсы бір жақсылығың бар", – делінеді. Сонда әлгі кісі: "Уа, Раббым! Мен мұнда көрінбей тұрған талай үлкен істерді де жасап едім ғой", – дейді». Хадисті жеткізуші Әбу Зәр: «Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) азу тістері көрінгенше күлді», – дейді (Имам Мүслим риуаяты).

  • Ұйықтар алдындағы зікірдің шарапаты:

    Әбу Мәлик әл-Ашғаридан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы ұйықтар алдында періште шайтанға: "Маған парағыңды бер", – дейді. Шайтан береді. Періште адамның парағынан қандай да бір жақсылық тапса, соның құрметіне шайтан парағындағы он жамандықты өшіріп, оларды жақсылық деп жазады. Сондықтан қайсыбіріңіз ұйықтағыларыңыз келсе, 33 рет "Аллаһу әкбар", 34 рет "Әлхамдулиллаһ", 33 рет "Субханаллаһ" деп айтсын – барлығы жүз болады», – деген (әт-Табарани).

  • Амал дәптеріндегі таңғажайып өзгеріс:

    Салман Фарси (р.а.) былай дейді: «Қиямет күні бір адамға амал дәптері беріледі. Ол парақтың жоғарғы жағын оқыса, кілең күнәлары тұрады. Көңіліне қорқыныш кіре бастағанда, парақтың төменгі жағына көз жүгіртеді, қараса – жақсылықтары тұр. Содан кейін қайтадан жоғарғы жағына қараса, әлгі күнәларының бәрі жақсылыққа айналып кеткенін көреді».

  • «Оң жақ иелерінің» (Асхабул-ямин) қуанышы:

    Әбу Һұрайра (р.а.): «Алла Тағала Қиямет күні өздерін күнәні көп жасадық деп ойлаған бір қауымды әкеледі. Олар – Алла жамандықтарын жақсылыққа айналдыратын жандар», – деген.

    Ал Мұғаз бин Жәбәлдің шәкірттерінің бірі Әбу д-Дайф жәннатқа кірушілердің төрт топ болатынын айтады: тақуалар, шүкір етушілер, қорқушылар және оң жақ иелері. «Оң жақ иелері» деп аталуының себебін былай түсіндіреді: «Олар дүниеде жақсылық та, жамандық та жасаған еді. Қияметте кітаптары оң жақтарынан берілгенде, күнәларын әрбір әрпіне дейін оқып: "Уа, Раббымыз, мынау біздің күнәларымыз, ал жақсылықтарымыз қайда?" – дейді. Дәл сол сәтте Алла олардың күнәларын өшіріп, жақсылыққа айналдырады. Сонда олар қуанғаннан: "Кәне, кітабымды оқыңдар!" («Хаққа» сүресі, 19-аят) деп айқайлайды. Жәннаттықтардың ең көбі – осылар».

Тәубе есігінің ашықтығын көрсететін әсерлі оқиға

Сахабалар мен табиғиндердің өмірінде бұл аяттың терең сырын ашатын ғибратты оқиғалар сақталған:

Қасы көзіне түскен қарттың оқиғасы

Мәкхүлдің жеткізуінше, бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қартайғандығы сонша – екі қасы көзіне түсіп кеткен қария келіп:

– Уа, Расулалла! Өмірінде опасыздық пен бұзықтықтың бәрін істеген, тартып алмаған ешбір дүние-мүлкі қалмаған, егер күнәсі жер бетіндегілерге бөлініп берілсе, бәрін құртып жіберерліктей ауыр күнәкар адамның тәубесі бар ма? – деп сұрайды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– «Исламға кірдің бе?» – дейді.

Қария:

– «Алладан басқа тәңір жоқ, Ол жалғыз, серігі жоқ және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі» деп куәлік етемін, – дейді.

Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):

– «Олай болса, Алла сенің осы сәтке дейін істегендеріңді кешіреді әрі барлық жамандықтарыңды жақсылыққа айналдырады», – дейді.

Қария таңырқап:

– Уа, Расулалла! Опасыздықтарым мен бұзықтықтарымды да ма?! – деп қайта сұрайды.

– «Опасыздықтарың мен бұзықтықтарыңды да», – деп жауап береді Алла Елшісі. Сонда әлгі қарт қуаныштан «Тәкбір» мен «Тәһлиль» айтып, кері қайтады. (Дәл осындай мазмұндағы оқиға Әбу Фәруадан да жеткен: Пайғамбарымыз оған «Жақсылық жаса да, жамандықтан тыйыл, сонда Алла олардың бәрін саған жақсылық етіп жазады» дегенде, ол көзден ғайып болғанша тәкбір айтып кеткен).


Ибн Кәсир: "Құран тәпсірі". Фұрқан сұресінің, 70 аят тәпсірі. 

 

0 пікір