Үмітін үзген зинашы әйелдің оқиғасы
Үмітін үзген зинашы әйелдің оқиғасы
4 сағат бұрын 100
islam.kz

Бұл оқиға Ислам ғұламасы, тәпсірші ғалым Ибн Кәсірдің (рахимаһуллаһ) Құран тәпсірінде баяндалған. Ол оқиғаны сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) баяндайды. Ол (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Бірде маған бір әйел келіп: "Менің тәубе етер жолым бар ма? Расында, мен зина жасадым, бала көтердім және оны өлтірдім", – деді. Мен оған: "Жоқ, саған ешқандай жақсылық та, қадір-құрмет те жоқ", – дедім. Ол өкініштен зар жылап: "Уа, сорым-ай! Осы бір сұлулық тозақ оты үшін жаралған ба еді?" – деп шығып кетті.

Таңертең Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге таң намазын оқыған соң, әлгі әйелдің сөзін және өзімнің берген жауабымды баяндап бердім. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– «Қандай жаман сөз айтқансың! Сен мына аятты оқымаған ба едің: "Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды..." – делініп, "Кімде-кім тәубе етіп, иман келтіріп, ізгі іс жасаса, Алла солардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла – тым Кешірімді, ерекше Мейірімді" деген жеріне дейін», – деді.

Мен дереу Пайғамбардың қасынан шығып, қаладағы барлық үйлерден ол әйелді іздедім, бірақ таппадым. Келесі түні әйелдің өзі маған қайта келді. Мен оған Алла Елшісінің айтқанын жеткізіп, әлгі аятты оқып бердім. Сонда ол қуаныштан сәждеге жығылып: "Маған істеген күнәмнан шығар жол мен тәубе етер мүмкіндік берген Аллаға сансыз шүкір!" – деді. Сосын өзімен бірге болған күңін қызымен қоса азат етіп, Ұлы Аллаға шынайы тәубе етті».

Табари келтірген. (Ибн Касир бұл риуаяттың иснадында кейбір беймәлім равилер бар екенін ескертіп, «Алла білуші» деп түйіндейді).

0 пікір