Алла Тағаланың «Әл-Уәдуд» есімінің түсіндірмесі
Алла Тағаланың «Әл-Уәдуд» есімінің түсіндірмесі
15 сағат бұрын 164

Имам Ғазали. Әл-Уәдуд (Өте Сүйіспеншіл, Ең Мейірімді) есімінің түсіндірмесі.  

Ол — бүкіл жаратылысқа жақсылық тілеуші. Жаратқандарына үнемі жақсылық жасап, оларға деген ықыласы мен мадағын білдіреді. Бұл есімнің мағынасы «Әр-Рахим» (Ерекше Мейірімді) есіміне жақын болғанымен, екеуінің өзіндік айырмашылығы бар.

«Әр-Рахим» мен «Әл-Уәдуд» есімдерінің айырмашылығы:

• «Рақым» сөзі - мейірімге мұқтаж, қиналған, әлсіз пенденің болуын талап етеді. Яғни, Рахимнің істері әлсізді сүйеуге, мұқтаждың қажетін өтеуге бағытталады.
• Ал «Әл-Уәдуд» есімінің сипаты мұндай мұқтаждықты күтпейді. Керісінше, еш себепсіз, о бастан жақсылық пен нығметті молынан төгу — осы сүйіспеншіліктің (уәдтің) жемісі.

Алла Тағаланың рақымдылығы дегеніміз — пендесіне жақсылық қалауы және оны жеткілікті етуі, бірақ Алла Тағала адамдар сияқты жүрек елжіреуі мен нәзіктік сияқты сипаттардан пәк.

Сол сияқты, Алла Тағаланың сүйіспеншілігі (уәді), құлына құрмет көрсетуді, нығмет беруі, жақсылық жасауды қалауы өз алдына, бірақ Ол пенделер сияқты біреуге көңілі ауып, немесе сезімталдыққа берілу сипатынан пәк.

Негізінде, мейірім мен сүйіспеншіліктен күтілетін басты нәрсе — сол сезімнің әлсіздігі емес, одан шығатын пайда мен жеміс. Міне, мейірім мен сүйіспеншіліктің нағыз мәні мен рухы — осы пайда мен жақсылықта. Алла Тағалаға тән сипат та осы, ал пендеге тән қосымша сезімдердің Аллаға қатысы жоқ.

Пенденің осы сипаттан алатын үлесі:

Алланың құлдарының ішіндегі «уәдуд» (сүйіспеншіл) жан — өзіне қалаған барлық жақсылықты өзге жаратылысқа да шын жүректен тілейтін адам. Ал одан да биік дәреже — өзгелерді өзінен артық көру (исар). Мысалы, ізгі жандардың бірі: «Мен тозақтың үстіне салынған көпір болсам ғой, сөйтіп барлық жаратылыс менің үстіммен өтіп, тозақ отына күймесе екен», — деген екен. 

Бұл қасиеттің ең кемел шыңы — басыңа түскен қиындық, ашу-ыза, кек немесе біреуден көрген жәбір сені жақсылық жасаудан тоқтатпауы. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі нағыз үлгі. Бір шайқаста мүбәрак тісі сынып, жүзі қанға боялып, соққыға жығылған сәтте де ол:

«Уа, Аллам! Халқымды кешіре гөр, өйткені олар не істеп жатқандарын білмейді», — деп дұға еткен.

Яғни, дұшпандарының жамандығы оның оларға жақсылық тілеуіне еш кедергі болмады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазіреті Әлиге (Алла оған разы болсын) өсиет айтып:

«Егер Аллаға ең жақын жандардан озып, ең биік дәрежеге жеткің келсе: сенен қол үзгенмен қарым-қатынасыңды үзбе, саған бермегенге сен бер, саған зұлымдық жасағанды кешір», — деген болатын.1

0 пікір