Ақида: Әлдебір нәрсенің жаратылуында себептің ықпалы жоқ (ақида)
Ақида: Әлдебір нәрсенің жаратылуында себептің ықпалы жоқ (ақида)
5 жыл бұрын 4560
"Нәсәфи ақидасынан" үзінді

Мәтуриди ғұламасы Нәжмуддин ән-Нәсәфи (Омар ибн Мұхаммед ибн Ахмәд) өзінің әйгілі «Нәсәфи ақидасы» атты ислам сенім негіздеріне байланысты жазған кітабында былай дейді: 

«Адамның соққысынан кейін ұрылған жерде туындайтын ауру және адамның (әйнекті) сындыруының артынан әйнекте туындайтын сыну (ісі) – бұлардың бәрі Алланың жаратқаны. Оны жарату ісінде пенденің қатысы жоқ».

Түсіндірме:

Егер бір іс басқа бір нәрсенің себепкерлігімен пайда болса, оның пайда болуына ықпал еткен сол себеп пе, әлде Алла ма? (Мұғтәзилиттер: "себеп", ал, Сунниттер: "Алла" дейді).  

Мұғтәзилит мәзхабының сенімі: 

Бұл мәселеде Мұғтәзилит ағымының өкілдері (тарихта өткен діни-философиялық ағым) «тәулид» теориясын, яғни, «іс - өзге істі пайда етеді» дейтін теорияны қабыл етеді. Осы теорияның негізінде аталмыш мәселеге байланысты былай деген: «Адам құлыпты ашу үшін кілтті бұраған кезде – қолдың қимылын жарататын адам. Қолдың қимылы, өз кезегінде кілттің әрекетін тудырып тұр. Ал кілттің әрекеті болса – құлыптың ашылуын пайда етеді. Оның жаратылуына (пайда болуына) Алланың еш қатысы жоқ» - дейді олар.  

Тура сол секілді, егер адам басқа бір адамды ұратын болса, (ұрылған жерде) ауру пайда болады (ұрған жер ауырады). Мұндағы «ұру» ісін адам жаратып тұр, одан кейін ол (яғни, ұру ісі) - ұрылған жерде «сыздаудың» пайда болуын тудырып тұр. Әйнектің сынуы да осыған ұқсас.

Әрбір салдар – себептен пайда болады (яғни, себептен туындаған салдарларды Алла жаратпайды, оларды тудыратын себептер).

Сунниттердің (әһли сунна уәл жамағат сеніміндегілер) сенімі: 

Мысалдағы, соққы, (соққы жасалған жердің) сыздауы, әйнектің сынуы, бұлардың бәрідерлігі – Алланың жаратқаны. Оларды адам жаратпады. Шынында, Алла Тағала барлық салдарды – себеп арқылы емес, себеп пайда болғанда жаратады[1].   

 «Нәсәфи ақидасының түсіндірмесі»
Доктор Абдуль Мәлик Абдуррахман әс-Саъди.
Аударған: А.Қасым.


[1] Адамның іс-әрекетін де, одан туындаған нәтижесін де жарататын Алла Тағала. Алла – жаратушы. Адам – кәсіб етуші. Яғни, адам баласы әлдебір істі істеуге оқталған сәтінде Алла оның бойына күш-қуат жаратады. Пенденің сол күш-қуат пен таңдау еркіндігін оқталған ісіне жұмсауын «кәсб» дейміз. Оның нәтижесінде туындайтын істі Алла жаратады, оны «халқ» дейміз – Ауд. (Имам Тәфтәзәни. «Шәрхуль ақидатун Нәсәфия»)

 

0 пікір