Мопс, ересек жігіт және күлегеш
Мопс, ересек жігіт және күлегеш
3 сағат бұрын 215 islam.kz/
Алмат Жалбағай, публицист.

Ночевала тучка золотая

На груди утеса-великана;

Утром в путь она умчалась рано,

По лазури весело играя;

Но остался влажный след в морщине

Старого утеса. Одиноко

Он стоит, задумался глубоко,

И тихонько плачет он в пустыне.

(М.Ю. Лермонтов)

Таңертең көрген таңқы танау, сирағы бір тұтам ит алдынан шықты... Қожайынынан көз жазып қалған мопс мұны шырамытқандай ебедейсіз басын қисайтып, бақырайған көзін мұнан алмай шоқиып отырып қарады. Өзін қайдан көрдім дегендей есіне түсіре алмаған түріне қарап күліп жіберді, бірден назарын басқа жаққа бұрып, қаз-қатар тұрған үш қоқыс темір жәшігінен иіс аулап, тіміскелеп тамақ іздеп кетті.

– Қала маңында тұратын ауылдасым, ауылдасым болғанда да баяғыда... ауылдан көшіп кеткен бұрынғы көршімнің үйіне түнеп шыққам. Қалаға апаратын автобусты күтіп тұрғанда аялдама жақтан көріп қалып едім мына итті. Сол ит пе, басқа ма... білмей тұрғаным, бірақ, қатты ұқсайды екен, деді таңданысын жасыра алмаған жасы үлкені жанына енді келіп жеткен кәнігі серігіне.

– Ағасы ерте күнді кеш қылмайық. Аш қаламыз әйтпесе – жастауы оның сөзін елең етпей қоқысты ақтаруға кірісті. Қоқысты ақтаруға арланып, қорланып, сұр шинел киіп, сазарып алған жан жағына ұрлана көз тастады. Сосын қаперсіз қоқыс ақтарып жатып, иығы селкілдей жөнелген жастауына: - Сен жылап тұрсың ба... әлде жаурадың ба? - деді. Анау даусын шығарып, жырқылдай күлді. Күлді де үлкендеуіне мойын бұрып, әдетке айналдырған әдепті сақтап, алақанымен аузын көлегейлеп:

- Ағасы, бері келіңізші... Олжа деп осыны айт... - қоқыс контейнерінен целлофанмен қапталған бір бума алып шықты. Сосын жалма-жан буманы ашып, ішінен қызғылт-сары әлеміш киімдерді шығара бастады. - Қашанғы интернет кафеде түнейміз... Мыналарды киіп, қойылым өткізейік... А-ау, ағасы... деді сұраулы жүзбен. Сосын... күлді. Осы күлкісімен айтқанына көндіре салады. Кеңк-кеңк күлкісімен байлап-матап алады. Ойына бірдеңе келсе де күлімсірейді. Болмашы нәрселерге күледі. Бастапқыда ол жадыраған сайын бұл түнеретін. Қазір үйренді. Осының күлкісімен бірге қиындықтарды еңсеріп келеді. Дегенмен, қоқыс ақтаратыны былай тұрсын, енді сайқымазақ болып киініп, қайыр тілейтінін ойлап, еңсесі түсіп кетті үлкендеуінің. Жастауы қоқыс ақтара бастағанда контейнерден аулағырақ барып тұрған мопс бұлардың әр қимылын қалт жібермей бақылап бағып отыр. Ол да көзімен буманы тінте қарап қояды. Екеуі көзден таса болғанша орнынан тапжылмады...

##

Сайқымазақтар

- Мен сізге қарағанда жаспын ғой... Сізді көтере аламын. Сіз менің мойныма мініңіз. Ал сіз... жонглер болыңыз, деді. Қаланың кішігірім сауық алаңына айналған, тек жаяу адамдар серуен құратын атшаптырым көшеге түс ауа жеткен екеуі қапталдағы ғимараттардың қалтарыс тасасында әлеміш киімдерді киюін кигенмен сахнаға шығатындай жүрексініп тұр. Екеуі де.

- Ағасы, түсінікті ғой... Сіз тағы қолыңызды жаттықтырып алыңыз. Түк қиындығы жоқ. Тек тепе-теңдігіңізді сақтасаңыз болды... Көз қорқақ, қол батыр. Көп-көрім ақша табамыз, - үлкендеуі айнып қала ма деп, едел-жедел бастырмалатып, жігер бере сөйлеген жастауы бетін қиған маска мұрынның жіңішке резеңкесін шымшып ұстап тартқылап қояды (“сценари” бойынша томпиған маска мұрында үлкендеуі тағуы керек, ол бас тартты). Үлкендеуі тысы майда түгі бар матамен қапталған, кір шалған доптың үш-төртеуін екі қолымен уыстап, тізе бүккен жастауының мойнына мықшыңдай мінгенімен бірден бастап кете алмады. Екеуін қаумағалаған қызыққұмар жұрттың самсаған көздерінен қаймықты. Аяғы тұсалған аттай кібіртіктеп, мазасы қашты... Дегенмен,жаттыққан еңбегі еш кетпепті, доптарды әуеге лақтырып, қағып алып, тәп-тәуір айналдыра бастады. Көзі шыр айналған доптарда. Бұларды әжептәуір қарақұрым халық қоршап, өнерін тамашалап тұр. Cаусақтарының ұшы суықтан шаншып, жан кете бастады. Кенет... жастауының ыңырсыған дыбысы шығып кетті. Ышқына құлады. Онымен қоса үлкендеуі де етпетінен түсті. Ұмар-жұмар құлаған екеудің үлкендеуі жалма-жан атып тұрып, бетін жас жуып кеткен жастауынажандәрмен жәрдемге ұмтылды. Басындағышляпаның қайда домалап кеткенін білмейді. Көптен бері жуылмай жидіп кеткен құйқасы ағараңдап,ерте ағарған, ебедейсіз өсіп кеткен қудай шашы ызғырық желден ешкінің сақалындай желбіреп, түрі міскінге ұқсап кетті. (Өзінің міскінге айналғаны аймандай әшкере болғанына ұяттан жердің жарығынна кіріп кетуге әзір). Кенет, керең болғыр құлағы:

- Мамбеты несчастные, деп әлдебір ұзын етек пальто киген, иығына сусылдай шашы төгілген қалалық бойжеткен қыздың құрбысына көзінің астымен тоңақалаң асқан бұларды ымдай күбірлегенін шалып қалды.

##

##

Элита

- Дяденька, - қыстың еңкеюге айналған күннің алтын шапағына шағылысып түгі жылтыраған келте, қара тон киген, әйткенмен жалаңбас бейтаныс бойжеткен мұны қолтықтап шеткерірек алып шықты. Алып шықты да:

- Мен стало жалко, деді көзі мөлдіреген, самайнан мойылдай қара шашы жүзіне шашырай құлаған ол. - Пойдемте. Вы замерзли...- деп мұны қолтықтай жөнеліп еді, бұл артына қарайлап, бойжеткенге серігін иегімен нұсқады. - Вы тоже идете с нами, деді ол жастауына да иек қағып.

- Вы где живете. Я отвезу вас. У меня машина... вон там стоять

Бұлар сөзге келмей “өздерін құтқарушы Періштенің” соңынан ілесті. Көше қапталындағы тек байлар ғана бас сұғатын, “қарақтарым, келіңдер” деп төбесінен төніп тұрғандай аспантырақай сауда үйіне кірді. Бойжеткен қалта телефонының соңғы үлгілері әспеттеп қойылған, тек шыны витринамен қоршалған бір бұрышқа бастап әкелді. Аумағы атшаптырым ғимараттың ішінде тәттіге үймелеген шыбындай қарақұрым халықта қисап жоқ. Мұнда кімдер жоқ дейсіз - көздерінде тоят тілеп, қармағына түсіретін жемтігін іздеген, кеудесі алқам-салқам тастаған бозбалалар да, пысынап кетпес үшін етегі жер сызған пальтоларының түймелерін ағытып, ел көрсін дегендей мойнына сусылдаған алқасын жарқыратып “бос тастаған” бойжеткендер де жүр. Ию-қию әтір иісі алып кеткен ғимараттың іші даңғырлаған саздан құлақ тұнады.

- Познакомтесь, мой братик, деп шыны витринаның ортасында тепкішегі бар биіктеу әрі шағын столда бір орнында байыз таппай қозғалақтап, әпкесі секілді көзі мөлдіреген бозбала кішіпейілділігін көрсетіп, орнынан тұрды. Танысу мезіретінін соң жанындағы диванға жайғастырды бұларды. Көзі мөлдіреген бозбала біресе саздың ырғағымен теңселе билеп қояды, біресе жан-жағына мөлдіреген көздерімен жоқ іздегендей алақ-жұлақ қарап қояды. Көзін мұң торлағандай болады, әйтсе де лезде өзгеріп, көңілді қалпын табады. Айхай, дүние, несін айтасың, жастауын қайдам, үлкендеуінің көзіне мұнар тұтқандай ішпей-жемей мас болып отыр. Кенет:

- Они приехали, деген әлдекімнің үні ғимараттың ішін жаңғырықтырды. Бәрінің назары есікке ауды. Көп күттірмеді... Кеудесін шалқақ ұстаған “алтын балалар” сау етіп кіріп келді. Арасында елдің назарын бірден өзіне аударған ақсары біреуі тұтас оркестрді басқарып тұрған дирижер секілді сұқ саусағын безеп, тұла бойыңды шымырлатқан сазды сүйемелдеп қояды. Саздың ырғағымен басын әлсіз бұлғаңдатып, алыстан өзін көп күткен бағыныштыларына сәлем бергені секілді тым астам әрі тым асқақ ұстайды. Алып қаланың еркетотай “алтын балалары” жындар секілді ұшып-қонып жүре береді екен-ау. Элитаға бәрі жарасады. Бір қамалға қамалып алмайды (қалмайды). Алайда, бұлар да ұшарын жел, қонарын сай білген бейбақтар еді - жер ме көктей айырмашылығы сонда - бұлардың табан тіреп баратын жерлері жоқ. - Үйге жүріңіздер - деді бойжеткен қазақшалып, - а то здесь шумно, деген қамқор үнін құлағын тосып әзер естіді екеуі. Үлкендеуі қалай басын изегенін байқамай қалды. Ал жастауы.... Дон Кихот пен Санчо-Панчо секілді жұптары жазылмай бірге жүргелі алғаш рет... күлмеді. Мұны енді танығандай... жо-жоқ, қабағы түйіліп, кіреуке шалған жат көзбен қарады. Алыстап бара жатқан елесті көзімен шығарып салғандай ма... үлкендеуі қолайсыз сезімнен пәс тартып, отырған жерінде қаққан қазықтай болып, кішірейіп бара жатқандай ма, өзі.... Жастауы шалт бұрылып, есік жаққа беттеді. Бұл іле орнынан атып тұрып, артынан ілесті. Алайда, кимелеген көпшіліктен көз жазып қалды. Сыртқа шыққанымен де оның қарасы шалынбады. Сасқанынан аспанға әуелете мойнын созып қарағанымен қара тұңғиықтан тиген жерін қарып түсетін қатты қиыршық қар саулаған қардан басы айналды. Барар жер, басар тауы жоқ бұлар үшін мәңгі уайымнан қызылды-жасылды болып шалқыған өмір сол қара реңімен тағы қарсы алдынан шықты. Сол қара түнекке жұтылып, жоқ болған серігін іздеудің амалы қалмады.

Ауылдан келіп, қалалықтарға еліктеймін деп жүріп жынданып кеткен талай жасты білетін секілді... Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыптының кебін киіп, кері кеткендері қаншама - тәнін саудалады, ішіп кетті, т.б.

Қар саулаған қара тұңғиыққа қайта қарады.

(Соңы)

1 пікір