Бүгінде феминизм бағыты еркекті ез етуге (мужененавистке) бағытталуда ма?
Бүгінде феминизм бағыты еркекті ез етуге (мужененавистке) бағытталуда ма?
5 сағат бұрын 162
islam.kz

Әлеуметтік желілердің, әсіресе Shorts пен Reels сынды қысқа видео трендтерінің қарқынды дамуы қоғамдағы құндылықтар трансформациясына қатты әсер етуде. Соңғы уақытта трендке шығып жүрген контенттердің ішінде «тәуелсіздік» пен «өзін бағалау» ұғымдарын желеу етіп, ажырасуды насихаттау, ерлі-зайыптыларды бір-біріне қарсы қою және ер азаматтың қоғамдағы орыны мен беделін төмендету үрдісі байқалады. Бастапқыда әйел құқығын қорғауды мақсат еткен феминизм қозғалысының кейбір өкілдері бүгінде еркекті жек көрушілікке (мизандрия) және отбасы институтын ыдыратуға бағытталған агрессивті идеологияға айналып бара жатқандай әсер қалдырады.

Ажырасудың жасырын насихаты және отбасылық дәнекердің әлсіреуі

Әлеуметтік желі алгоритмдері көбіне эпатажды, эмоция тудыратын видеоларды трендке шығарады. Өкінішке қарай, кейбір блогерлер мен "психологтар" кез келген отбасылық түсініспеушілік пен тұрмыстық ренішті "психологиялық зардап" немесе "абьюз" ретінде сипаттап, бірден ажырасуға шақырады. "Бақытсыз болсаң, кетіп қал", "Өзіңді шектеме", "Еркекке сүйенбе" деген дайын шаблондар қыз-келіншектердің санасына үздіксіз құйылуда. Төзімділік, сабыр, мәселені бірге отырып шешу сияқты отбасын сақтап қалатын дәстүрлі құндылықтар кейінге ысырылып, бұзғыш ойлар "бостандық" деп ұсынылуда.

Сұр астар: Мақсат еркекті ез етіп, ролін төмендету ма?

Қазіргі трендтерде ер азаматтың образы көбінесе жағымсыз, әлсіз немесе міндетін орындамайтын тұлға ретінде көрсетіледі. Сатиралық немесе психологиялық астармен түсірілген видеолар арқылы санаға:

  • Еркек — сүйеніш емес, кедергі;

  • Еркектің шешімі мен беделі — сыйлауға тұрарлық емес;

  • Әйелдің негізгі миссиясы — ер азаматпен күресу және өзін жоғары қою деген теріс түсініктер ұялатылуда.

Бұл үрдіс еркекті біртіндеп ез етуге, оның отбасындағы орынын жоюға және оны «жау» ретінде қабылдауға әкеп соқтырады. Феминизмнің түпкі идеясы теңдік болса, бүгінгі таңда трендтегі бейнесі — еркекті жек көру мен оны төмендетуге көбірек ұқсап барады. 

Қорытынды

Отбасы — мемлекеттің кішкентай ұяшығы. Ажырасудың көбейіп, әке мен ананың бір-біріне қарсы қойылуы, ең алдымен, өсіп келе жатқан ұрпақтың психологиясына кері әсер етеді. Әкесін сыйламайтын ортада өскен қыз бала болашақта отбасын құрудан қорқса, ұл бала өзін толыққанды ер азамат ретінде сезінбей, сенімсіз болып өседі.

Сөз бостандығы мен жеке таңдау құқығын сыйлау маңызды, алайда әлеуметтік желідегі уытты контентті ақпараттық сүзгісіз кабылдау қоғамдық дағдарысқа әкеледі. Нағыз әйел теңдігі мен бақыты — еркекті басқанда немесе отбасын бұзғанда емес, өзара сыйластық пен гармонияда. Тұтынып жатқан контентке сын көзбен қарап, "трендтегі" арзан үгіт-насихаттың жетегінде кетпеу — ұлттық діңгегімізді сақтаудың басты шарты.

0 пікір