Алланың бар әмірі зекет деген...
Алланың бар әмірі зекет деген...
3 жыл бұрын 6195

Алла Тағала Өз құдыретімен аспаннан жаңбыр жауғызды. Онымен егіндерді, жемістерді, көкөністерді, өсіріп шығарып, адам баласын азықтандырды. Сонымен бірге, жайылымдарды суарып, жан-жануарларды, малдарды, құстар мен жәндіктерді қоректендірді. Алла Тағала түнді ұйықтап тынығуымызға, күндізді ризық іздеуімізге, күнді жарық пен жылу беруге, ай мен жұлдызды қараңғы түндері жол табуымызға арнап жаратты. Теңіздер мен өзендерді жаратып, кемемен жүруімізге қолайлы етті. Тамақтануымыз үшін ішінде балықтардың алуан түрін жүздіріп, әшекейленуіміз үшін түбінде інжу-маржан тастарын жаратты.

Бұл айтылғандар – Алла Тағаланың бізге берген кейбір нығметтері ғана. Шын мәнінде Оның нығметтерін санауға сан жетпейді.  Осы ақиқатты Алла Тағала Құранда: «Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, санына еш жете алмайсыңдар»[1], деп баян еткен. Осы нығметтер жайында ойлану және олардың есесін Алла Тағала мен Оның Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  бағынумен, шүкіршілік етумен қайтару – біздің міндетіміз. Ал ол міндеттерді шынайы ықыласпен және ыждағатпен орындап, Аллаға бағыну үшін біздер Алланы және Оның шариғатын толық біліп, үйреніп, мынандай артықшылықтарын жете  тануымыз қажет:

Біріншіден, Ислам – өмірдің барлық жағын қамтитын кәміл жүйе. Сондай-ақ ол Алла Тағаланың мәңгі шариғаты. Оның артынан ешқандай шариғат келмейді. Құран мен Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  сенімді сүннеті адамдарға дүниедегі және ақыреттегі өмірлерінің бақытты болуына кепіл болатын бірнеше заңдарды қамтиды.

Екіншіден, Ислам адамның ақылына қонымды және жанына жағымды нанымдарды ұсынады. Сонымен қатар, жанды ұнамсыз сипаттардан тазартып, тақуалыққа тәрбиелейтін құлшылықтарды, адамдар арасында қайырымдылыққа, әділдікке және  теңдікке негізделген қарым-қатынас нормаларын, салиқалы жеке тұлғаны қалыптастыратын көркем мінез-құлық пен этикаларды қамтиды. Алла Тағала Құранда: «Расында, бұл Құран жолдың ең турасына бағыттайды»[2], - деген.

Үшіншіден, Ислам мұсылманның физикалық қажеттіліктері мен рухани талаптарын қанағаттандырады. Ол – жанымызды мезі ететін дін емес, керісінше жеңіл дін.

Міне, сол себепті біз Алланың бұл шариғатының артықшылықтарын ұққаннан соң, Оның әмірлерін екі етпей, разылығына жетуге талпынуымыз қажет. Ал, шүкіршілікке нендей амалдар жатады?  Мал мен байлық үшін шүкіршілік ету қаржыны ізгі мақсаттарға пайдалану, пақырларға зекет беріп тарату арқылы жүзеге асады. Адам атқарып жүрген жұмысы арқылы алдымен өзіне, кейін өзгелерге пайда келтіріп жатса, Алла Тағаланың сөзін жеткізсе, бұның бәрі Аллаға деген шүкіршілік болып саналады.

Ал, бүгінгі біз сөз еткелі отырған тақырып Құранда 32 жерде қайталанып келетін және оның 23-і намазбен қатар айтылатын амал  зекет туралы болмақ.

Зекет сөзі араб тілінде «көбею», «тазару», «берекеттену» секілді мағыналарды береді. Ал зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: зекет беретін нисап  мөлшеріне  жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға  иелендіруі. Бұл  ғибадаттың зекет  деп аталуының  себебі  қалған байлықтың көбеюіне, берекеттенуіне әрі берушісінің  күнәларынан  тазаруына себеп болғандығынан. Зекет Рамазан оразасынан  кейін Һижреттің екінші жылы Шәууәл  айында парыз болды.

Зекет – ислам тіректерінің және  оның негіздерінің  бірі. Ол Құранның   отыз екі жерінде намазбен қатар аталған.

«Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс» деп Абай атамыз айтпақшы, барша мұсылман ғалымдары зекеттің парыз  екендігіне бірауыздан  келіскен. Зекеттің исламдағы орынын біле тұра, оның парыздығын жоққа шығарған адам дінсіз  атанса,ал парыздығын  мойындап, түрлі сылтаулармен малынан зекет шығармаған мұсылман күнәһар саналады  және ақыретте жазаға лайық болады. Алла Тағала Құранда: «Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер»[3],- деген.  Ал басқа бір аятта: «Оларға діндеАллаға ықыласты, ханиф түрде құлшылық етулері,намаз  оқулары және зекет  берулері ғана бұйырылған еді. Міне, бұл – туралық діні»[4],- делінген.   «Олардың малдарында сұрағанның да, сұрамағанның да алар үлесі бар»[5] деген аяттан да зекеттің парыздығын ұғынамыз. Ал хадисте: «Ислам діні бес негізден құралған: Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, шамасы  келсе қажылыққа  бару»[6],-делінген.

Ежелден мұсылман  атанып, Алланың әмірлерін  бұлжытпай орындап, Жаратушының разылығын  көздеген қазақ халқы да бес парызға, соның ішінде зекет ғибадатына салғырт қараған емес. Оны тіпті ақын-жыраулар мен жазушылардың еңбектерінен де байқауға болады. Мысалы,  әулие, ақын, тарихшы  Мәшһүр  Жүсіп Көпейұлы (1858-1931):

«Бай-кедей -  бәрі бірдей Құдайға құл,

Біреуді кем қып қойған, біреуді мол.

«Бай кедейге ауыссын, қарассын» деп,

Шеберлікпен жаратқан Құдыреті сол»[7], -  деп, жарлыларға қарасудың байлардың міндеті екендігін тілге тиек еткен.

Ал, Әбу Бәкір Кердері (1861-1903) бабамыз:

«Пайдасын өзің көресің,

Ғибадат қылып Аллаға,

Бір жаныңды нұрласаң.

Жаныңа ғазап хақ болар,

Ораза, намаз,зекет, хаж

Атқарып уақыт тұрмасаң»[8],-деп, бес парызды орындау арқылы адам пейішке лайық болатыны, ал  ол амалдарға  салғырт қарау кесірінен тозаққа лайық болатынын тілге тиек еткен. Зекет бермеген байлардың жазасы туралы Алла Құранда: « Алтын-күмістен қазына жинап, оны Алла  жолында жұмсамағандарды күйзелтуші  азаппен сүйіншіле. Қиямет күні олар тозақ  отына қыздырылып,  онымен олардың маңдайлары, бүйірлері  мен арқалары үтіктеледі де оларға: « Міне, мынау – өздерің үшін жиғандарың.  Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар»[9],-деген. Ал  Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: « Алла мал-дүние берсе де, зекетін төлемегенге  (ол мал-дүние) Қиямет күні көздерінде екі қара дақ бар  улы жылан кейіпінде  келеді де,  оны  орап  алып, жақтарына  жабысып: «Мен сенің мал-дүниеңмін, мен сенің қазынаңмын»,-деп   айтады.Сосын  Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «  Сараңдық істегендер есептемесін»[10]деген аятты оқыды»[11],-делінген.

Ал, жоғарыдағы Кердері Әбу Бәкір  бабамыз айтып отырған зекеттің пайдалары қандай екен? Осыған тоқталсақ.

Зекеттің пайдалары

Зекет берудің бұл дүниеде және ақыретте көптеген пайдалары  бар. Мысалы:

  1. Алланың және Оның Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әміріне бағыну әрі Алла мен Оның Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрген амалды нәпсі жақсы көрген мал-дүниеден  жоғары  қою.
  2. Орындалған амалы үшін сауаптың еселенуі.

Құранда: «Алла жолында малдарын жұмсағандардың мысалы,әр сабағында жүз дән бар жеті сабақ өсірген  бір дән секілді, Алла қалағанын  еселеп береді»[12],-делінген.

  1. Өз еркімен садақа беру – шынайы иманның айғағы әрі оны растайтын белгі. Хадисте: «Садақа-иманның  айғағы»[13],-делінген.
  2. Күнәлар мен жаман мінез-құлық кірінен тазару

Алла: «Олардың малдарынан сол арқылы оларды тазартып, кіршіксіздендіретін садақа ал»[14],-деген.

  1. Байлықтың артуы, оған береке даруы, сақталуы  және түрлі пәле-жаладан аман болуы. Хадисте: «Садақа бергеннен мал-дүние кемімейді»[15], - делінген.
  2. Садақа,зекет бергендер Қиямет күні өз ізгі ісінің саясында болады. Хадисте, жеті түрлі адамның Қиямет күні ешбір көлеңке болмаған кезде Алланың Аршысының көлеңкесінде саялайтындары айтылған. Солардың бірі: садақа беріп,  оны оң қолымен бергенді сол қолы білмей қалатындай жасырған кісі болатыны айтылған.[16]
  3. Алланың мейіріміне  лайық қылады. Аятта: «Мейірімім  әр нәрсені  сыйдырады.  Енді оны тақуалық қылғандарға,  зекет бергендерге және аятарымызға иман келтіргендерге  жазамын»[17],-делінген.
  4. Зекеттің пайдасы туралы түрік ғалымы Хайреттин Өзтүрк: «Зекет  берген кісі мен зекет алған кісі арасында сүйіспеншілік пайда болады. Әрі  бұрын болған жақындықты күшейтеді. Кәміл иман иелері жомарт болып, дәулеттерін  садақа тарату мен басқа да қайырымдылық істерімен әшекейлендіреді. Зекет арқылы қоғамдағы кедей, ғәріп, мүсәпір мен жетім-жесірлердің қиыншылықтары белгілі  мөлшерде жеңілдейді. Тіпті ондай ауыртпалықтар түп-тамырымен жойылады»[18],-дейді. 

Қазақ әдебиеті тарихында ең көп роман жазған жазушы Ілияс Есенберлин өзінің  «Қаһар» атты романында:

«Қазақтардың күнделікті өмірінде садақаның, зекеттің орны ерекше. Себебі, мұсылман кісі байлығының бір бөлігін тек бір Алла ризалығы үшін  пақыр отандастары мен діндестеріне  тегін  беретіндей көңілге  ие  болады.Осылайша  мұсылман баласы  әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз. Төмендегі деректер осыны көрсетеді: Салық екі түрлі болсын делінді: Біріншісі – зекет,екіншісі – үшір»[19], - деп, тілге тиек етеді.

PS: «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам - сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам - Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғамдағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қарасуын өлеңдеріне арқау еткен. Зекет берген адамның жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат кұшағына кіргендей күй кешіп, өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылтады. Зекет мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың оған игілгі мен сәлемі болсын): «Берген қол – алған қолдан қайырлы» - деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі. 

[1] Нахл сүресі, 18-аят
[2] Исра сүресі, 9-аят
[3] Бақара,34,83,110-аяттар
[4] Бәиина, 5-аят
[5] Зәрият,19-аят
[6] Бухари мен Муслим
[7] Қ. Бағашар, «Алла жіпті аттама», 85-бет. Көкжиек 2015
[8] Әбу Бәкір Кердері, «Қазағым»
[9] Тәубе 34-35-аяттар
[10] Әли Имран, 180-аят
[11] Бухари
[12] Бақара 261-аят
[13] Муслим
[14] Тәубе 103-аят
[15] Муслим
[16] Бухари мен Муслим
[17] Ағраф  156-аят
[18] Х.Өзтүк, «Ислам ғылымхалы»,752-753-беттер,  Хикмет 2011
[19] І.Есенберлин, «Қаһар»

0 пікір