Алла Тағалаға дос болу
Алла Тағалаға дос болу
6 ай бұрын 9005

Абай атамыздың көп өлеңінің негізгі идеясы иман мен Ислам екенін енді ғана аңғарып жатқандаймыз. Сондай діни астары бар шумақтарының бірінде данышпан ақын былай дейді: 

Жүрегі жұмсақ білген құл

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан – бәрі тұл,

Доссыз ауыз тұшымас.

Бір қарағанда, адамдар арасындағы достық жайлы шумақ секілді көрінгенімен, жақсылап үңілсек, оның мәні әлдеқайда тереңде жатқанына көзіміз жетеді. Мұндағы әңгіме жүрегі жұмсақ білімді құлдың шын дос таппай тыншымайтыны туралы. Басқаша айтқанда құл мен Жаратушы арасындағы достық жайлы. 

Абай айтқан адам мен Алла арасындағы достық деген не? Аллаға достық – қол жетуі өте қиын, алайда дүниедегі ең ыстық, ең қадірлі, қасиетті сезім. Қадірлі болатыны, онда екі жақты шын ризашылық бар. 

Алламен достық – ерекше еңбекті қажет ететін шыңырау биіктегі ұлы қазына. Ал шын мәніндегі достыққа жеткен, яғни Аллаға дос бола білген жанға екі дүниеде де қайғы-қасірет, уайым жоқ. Қасиетті Құран кәрімдегі: «Қаперлеріңде болсын, шын мәнінде Алланың достары үшін ешбір қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды, мұңаймайды » деген аят осыған дәлел («Юнус» сүресі, 62-аят). 

Әрине, Жаратқанмен достасу оңай емес. Бұл достық кәміл иманнан, көп құлшылықтан, терең ықыластан туады. Ардақты пайғамбарымыз: «Алланың достары кімдер?» деген сұраққа: 

«Қараған жанға, Алла еске түсіретіндер» деп жауап берген екен. Мұндай белгі Алланың дінінен зәредей алыстамайтын құлдардан ғана байқалады. Мәселен, бір мұсылман үнемі туралықты айтып, өзі де тек тура жолдан айнымай өмір сүрсе, жұрт одан иманның шын белгісін көреді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде былай дейді: «Алланың құлдарының арасында бір топ бар. Олар пайғамбар да емес, Алла жолында жан тапсырған шейіттер де емес. Бірақ қиямет күні олардың Алла құзырындағы орындарын көргенде пайғамбарлар да, шейіттер де қызыға қарайды ».

Сонда қасындағы сахабалар:

«Олар кімдер, бұл дүниеде қандай іспен айналысқан? Біз де оларды жақсы көріп қалдық», – деді.

«Өзара туыстық та, дүниелік те байланыс болмастан бір-бірін тек Алла разылығы үшін жақсы көретіндер. Алланың атымен ант етейін, олардың жүзі нұрға тұнып тұрады. 

Нұрдан соғылған мінберлерде отырады. Басқалар қорыққанда, олар қорықпайды. Жұрттар қайғырғанда, олар қайғырмайды » деді де, жоғарыда келтірілген аятты («Юнус» сүресі, 62-аят) оқып берді.

Мұндай деңгейге жету үшін нәпсі құмарлықтарынан арылып, күндіз-түні бір Алланы ғана ойлау керек. Алланың достары естігенін де, көргенін де, айтқанын да міндетті түрде Алла тағаламен байланыстырады. Таңның атуы мен күннің батуынан олар Алланың құдіретін көреді. Көктемнен де, қыстан да, таудан да, баудан да, құстың сайрауынан, өзеннің гүрілінен, жапырақтың сыбдырынан да Алланың шеберлігін көреді. Айналасының бәрі Алланың құдіреті жазылған  ұлы кітапқа айналады да, олар сол кітаптың әр әрпін оқығаннан ләззатқа батып, рахатқа бөленеді. 

Өлеңнің соңғы екі тармағында дүниедегі пайда, мақтан үшін жасалған тірліктің бәрі бекершілік екені, тек шын достың, яғни Алла тағаланың аты аталса ғана аузымыз тұшитыны айтылған. Әрине, бұл да бүкіл мәні тереңінде жатқан сөз. Қасиетті Құранның тәлімі бойынша да, жүрек тек Алланы еске алу арқылы ғана тыныштық табады. Қасиетті Құранда: 

«Сол бір (ең қадірлі адамдар) иман келтірген, ал жүректері әрдайым Алланы еске алып шаттыққа бөленеді. Естеріңде болсын, жүректер тек Алланы еске алғанда ғана толыққанды тыныштық табады» деген аят бар («Рағыд» сүресі, 28-аят).

Байқасақ, онда мәңгілік үшін жаратылған адам жүрегінің пәни де, өткінші нәрселерден қанағат таппай, тек жаратқан Иені еске алғанда ғана жайланатыны айтылып тұр. 

Қасиетті Құранда:

«Алла иман келтіргендердің досы (жәрдемшісі), оларды қараңғы түнектерден жарық нұрға шығарады » деген аят бар («Бақара» сүресі, 257-аят). Кімде-кім ұлы Алла тағалаға шынайы дос бола білсе, Алла да оған достық танытады. 

Дұға еткенге жауап беруші, сұрағанға нәсіп етуші, сыйынғанды панасына алушы Алла тағалаға «Уа, Раббым, Сен жек көргенді ешкім асқақтата алмайды, ал Сен дос болған адамды ешкім де төмендете алмайды» деп қанша жалбарынсақ та артық емес. Алла тағаламен байланысымыз неғұрлым тереңдеген сайын, соғұрлым дәрежеміз жоғарылай бермек. Сірә, мұсылман үшін бұдан артық табыс та, жеңіс те жоқ шығар?! Аят мазмұнынан Аллаға дос болудың ең бірінші шарты шынайы иман ету екендігін ұқтық. Бірақ иманның да өзіндік дәрежелері бар. Тарихта қиямет пен мизан таразысына, сират көпірі мен махшар алаңына, жұмақ пен тамұққа өз көзімен көргендей сенетін әзірет Әли секілді рухани әлемнің алып тұлғалары өткен. Міне, солар Алланың шын достары еді. Ал иман кәмілдігінің шыңына жеткен бірден-бір адам, ол әрине, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Саңлақ сахабалардың бірі Әбу Дарда (р.а.) ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізген:

«Дәуіт пайғамбардың дұғаларының арасында былай деп айтылғаны да бар: «Уа, Алла тағалам, Сенен сүйіспеншілігіңді, Өзіңді сүйгендердің сүйіспеншілігін, сондай-ақ мені Сенің сүйіспеншілігіңе бөлейтін ізгі істерді сұраймын. Уа, Алла тағалам, Өзіңнің сүйіспеншілігіңді маған өз жанымнан да, отбасымнан, дүниемнен де, салқын судан да сүйкімді ете гөр!». 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де Аллаға деген шексіз махаббатын өз өмірі мен көрсетіп кетті. Құлшылық етуден терең ләззат алатын. Түнде тұрып, ұзақ намаз оқығанда, аяқтары күптей болып ісіп кететін. Бұрын-соңғы күнәлары тегіс кешірілген болса да, мұнысын Аллаға деген шүкіршілік деп санайтын. Бір күні Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіттен келе жатқанда, қарсы алдынан бір кісі шыға келіп: 

«Уа, Алланың елшісі, қиямет қашан болады?» деп сұрақ қойды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қияметке нендей дайындығын бар?» - деп ұлы күннің қашан болатыны емес, оған әзірлік жасау маңызды екенін білдірді. Сонда әлгі адам: «Қиямет үшін көп намаз оқып, ораза ұстап, садақа таратып дайындық жасадым дей алмаймын. Бірақ мен Алланы және елшісін қатты жақсы көремін» деп ағынан жарылды. Бұны естіген парасат пайғамбары  (с.ғ.с.):

«Онда сен өз сүйгендеріңмен бірге боласың», - деген сүйінші хабарын жеткізді. Иә, иман дәрежелері әркелкі болатыны секілді, Алла тағаламен достық қылудың да түрлі сатылары бар. Аузынан Алласы түспейтін, намазын қаза етпейтін, жиі ораза ұстайтын, күнәлі істерге аттап баспайтын, түн баласы дұға етіп көз ілмейтін иманы терең мүмін мен құлшылығына атүсті қарайтын мүміннің Алла алдындағы орындары бірдей болмайтыны айтпаса да түсінікті....

"Даналық ойдан дән ізде" атты кітаптан. 

0 пікір