Ешкімді ренжітпеу және ешкімге ренжімеу - мұсылманның сипаты
Ешкімді ренжітпеу және ешкімге ренжімеу - мұсылманның сипаты
2 ай бұрын 3509

Кез келген мұсылман рақымды, сезгіш, жұмсақ, сыпайы кісі болуға күш салуы тиіс. Өйткені Алла елшісі (с.а.у.) танытқан және жақсы көрген мүмин, һәм, барша жанға жылы шырай көрсетеді, һәм, өзгелер де оған жылы шырай танытатын кісі болып табылады. Хазірет Мәулана осы мағынаға жақын: "Өзгеге дертке шипа болар балдай бол, мұңайтатын тікен болма", - дейді.

Хақиқи мүмин әуелі өзін жаратқан әрі алуан түрлі нығмет берген Раббысын ренжітуден сақтануы қажет. Кейін Алла елшісінің (с.а.у.) көңілін қалдырудан аулақ болуы керек. Өйткені Алла Тағала құран Кәрімде былай деп ескерту жасайды:

"Күмәнсіз, Аллаға және Оның елшісіне тіл тигізгендерге Алла лағынет етеді. Әрі (Алла) оларға қорлаушы азап дайындайды" («Ахзап» сүресі, 57-аят).

Яғни, кез келген мұсылман алдымен өз дінінің парыздарын мүлтіксіз орындауы ләзім. Харамдардан ұзақ тұрып, Алланың сүйген құлы болу мәртебесіне қол жеткізу үшін көп еңбектенуі қажет-ақ. Кейін күллі махлұқ атаулыны ренжітуден, көңілін қалдырудан, қайғыға салудан сақтанғаны жөн. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылманды: "(Хақиқи) Мұсылман - басқа мұсылмандардың оның тілінен және қолынан зиян көрмеген кісі. Ал мұхажир - Аллаһтың харамдарын тәркеткен кісі", - деп суреттейді. (Бұхари, иман 4-5, Риқақ 26; Мүслим, иман 64-65).

Басқа хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кімде-кім тозақтан аулақ болып, жәннатқа кіруді қаласа, өлімін Аллаға және ақыретке иман келтірген күйде күтсін. Әрі басқа жандардың өзіне қалай мәміле жасауын тілесе, оларға да солай мәміле жасасын!" - дейді (Мүслим, имара 46; Нәсай, Бәйғат 25).

Адамның ішкі жан сарайына Аллаһтың назары түсіп тұрады. Сол себепті біреудің ішкі жан сарайын жаралайтын әрекет жасау үлкен қателік болып табылады. Хазірет Мәулана былай дейді:

"Бойыңда жақсы қасиет болса, әуелі біреудің ішкі жан сарайын шат-шадыман ет! Топырақтан соғылған қағбаның негізгі мағынасы осы. Мынаны, есіңнен шығарма! Аллаһтың назары түсіп тұратын біреудің ішкі жан дүниесін талқан етсең, қағбаға жаяу барып, тапқан сауабың оны жаба алмайды!

"Сен сынық инеге бағаламаған біреудің ренішті ішкі жан сарайы - ғарыштан артық. Курсиден, ләухтан, қаламнан артық. Қор санама! Қандай жағдайда болмасын, ол барша дүниеден қадірлі. Ренішті кісінің ішкі жан сарайына Алла Тағаланың назары түседі. Мұндай ішкі жан сарайы екі жүз бөлікке бөлініп, ренжіген жанның көңілін табу Алла Тағаланың құзырында көптеген игіліктің сауабынан артық. Жақ ашпа! Әрбір шашыңда екі жүз тіл болса да, ішкі жан сарайдың құндылығын жеткізе алмайсың!".

Шейх Сағди былай дейді:

"Қандай да бір хабардың біреуді ренжітетінін аңғарсаң, жақ ашпа! Сен емес, басқалары жеткізсін!".

Фарудиддин Аттар "Пәрднама" атты туындысында былай дейді:

"Біреуді ренжітуге әуестенбе! Абырой табамын десең, халықтың игілігін айт! Жақсылық жасауға шамаң жетпесе, ең болмаса жамандық етпе! Аман-есен болайын десең, халықтың өсегінен абай бол!".

Басқа да ұлық кісілердің сөзіне көз жүгіртіп көрейік:

"Дүниедегі ең бақытсыз жан, адамдарды ренжіткен жан. Өйткені басына іс туғанда маңынан демеу көрсетер жан табылмайды".

"Гүлдің әдемі бейнесін көргің келсе, күздің күні сабағын сындырма!".

"Адамдарға дауыс көтеріп, дөрекі сөз қолданба! Дөрекі сөз лаулап жанған от тәрізді".

Ешбір жанды ренжітпеуге - қанаты қайысқан жетімдерге қамқор болу да жатады. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

«(Ал) жетімге келер болсақ, (ақысын жеп, зұлымдық етіп) оны қақпайлама! (Сонымен қатар) тіленшіге зекіме!» (Дұха сүресі, 9-10 аяттар).

«Дінді (яғни, қиямет пен қиямет күнгі есепті), жалған деп санап жүргенді көрдің бе? Ол, жетімді қақпайлап, (ақысын жеп, зұлымдық жасайды). Сондай-ақ ол, өзге біреуді, міскінді тамақтандыруға шақырмайды (құлық танытпайды)». («Мағұн» сүресі, 1-3 аяттар).

Демек, Алла разылығын көздейтін болсақ жетім-жесірдің мұқтаждығын өтеуге тырысуымыз қажет. Әдептен озбай, көмек көрсеткеніміз абзал. Бұл жайлы Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды: "Уа, иман келтіргендер! Аллаға және ақырет күніне иман келтірмеген күйде, дүние-мүлкін рия (елге көрсету) үшін сарп еткен жан секілді, (берген) садақаларыңның (құнын) міндетсіну және ренжіту арқылы жоймаңдар!" (Бақара сүресі, 264-аят).

Аллаһтың кез келген құлын қор көру, оны ренжіту Алла Тағаланы ашуландырады. Сол себепті ұлы адамдар әрдайым біреуді ренжітуден аттонын ала қашатын болған. Олар әрқашан оның Хақ Тағаламен байланысы болатындығын жадынан шығармаған.

Хазірет Мәулана бұл жайлы былай дейді:

"Біреудің ренжіткен жанның Алла Тағаланы ренжіткенінен хабары жоқ. Ол бұл жүректің, Хақ Тағаланың өзенінен су ішіп жүргендігін қайдан білсін!".

"Сауатсыздығымыз, надандығымыздың кесірінен Хақ Тағаланың достарын ренжітуді шын пейілімізбен тілейтіндігімізді аңғара бермейміз".

"Пәлеге тап болу, үлкен дерт. Адамдар пәлеге тап болған кісіге жаны ашиды. Алайда ақымақтық, өзін де өзгені де жаралайтын дерт болып табылады".

"Ақымақтар адамның қолынан шыққан мешітке құрмет көрсетеді. Ал керісінше адамдардың ішкі жан сарайын жаралайтын әрекеттерді іске асыру үшін қолдан келгенді істеп бағады".

Даңқы барша әлемге аян шайыр Жүніс Әміре біреуді ренжітудің терістігін былай деп жеткізеді:

«Көңілді құлазытқан болсаң,

Намазың босқа кетті.

Жетпіс екі ұлт болса да,

Беті қолын жумайтын жан жоқ сірә».

Тағы бір өлеңінде былай дейді:

«Ақ сақалды пір ұстаз да,

Өз ахуалынан бейхабар.

Қажылықтан бас тартсын,

Егер көңілді қалдырса.

Көңіл Алла Тағаланың орны,

Алла да оған (жүрекке) назар салады.

Ал кімде-кім көңіл қалдырған болса,

Екі дүниеде масқара болды» дейді.

Ешбір жанды ренжітпеу қаншама қиын шаруа болсадағы, адамның қолынан келер дүние. Алайда, ешбір жаннан көңілі қалып ренжімеу одан қиын. Өйткені жүрек пен қалауға кедергі болу үлкен машақат. Сол себепті ешбір жанды ренжітпеу - жолдың басы, ал ешкімнен көңілі қалып ренжімеу - жолдың аяғы болып табылады. Екеуінің арасы - жер мен көктей. Осы қашықтықтан мүдірмей өту таудай талап пен қажымас қайратты қажет етеді.

Иә, бұл арақашықтықты бағындыруды ниеттенген кісі барлық іс-әрекетіне дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Нәпсісін жамандықтан арылтып, ішкі жан сарайын пәктікке бөлеу басты ұстанымдарының біріне айналу керек. Міне осындай сатылардан кейін ғана мұсылман Хақ Тағала ілтипатына ілігетін деңгейге жетеді. Бұл деңгейде үш түрлі хал байқалады:

1). Ешкімді ренжітпеу халі. Бұл тақуа жандардың бойында болатын қасиет.

2). Ешбір жаннан (көңілі қалып) ренжімеу халі. Бұл - бойында жаратылыстарға деген махаббаты мол кісілерде кездесетін қасиет. Олар адамдардың мадағы мен сынына мән бермейді. Шайыр бұл ақиқатты былай деп жеткізеді:

"Ей, дүние сарайындағы ғашық!

Адам мен жынның мақсаты Хаққа ғашық болу.

Сен ешкімге ренжіме,

Саған да ешкім ренжімесін".

3). Бұл дүниелік пайда мен ақыреттік пайдаға тап болғанда, ақыреттік пайданы таңдап, Аллаһтың разылығын көздеу халі.

  • Мұсылман баласы ешбір пендеге залалын тигізбесе - Алла Тағаланың құзырына тақуалықпен,

  • ешкімнен ренжімесе - опалықпен,

  • істеген ісіне қарымта күтпесе - ықыласпен келеді.

Ұзын сөздің қысқасы ешбір жанды ренжітпеу, ешкімге ренжімеу имандылықтың белгісі. Осылай барша саналы ғұмырды өткізу үлкен ғанибет. Кез келген мұсылман баласының аузынан Алласы түспесе, өлім ақиқатын жадынан шығармайды, құлшылығы мен күллі іс-әрекетіне мән береді, яғни, ешбір жанға қолымен яки тілімен зиян тигізбейді. Сонымен қатар халық арасында сауатсыздығынан туындаған тұрпайылығы мен дөрекілігіне сабыр етеді. Сонда ғана ол, өзін бақытқа жетелер жолға түскен болады.1


1Осман Нұри Топбаш, «Өркениет шыңындағы жауһарлар». 2 том. Қазақ тілінде. «Хикмет» баспа үйі, Алматы – 2010 жыл.

0 пікір