Уызға жарымаған тәрбие
Уызға жарымаған тәрбие
3 күн бұрын 837

Балаға жастайынан берілуге тиіс діни, рухани, мәдени құндылықтарды бір ауыз сөзбен «негізгі тәрбие» немесе қазақы қолданыста «тәрбиенің уызы» деп атауға болады. Әр ұлттың өкілі негізгі тәрбиені өз елінде қалыптасқан дәстүр бойынша береді. Бірақ бүкіл елдерге ортақ тәрбие негіздерінің бар екенін естен шығармауымыз қажет. Мысалы, «балаға діни тәрбие беру» деген мәселе кез келген ұлттың немесе сенімнің өкілдерінде де кездесуі мүмкін. Алайда бұл  тақырыптың астарында қамтылатын мазмұн әр елде әр қилы болып келетіні анық.

Мысалы, мұсылманда перзенттеріне бір Аллаға, ақирет күніне сенуді үйретеді, оларға ардақты Мұхаммед пайғамбарымызды (с.а.с) танытады. Намаз оқуға, мешітке баруға баулиды. Ал христиандар, үштікке сенуді, шіркеуге баруды үйретеді. Осылайша әр сенімнің өкілі өзінше бір тәрбие береді. Қысқасы, негізгі тәрбие дегенде, ұл-қыздарымызды ана тілімізді уызына қандыру, ата дініміздің құндылықтарын үйрету, ұлттық салт-дәстүрлерімізді меңгертуді еске аламыз. «Уызына жарымаған» деп осы негізгі тәрбиені түрлі себептермен ала алмаған адамдарды айтуға болады.

Әрине, өз тілін білмей тұрғаны, өз дінін үйренбегені немесе салт-дәстүріне немқұрайлы қарауы үлкен кемшілікке жатады. Мұндай кемшілікті «заманның талабы» деп жылы жауып қоя салуға болмайды. Егер де бір ата-ана өз перзентін уызына жарытпаса, оның келешек өміріне өз қолымен балта шапты деген сөз. Мысалы, бір қазақ бір қазаққа: «Сіз қазақша білмейсіз бе?» деп сұрағанда, екіншісі «жақсы білмеймін» десе, бұдан артық сор, бұдан артық өлім жоқ. Бұлай жауап беру кімге оңай тисін. Титтей де намысы бар адам мұндай жағдайда өлердей қысылары анық: Шет тілін білмеу айып емес. Ал ана тілінде сөйлесе алмау – үлкен қасірет. Ал енді сол шүлдірлеп тұрған мәңгүрт балаға кезінде әке-шешесі ана тілін дұрыстап үйреткенде, балалары осындай күй кешер ме еді. Әрине, жоқ.

Дәл сол секілді мешітке немесе жаназа намазына келген бір мұсылман екінші мұсылманға «Дәретің бар ма?» десе, екіншісі «Мен дәрет ала алмаймын» деп жауап қатса не болады? Бұл да бір, өлім де бір емес пе? Өзін мұсылман санайтын ата-ананың үйінде өскен бала дәрет алудың тәртібін білмесе, қандай өкініш. Бірақ мұны жұрттың бәрі дұрыс сезіне алмауы да ықтимал. Мысалы, кейбір ата-ана өз перзенттерін ешкімнен кем қылмай киіндірсе, университет оқытса, содан соң жақсы бір қызметке тұрғызса, соны жетістік санауы мүмкін. Мысалы, кей кісілер әңгімесінде: «Құдайға шүкір, балаларды жетілдірдім, өсірдім, бәрін бір-бір қызметке тұрғыздым» деп кеуде керіп қалады. Ал баласының ана тілін білмейтіні, салт-дәстүрден жұрдай, дінінен мақұрым екенін есепке де алмайды. Сонда бұл мақтаныш қай мақтаныш деген ой келеді. Тіпті неке қидыруға келген екі жас мұсылманның куәлігі саналатын кәлиманы тілін келтіре алмай қиналады. Бұған жастардан бұрын оларды сонша жыл имани тәрбиеден жырақ қалдырған ата-ананың ұялғаны дұрыс. Баласына алғашқы тәрбиенің уызын берсе, сонда мақтанса жарасады. Ұл-қызы ана тілінде сайрап тұрса, намазын оқып, дінін ұстанып жүрсе, салт-дәстүрге келгенде жолын білсе, ата-ананың нағыз абыройы сол болса керек.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Білім іздену – әрбір мұсылманға парыз» деген. Бірақ қандай білім парыз деген сұрақ туады. Имам Ғазали дәл осы мәселеде жиырмадан астам пікірлер бар дейді. Біреулер, сенім парыз десе, екіншілер шариғат негіздері парыз деген ойды алға тартады. Міне, солардың қатарында бұл хадисті негізгі тәрбиеге қатысты деп қарастыруға болады. Алла тағала перзенттерімізді жастайынан тәрбие уызына жарытуды жазсын. Осындай ұлы міндетті атқаруға жеңілдік берсін.

Асылбек Әуезханұлы, «Жанұя жарасымы».

0 пікір