Гомосексуал тәубе етсе, тәубесі қабыл бола ма?
Гомосексуал тәубе етсе, тәубесі қабыл бола ма?
3 күн бұрын 763

Гомосексуализм қай уақытта да жеккөрінішті арсыз әрекет ретінде саналып келген. Гомосексуализм індеті бүгінде кейбір елдерде заңмен қорғалса да көпшілік халық оның адам табиғатына теріс, қоғамда орын алмауы тиіс аморальды әрекет деп біледі. Құранда ашық баяндалған Лұт қауымының ақырына қарап, ондай әрекеттің кең етек алуы – білдей бір елдің жоқ болуына себеп болып қалуы әбден мүмкін екендігін аңғарамыз[1]. Алла Тағала Лұт қауымының ондай жиіркенішті күнәларының жазасы ретінде бүкіл қауымға төбеден отты тас жаудырған. Құранның «Ағраф» сүресінде: «Біз оларға сұмдық жаңбыр жаудырдық» - делінсе[2], «Һуд» сүресінде қандай жаңбыр екендігін былай деп анық айтады: «Әміріміз келген кезде олардың мекенжайларының үстін астына келтіріп төңкердік және үстілеріне отпен қыздырылып әзірленіп қойған тастарды жаудырдық. Бұл тастарға Раббыңның қасында таңба басылған еді. Бұл жаза залымдардан алыс емес!»[3]. 

Гомосексуалды байланыс Исламда ауыр күнә, харам іс. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ. 

Бір жыныстылықтың - әрбір бірегейдің табиғатының бұзылуы, мұтацияға ұшырауы десек артық айтқан болмаспыз. Дегенмен, гомосексуалды әуестілік «нәпсәни» бір құбылыс болғандықтан, шын қалаған адам ол ауытқушылықтан арылып, түзеле алады деген ойдамыз. Мысалы, араққа салынған кісі, оның зардабын түсініп, күнә екендігін ұғынған жағдайда, тәубеге келіп жаман әдетінен арылып жатады. Ендеше, ондай жиіркенішті қылықтан да арылу мүмкін жағдай.

Бір жыныстылықтың қоғамға тигізер зияны да баршылық. Атап айтсақ:

1) Жігерлі, намысты ер-азаматтардың қатарының азаюына алып келеді.  

2) Отбасылы әйелдер арасында зинанын көбеюін тудырады. Өйткені еркектерінің әуесі өз жыныстастарына ауғаннан кейін, әйелдерінің бөтен еркектермен көңіл қосу ісі артары сөзсіз. Бұл өз алдына қоғамда азғындықтың ете алуына алып келеді.

3) Ұрпақтың жойылуы. Бір жыныстылық дертіне шалдыққан ер не әйелдер үйленуден бас тартып, өзінің жыныстасына құмарлығы ауып тұрады. Соның салдарынан дүниеге ұрпақ алып келу, отбасы құрып ата-ана атану деген сияқты құндылықтардың құны жоғалары сөзсіз. Іргесі берік отбасы болмағаннан кейін де іргелі, өркениетті мемлекеттің ұзақ жасауы екі талай.

4) Қоғамда түрлі жұқпалы аурулардың таралуына алып келеді. Гомосексуалды қатынасқа әуес боп жүргендердің көпшілігі түрлі қатерлі ауруларға тап болып жатады, оның ақыры СПИД ауруына шалдығумен аяқталады.

5) Және ең маңыздысы мұндай қатерлі күнәнің кең етек алуы – бүкіл бір елге Алланың қаһары түсіп, бір пәсте жойылып кетуіне алып келуі мүмкін.

Бір жынысты қатынастан пайда болатын аурулар

Осы саланы зерттеуші мамандардың бірі Махмұд Хижазидің «Жыныстық және репродуктивті аурулар» атты кітабында білдіргені бойынша, гомесексуалды қатынастан пайда болатын аурулар келесідегідей:

1) Спид.

2) Вирустық гепатит.

3) Сифилис.

4) Гонорея.

5) Герпес ауруы.

6) Бактериалды анальды инфекция.

7) Іш сүзегі (брюшной тиф).

8) Амебиаза ауруы.

9) Ішек құрты ауруы.

10) Анальды сүйелдер.

11) Қышыма ауруы.

12) Жамбас биттері ауруы.

13) Артқы қуыстың рагына алып келетін цитомегаловирус ауруы.

14) Жыныс мүшелерінің лимфогранулематозды ауруы[4].

Тәубе етсе, тәубесі қабыл бола ма?

Гомесексуалдардың о дүниедегі азаптары өте ауыр. Алайда, ондай жаман ерекшеліктен арылып, тәубеге келген пендесін Алла Тағала әрдайым кешіруге дайын екендігін де айтқымыз келеді. Мұны Жаратушы Иеміз Құран Кәрімнің көптеген жерінде ашық білдірген. Құранда: «Шынында Алла Тағала өзіне серік қосуды кешірмейді. Одан басқа қалағанның күнәсін кешіреді» - делінеді[5].

Басқа бір аятта:

«Бірақ кімде-кім, тәубе етіп, иман келтірсе және ізгі іс істесе, міне солардың Алла жамандықтарын жақсылыққа ауыстырады. Шынында Алла Тағала - аса кешірімді, ерекше мейірбан»[6] – деген.

Осы аяттағы «міне солардың Алла жамандықтарын жақсылыққа ауыстырады...» деген жеріне кейбір тәпсіршілер: «тәубеге келіп, дұрысталуға бет бұрғандардың Алла бойларындағы жаман сипаттарын, жақсы сипатқа өзгертеді» - деп тәпсірлеген. Сонда егер, гомосексуалдылық сипаттағы кісі, тәубе етіп, дұрысталуға бел буса, Алла Тағала оның күнәсін кешірумен қатар, оның бойындағы ондай жаман сипатты, жақсы сипатқа өзгертіп қояды деген сөз. Әлемде қаншама жігіт Алла Тағалаға бет бұруының нәтижесінде мұндай жаман сипаттан арылған. Сондықтан да, ондай жолдағы кісі о дүниеде тозақта мәңгі шыжғырылғысы келмесе және қиямет қайымға дейін қабірінде азапталып жатқысы келмесе, қазірден тәубе етіп, дұрысталу жолын қарастыруы шарт. Жан алқымына келгенде тәубе қабыл болмайды. Оған дейін тәубесі қабыл болады.

Алла Тағала баршамызға тауфиқ берсін. Адасып жүргендерге һидаят берсін! Әлһәмдулилләһи Раббиль аләмин!


[1]  Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 7/80‒84 аяттар; «Һүд»‒11/78‒83; «Әнбия» ‒21/74; «Шуғара»‒26/161‒175; «Нәмл»‒27/54; Анқабут‒29/28‒35.
[2] «Ағраф» сүресі, 84 аят.
[3] «Һуд» сүресі, 82, 83 аяттар.
[4] fiqh.islamonline net
[5] «Ниса сүресі», 116 аят.
[6] «Фұрқан» сүресі, 70 аят.

Абдусамат Қасым
0 пікір