99 қағидасы (ғибрат хикая)
99 қағидасы (ғибрат хикая)
1 жыл бұрын 4635

Баяғыда бір патша өзінің уәзірінен:

- Неге менің қызметшім түгі болмаса да менен бақытты? Мен болсам патша бола тұра көңіл-күйім болмайды, – деп сұрайды.

- Қызметшіңізге 99 қағидасын қолданып көріңіз, - дейді уәзір.

- Ол нені білдіреді? Мағынасы не? – дегенде, уәзірі оған:

- Бір қалтаға 99 алтын динар салыңыз да, түнде ол қалтаны қызметшінің есігінің алдына қойып кетіңіз және қалтаның сыртына «100 динар» деп жазып қойыңыз. Есігін қағыңыз да, не боларын бақылаңыз, - дейді.

Патша уәзірінің айтқаныдай істеп, ішінде 99 алтын динар бар, бірақ 100 динар деп жазылған қалтаны қызметшісінің есігінің алдына қойып кетіп, есігін қағып кетіп қалады.

Есік қағылғанын естіген қызметші ашып қараса ешкім жоқ, бірақ бір қалта алтын жатады. Алып санап қараса, ішіндегі алтын саны тоқсан тоғыз екен, алайда сыртында "жүз алтын" деп жазылып тұрғанына қарағанда, біреуі сыртта түсіп қалса керек деп пайымдайды. Осылайша қызметші бала-шағасымен бірге түсіп қалды деп ойлаған бір алтынды шарқ ұрып іздеуге кіріседі. Түнімен іздейді бірақ таба алмайды. Кеміп қалған бір динарды таба алмағанына қызметші ашуланады. Бұрын үндемей жүретін қызметші жоғалған бір алтын динарды таба алмағанына долданып, үй ішінің берекесін алады.

Осылай таң атады. Қызметші күнін көңіл күйсіз бастайды, өйткені ол 100 алтынның ішінен жоғалған бір алтынды таба алмағанына кеиді. Жүзінен күлкі кетеді. Қабағы түйіледі.

Қызметшісінің халін бақылаған патша «99 қағидасы» деген қағиданың мәнін түсінеді. Оның мәні: Біз қолымыздағы Алла берген 99 нығметті ұмытып кетеміз де, қолымызда жоқ бір нығметті ойлап, соған көңіліміз түсіп, қапаланамыз. Ал негізінде сайып қарасақ, бізге Алла Тағала көптеген нығмет беріп қойған, өкінішке орай олардың бәрін ұмытып, бізде жоқ бір нығмет үшін қайғыланып жататын кездер болады.

Ғибрат:

«Қолыңда жоқ бір нығметті іздеп қапаланғаннан гөрі, қолыңда бар 99 нығметтің қадірін біл!»

Абдусамат Қасым

0 пікір