«Шын мәнінде адам баласы Құдайына тым шүкірсіз»: «Адият» сүресінің 6 аятының қысқаша тәпсірі.
«Шын мәнінде адам баласы Құдайына тым шүкірсіз»: «Адият» сүресінің 6 аятының қысқаша тәпсірі.
1 жыл бұрын 5400
Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ)
 إِنَّ الْإِنسَانَ لِرَبِّهِ لَكَنُودٌ
«Шынында адам баласы Раббысына тым нанкөр (ләкәнуд)».

Яғни, аяттың мәні: пенде - Құдайдың оған берген нығметінің қадірін білмейтін, жақсылықты түсінбейтін, шүкірсіз жаратылыс. Ол көбіне өмірінде кездескен қиыншылықтарды ғана еске алады да, ал Алланың беріп жатқан және қасқағым сәт те одан айырылмайтын өзге жақсылықтарын ұмыт қалдырады. Сондықтан да, Хасан (әл-Басри болса керек) аяттың арабшасындағы «әл-Кәнуд» сөзіне: «Кәнуд – жақсылықтарды ұмытып, тек жамандықтарды ғана тізіп отыратын адам» - деп анықтама берген[1].

Бұнымен қатар «Кәнуд» сөзіне: «сараң, шықбермес, садақа беруге келгенде тартынатын қолы тар адам» деп анықтама бергендер де бар[2].   

Жалпы алғанда адам баласының жаратылысы солай екендігі даусыз. Бірақ, мүмін-мұсылман өз-өзін Алланың берген нығметтеріне шүкір етуге тәрбиелеп, сол жолда күш сарп етеді және басына келген қиындықтарға сабырлық танытады. Мәселен, Алла Тағала мына бір қасиетті аятында: «Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылган», - деп сипаттаса ("Мәъәриж", 19), басқа аятында пенделерді «тым шыдамсыз» деп сипаттайды ("Исра", 11), яғни, жалпы адам баласы осындай дегенмен, олардың қатарына «намаз оқушыларды» қоспайды, оларды бөлек қояды. Олар - мүміндер.

Демек, барлық адам баласының табиғаты солай жаратылған (яғни, сабырсыз, жақсылықты білмейтін шүкірсіз, шыдамсыз болып жаратылған). Алайда, мүмін-мұсылман өз-өзіне болмысындағы ондай табиғаттан шығуға салмақ салады (табиғатындағы ондай сипаттарын өзгертуге тырысады) және табиғатын басқа табиғатқа өзгертеді, құдды хайуандар мен аңдар секілді. Мысалы, олардың табиғатына – адамдардан үркушілік және адамдарға жанаса алмайтын жабайылық тән. Алайда, жаттықтырып, үйрете келе адамдардың қастарын мекен тұтып, адамдар шақырғанда келетіндей күйге айналады (сол сияқты, аятта «барлық адам» деп тұрса да, мүміндер өздерінің табиғаттарындағы оғаш сипаттардан өз-өздерін тәрбиелеу арқылы арылады. Бір шеті, бұл жерде Имам Мәтуриди адам баласының табиғаты өзгермейді деген пікірді де жоққа шығарып тұрғандай. Адам шын кіріссе болмысындағы жаман қылықтардан арыла алатындығын ұғындыруда, құдды табиғатынан жабайы хайуанды үйрету арқылы, оның жабайылық болмысын өзгертіп, үй жануарына айналдырғаны сияқты, адам да өз өзін тәрбиелеп, Құдайға жақсы құл бола алады).    

Имам Мәтуридидің «Тәуиләту Әһли сунна» («Әһли суннаның жорамалдары»)
атты тәпсір кітабынан алынды. 10-ші том.

Абдусамат Қасым


[1] Ибн Жәрир, №37843, Сәъид ибн Мәнсур, Абду ибн Хәмид, Ибн Жәрир, Ибн Мүнзир, Ибн Әби Хатим және әл-Бәйһақи «шуъаб» атты кітабында келтірген. («әд-Дурр әл-Мәнсур»).
[2] Хасан және Қатада айтқан. Бұл деректі Әл-Бәйһақи өзінің «әш-Шуъб» атты кітабында келтірген («әд-Дурр әл-Мәнсур»).

 

0 пікір