«Құмырсқаны да ренжітуге жол жоқ»
«Құмырсқаны да ренжітуге жол жоқ»
1 жыл бұрын 4103
"Құмырсқаны да ренжіту жоқ"

Абдулла ибн Абдуррахман, әкесі Абдуррахманның (радияллаһу анһ) былай деп әңгімелегенін риуаят қылады:

«Бір жорық кезінде Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләммен бірге едік. Расулуллаһ бір кезде өзінің қажеттілігі үшін шығып кетті. Сол кезде «хұммара» деген бір құсты көрдік. Екі балапаны бар екен. (Құс ұшып кеткенде) балапандарын алдық. Бақұс анасы біздің қасымызға келіп, қанатын қағып жанталасып, шырылдап ауада ары-бері, жоғары-төмен ұшып жүрді. Расуллуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм біздің қасымызға келіп:

«Кім бұл байқұстың балапандарын алып, қинап жатқан? Балапандарын қайтарып беріңдер!» - деп әмір етті.

Тағы бірде құмырсқа илеуін өртегенімізді көрді. (Құмырсқалардың өртенген илеуіне қатты жаны ашып):

-  Кім мұны жаққан? – деп сұрады.

- Біз, - дедік. Сонда саллаллаһу алейһи уә сәлләм:

- Отпен азаптау, тек оттың Раббысына ғана тән, - деді. (Әбу Дәуід, «Сүнен», 122 (2675), «Әдәб», 176 (5268).

Пайғамбардық сезімталдығынан нәсібін алған османлы патшасы Кануни Сұлтан Сүлеймен сарайының бақшасында алмұрт ағашын шіріткен құмырсқаларды өлтіруге рұқсат алу үшін, сол замандағы Шәйхул Ислам Әбус-Суғуд Әфәндиге хат жолдап, төмендегі өлең шұмағымен пәтуа сұрайды:

Аулаңда көп зиян қылса құмырсқа,
Оларды менің өлтірткенім дұрыс па?

Патшаның бұл хатына Әбус-Суғуд Әфәнди терең мағыналы мынадай екі қатар өлең шұмағымен жауап жазыпты:

Ертең хақтың құзырында ұмытпа,
Сүлейменнен ақы алар құмырсқа!..

Барлық жаратылғандар Алланы зікір етеді

Бір күні Үфтәда Хазірет шәкірттерімен бірге қырға шығады. Оның тапсыруы бойынша барлық дәруіштер қырдың ең әдемі жерлерін аралап, ұстаздарына бір-бір шоқ гүл әкелуге кетеді. Бірақ Қазы Махмуд Әфәнди ғана ұстазына солғын бір өліп қалған гүл алып келеді. Басқалар мәз-мейрам болып, қолдарындағы әдемі гүлдерді ұстаздарына табыс етіп болғаннан соң, Қазы Махмуд мойны салбырап, ұяла сынық, солған гүлді ұстазы Хазіреті Үфтәдәға береді.

Өзге шәкірттері таңырқап отырғанда, Хәзіреті Үфтәда:

- Махмуд, балам-ау! Бәрі әдемі гүл шоқтарын әкеліп жатқанда, сен неліктен бір-ақ тал өзі сынық, өзі солған гүл әкелдің? – деп сұрайды. Қазы Махмуд әдеппен:

- О, тақсыр! Сізге не сыйласам да аз болар еді. Бірақ қай гүлді жұлмаққа қолымды созсам болды, ол гүлдің «Алла, Алла» деп, Раббысын тәспих етіп, зікір айтып жатқанын көрдім. Жүрегім олардың бұл зікірлерін бөлуді қаламады. Сосын амал жоқ, мынау қолымдағы «тәспих етуді» тоқтатқан солған гүлді әкелуден басқа амалым қалмады! – дейді. Шәкіртінің бұндай керемет, терең мағыналы жауабына өте қатты разы болған Хазіреті Үфтәданың аузынан сол сәтте:

- Һүдәи, Һүдәи (Құдайы, Құдайы)... балам-ау! Бұдан кейін сенің атың «Һудаи» болсын. Ей, Һүдаи! Бұл қырға шыққандарымыздың арасынан сен ғана нәсібіңді алыпсың, - деген сөздер төгіле бастаған екен.

Осылайша Қазы Махмуд Һүдәи атанып кетіпті. Өйткені ол енді әлемдегі тәңірлік сырларға және рухани әлемге көзін ашқан еді. Әлем оған кітап іспетті өз парақтарындағы сырларын аша бастаған болатын.

Содан кейін халық «Һүдәи» деп аталған Қазы Махмуд Әфәндінің қол жеткізген ерекше рухани деңгейін құрметтеп, есімінің алдына «Әзіз» деген атты қосып, Әзіз Махмуд Һүдәи деп атай бастаған. Ол сол атпен танымал болып, ел есінде қалды[1].


[1] Осман Нұри Топбаш: «Мәңгіліктің таңына қарай махаббат және мағрифат», «Хикмет» баспаүйі, Алматы.

0 пікір