Рух жайында
Рух жайында
11 күн бұрын 2091
Имам Жәләлуддин әс-Суюти

Бисмилләһир рахманир рахим

Біздің сеніміміз бойынша, дене өлгеннен кейін рухы қалып, нығметке бөленеді немесе азап шегеді, ол (рух) жоқ болып кетпейді. Әрбір рухтың өз денесімен бейнебір мағнауи (рухани) байланысы болады. 

Шейіттердің рухтары жасыл құстың жемсауында (немесе құстың ішінде) болады, олар пейіште еркін кезіп жүреді. («Сахих Мүслім»).

Өзгелердің рухтарына келсек:

  1. Мүмін-мұсылмандардың рухтары "Ъиллиин" деп аталатын «ұлық орында» болмақ عليين-Ъиллиин» - ұлық орын, ұлық мәртебе, бұл орынның жеті қабат аспанның жетінші қабатында орналасқан дегендер бар, Арштың астында деп түсіндірме берген ғалымдар бар, оны пейіш деп түсінгендер бар, тіпті, ғарыштың оң жағы деп болжам жасаған тәбиғиндер де болған – ауд.).
  2. Ал, кәпірлердің рухтары «сижжин» деген орында болады. (Сижжин – жеті қабат жер астындағы орын, сондағы тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр, кәпірдің рухы ол жерде қамауда болады, арабтарда түрмедегі адамды "сәжин" дейді – ауд.)

Құртуби[1] айтқан:

«Шейіттердің рухтары - пейіште болады. Ал қалған (мүміндердің) рухтары кейде жерде – қабір аймағында болады. Кейде аспанда болады. Тіпті  әр жұма сайын қабірлеріне келіп тұрады деп те айтылады. Мүміндердің рухтарының бәрі пейіште деп те айтылады»[2].

Имам Табарани айтты: Әбу Зуръа әд-Димәшқий бізге хадис айтты, ол айтты: бізге Абдулла ибн Салих Домра ибн Хәбибтен мына хадисті жеткізді деп:

«Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мүміндердің рухтары жайында сұрады. Ол (с.а.у.): «Олар жасыл құстың ішінде, қалағандарынша пейіште кезіп жүреді» - деп жауап берді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулаллаһ! Кәпірлердің рухтары ше? – дегендерінде, Алла елшісі: «Олар сижжинде қамаулы»- деп жауап береді. Бұл хадис – мүрсәл хадис.

Уәһб ибн Мүнәббиһ мынадай мәлімет жеткізеді: 

«Жетінші көкте «Бәйдо» (البيضاء) делінетін Алланың үйі бар. Онда мүміндердің рухтары жиналады. Қашан осы дүниедегі біреу қайтыс болса, оның рухын өзге рухтар қарсы алып, дүниедегі жаңалықтарды сұрайды. Құдды ғайып адам, оларға келген кезде отбасының жағдайын сұрағаны секілді»[3]. 

Кәпірлердің рухтары жайында Әзіреті Әлиден жеткен риуаятта, Ол (Әли р.а.) былай деген: 

«Жердегі Алла Тағалаға ең сүйкімсіз мекен, ол – «Бәрһүт» деп аталатын аңғар. Онда кәпірлердің рухтары бар. («Мәуқуф» хадис).

Шетінеген балалардың рухтары қайда болады?

Ахмед ибн Хәнбәл өзінің «мүснәдінда» және әл-Хәким өзінің «әл-Мүстәдракінда», сондай-ақ, әл-Бәйһәқи мен ибн Әби Дәуід өздерінің «әл-Бәъс» атты кітаптарында т.б. хадисшілер әртүрлі жолдармен Әбу Һурайрадан мына хадисті келтірген:

«Мүміндердің балаларының рухтары пейіштегі бір тауда болады. Оларды Ибраһим пайғамбар мен жұбайы Сара, қиямет күнінде әкелеріне қайтарылғанға дейін қарайды». Әл-Хәким хадисті сахих деген.

Өлім және ажал

Өлім – ажалмен болады. Ажал деген – Алла Тағала әзәлден жазып қойған адам өмірінің бітетін уақыты. Адам біреудің қолынан қаза тапса да ажалы келгендіктен өлген болады.

Иман пен күнә

Біздің сеніміміз бойынша, күнә адамның иманын жоймайды және (ол күнә істегені үшін) кәпір болып қалмайды. Және күнәһар адам күпір мен иманның ортасында болмайды (Мұғтазилиттер айтқандай).

Сондай-ақ, бидғат та иманды жоймайды. Мысалы, Алланың сипаттарын жоққа шығару, құлдардың істерін Алла жарататындығын жоққа шығару, яки, Алла Тағаланы ақыретте көрінуінің мүмкін нәрсе екендігін жоққа шығару сияқты (бидғаттар айтушыны иманнан шығармайды, бірақ ол - адасқан, әрі бидғат иесі саналады). Өйткені, (аталмыш бидғаттар) тәуилге (жорамалға) сүйенген. 

Ал, бірақ, Алланың «жүзияттарды» (әлемдегі болып жатқан нәрселердің бүге-шүгесіне дейін) білуін жоққа шығару - адамды кәпір етеді. Ол даусыз.

Тәубе етпей, күнәһәр болған күйі өлген әлдебір мүмінге қатысты «нақты азапталады» деп айтпаймыз (нақты тозаққа түседі демейміз, Алланың қалауына қалдырамыз). Ол азапқа түскен жағдайда (тозаққа түскен болса), ол онда мәңгі қалмайды, оның ол жерден шығып, пейішке кіретіндігін нақты айтамыз. Бәззәз және Табарани риуаят еткен хадисте былай делінген:

 مَن قال : لا إلهَ إلا اللهُ ؛ نَفَعتْه يومًا من دهرِه ، يُصيبُه قبلَ ذلكَ ما أصابَه

«Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ деп кәліма айтса (және жүрегімен сенсе), ол оған қиямет күні пайдасын тигізеді. Бірақ, одан бұрын басына келетін нәрсе келеді (яғни, тозаққа түсер болса, белгілі бір кезең азапталып, кейін иманы себепті қайта шығарылады-ауд.).[4]

 (Сахих Хадис).

Араб тілінен аударып, дайындаған: А. Қасым.


[1] Мұхаммед ибн Ахмед әл-Құртуби – миләди 1272 не 1273 жылдары Андулусияда (Испани) дүниеге келген, ұлы тәпсірші ғұлама.
[2] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «Итмәмуд Дироя Лиқуррои ән-Нуқоя» - Рух.
[3] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «әл-Хәуи лильФәтәуә» - «Мәбхасуль Мәъәд».
[4] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «Итмәмуд Дироя Лиқуррои ән-Нуқоя» - Рух.

0 пікір