Қазақ салт-дәстүрінің Ислам дінімен байланысы
Қазақ салт-дәстүрінің Ислам дінімен байланысы
9 күн бұрын 1440

Қазақ халқы – әлмисақтан мұсылман. Ата-бабамыз мұсылманша хат танып, мәйіттерін мұсылманша жерлеп, балаларының есімдерін мұсылманша қойғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. «Баламды медресеге біл деп бердім...» деп Абай атамыз жырлағандай, бабаларымыз балаларын медреседе оқытып отырған.

Өкінішке орай, біраз ғасыр бойы қалмақ-жоңғар шапқыншылығы қара бұлттай төбемізге төніп тұрды. Одан кейін Ақпатшаның отарлау саясаты жүргізілді. Одан қала берді кеңес кезеңіндегі қыспақ. Бұлардың бәрі қазақ халқының дін ілімімен терең айналысуына мүмкіндік бермеді. Ақырында мұсылманшылық рәсімдердің кейбірі ғана сақталып, жалпы алғанда діннен ұзақтап қалдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана төл дінімізді еркін оқып-білуге мүмкіндік туды.

Қазақ халқының салт-дәстүрге берік екендігі рас. Бірақ, қаншама ғасыр мұсылманшылықты ту етіп келген халықтың салт-дәстүрінің дінмен ұштаспауы мүмкін емес. Ол екеуінің бір-бірімен біте қайнасып, бір-біріне әсерін тигізбеді дей алмаймыз. Бұған қазақ халқының салт-дәстүрлерінің біразы дәлел. Салт-дәстүр мен дінді салыстыра келе, біраз қазақи әдет-ғұрыптардың діннен алатындығын байқаймыз. Әрине, дінмен ұштаспайтын кейбір ырымдардың да барын жасыруға болмайды. Жалпы алғанда діни жоралғыларды айтпағанда, салт-дәстүрдің көпшілігінің дінмен үйлесетіндігін, тіпті біраз әдет-ғұрыптардың діннен алынғанын нақты айтуға болады. Соның айғағы ретінде, бүгінгі мақаламызда діни негізі бар кейбір әдет-ғұрыптарды қысқаша беріп отырмыз. Олар төмендегідей: 

1. Сәрсенбінің сәтті күні.

«Сәрсенбінің  сәтті  күні»  деген  сөзге  негіз  болар  риуаят  бар. Ол риуатта былай делінеді: «Сәрсенбі күні не нәрсені істеп бастаса да, онысы аяқсыз қалмайды»[1]. Яғни, «сәтті күн» деген ұғымда.

2. Бейуақытта ұйықтамау.

«Іңірде жатқан ырыссыз қалар» демекші, қазақ ұғымында күн батып, әлі қараңғы түсе қоймаған сәтте ұйықтауға болмайды. Мұның шариғатта да негізі жоқ  емес. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір «хадис шәрифте» былай делінеді: «Шынында, Алла елшісі (с.а.у.) құптаннан алдыңғы ұйқыны ұнамсыз көретін әрі құптаннан кейін әңгіме-дүкен құруды ұнамсыз көретін»[2]. Осыған орай, кейбір Ислам ғұламалары ақшам мен құптан арасында ұйықтауды мәкруһ санаған.

3. Түшкірген кезде «рас екен» деу.

Біздің ұлтта әңгіме айтып отырып, түшкіркен кісі «рас екен» деп жатады. Оның да хадистен алынғанын бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Атап айтсақ, сахаба Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім әңгіме айтып жатқан кезінде қасындағы адам түшкірсе, демек ол рас айтады»[3]. Әрине, айтылған сөздің растығына жету үшін әлдекімнің түшкіруі жеткіліксіз. Дегенмен, қазақ ұғымындағы әлгіндей түсініктің дінде де негізі бар екен.

4. Құлақ шыңылдағанда «біреу мені еске алып отыр» деу.

Қазақ халқында оң құлағы шыңылдаса «біреу мақтап жатыр», ал сол құлағы шыңылдаса «біреу даттап жатыр» деу әдеті бар. Мұндай пайымның да дінде негізі жоқ емес. Бір «әлсіз риуаятта» Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегендігі айтылады: «Әлдекімнің құлағы шыңылдаса, мені еске алып, маған салауат айтсын және былай десін: «Уа Алла! Мені жақсылықпен еске алушыны сен де жақсылықпен еске ал!»[4]. Осы риуаттағы «Уа, Алла! Мені жақсылықпен еске алушыны сен де жақсылықпен еске ал» деген сөзден - құлақ шыңылдаса, әлдекімнің оны есіне алатындығы түсінікті болып отыр.

5. Нанды құрметтеу.

Қазақ халқында нанды аса қатты қадірлейтіндігі баршаға аян. Жерде жатса көтеріп, жоғарыға қойып қоямыз. Аяқпен басуды дөрекі қате деп есептейміз. Нан үзгенде екі қолмен үзуді насихаттап, бір қолмен үзуді «кесір» деп жатамыз. Енді нанды осынша қастерлеудің астарында «ашаршылық жылдардан» қалған түсінік жатыр деуіңіз мүмкін. Бірақ, біз ондай түсініктің Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір асыл хадисінен бастау алады деп есептейміз. Алла елшісі былай деген: «Нанды құрметтеңдер! Нанды құрметтегенді Алла да құрметтейді»[5].

6. Қолды жуғаннан кейін қолды сілкілемеу.

Қазақтың бұл тыйымының да дінде негізі бар. Бір «әлсіз хадисте» былай делінеді: «Дәрет алған болсаңдар қолдарыңды сілкілемеңдер. Шынында сілкілеу –  шайтанның желпуіші»[6]. Осыған  қарап,  Ханафи  ғалымдары  мен  Шәфиғи  ғалымдары дәреттен кейін қолды сілкілеудің "жеңіл мәкруһ" екендігін айтқан.

7. Иттің ұлуы.

Ит ұлыса оны жамандыққа жориды. Бұл да хадистен шыққан түсінік деуге болады. Хадисте иттің шайтанды көргенде ұлитындығы айтылған.

8. Қайтыс болған кісінің жетісі мен қырқын беру.

Ислам шариғатында кісі қайтыс болғаннан кейін оның жетісін беру, артынан қырқын беру бұйрығының жоғы рас. Дінде ондай рәсім қалыптаспаған. Сол себепті, жеті мен қырқын беруді салт-дәстүрге жатқызып жүрміз. Әрі діндегі үкімі «мубах», ерікті амал. Бірақ, ондай жоралғының Ислами мәліметтерден бастау алатындығын көпшілігіміз біле бермейміз. Табиғиндердің ұлық ғұламасы Таус ибн Қайсан (р.а.) былай деген: «Шынында,  мәйіттер  (қабірге  қойылғаннан  соң)  жеті  күн бойы сынаққа душар болады. Осыған орай, олар (яғни, сахабалар) осы күндері сол мәйіттердің атынан ас беруді ұнамды  санайтын», – дейді табиғин ғалым. Сондай-ақ, бір риуаятта: «Қабірде мүмін адам мен мұнафиқ адам сынаққа душар болады. Мүміннің сынағы – жеті күн. Мұнафиқтың (екі жүздінің) сынағы – қырық күн»[7]Осы риуаяттарда мархұмның кейбірі жеті күн, ал кейбірі қырық күн бойы сұраққа тартылатындығы айтылуда. Осы уақыт арасында оның атынан ас беріп, садақа тарату, оның сауалын жеңілдетері анық. Қазақтың да жетісін беру және қырқын беру дәстүрінің түп төркіні осындай діни мәліметтерде жатыр дей аламыз.

Осындай сәйкестіктерге қарай отырып, діндегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың көпшілігі Ислами мәліметтерден бастау алатындығын айтуға болады. Олардың бәрін анықтау әрине уақыттың еңшісінде.

Мақаладағы мәліметтер: 
«Заман тудырған сұрақтар» 
атты кітаптан ықшамдалынып алынды (1-2 том). 
Авторы: Абдусамат Қасым. 
Нұр-Сұлтан қаласы, 2020 ж. «Самға» баспасы.

 


[1] Әл-Хафиз әс-Сахауи: «әл-Мақасыйдуль Хасана».
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 543 хадис.
[3] Фәтәуә әл-Имәм ән-Нәуәуи – 72-73 бет.
[4] Әл-Байхақи: әл-Даъауатул Кубра – №417 хадис.
[5] Табаранидің хадистер жинағынан. Әлсіз хадис.
[6] Әл-Хафиз Ибн Хажар әл-Ъасқалани: «Фатхуль  Бәрии  бишәрхи  Сахихиль  Бұхарии».  №246  хадис  түсіндірмесі.
[7] Имам Жәләлуддин әс-Суютии: «әл-Хәуии лиль Фәтәуә». 2 том. 169 бет.

0 пікір