"МҮТӘУӘТІР" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА
"МҮТӘУӘТІР" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА
20 күн бұрын 2461
Шейх Махмұд Тоххән

Бисмилләһир рахманир рахим

Хабарлар (риуаяттар, хадистер) бізге жету жолдарына қарай екі топқа бөлінеді:

  1. Егер хадистің келу жолдары белгілі бір сандармен шектеулі болмаған болса, ол - мүтәуәтір хадис.
  2. Егер хадистің келу жолдары белгілі бір санмен шектеулі болса, ол «ахад» хадис.

Әр екеуінің де бөлімдері мен егжей-тегжейі бар...

МҮТӘУӘТІР

Мүтәуәтір – «исм фаъил» қалыбында келген. Ол сөз «үздіксіз», «сабақтас» деген мағынаны білдіретін «тәуәтур» сөзінен туындаған. Мысалы, арабшада «Тәуәтәроль Мәтару» дейсіз, егер жаңбыр үздіксіз жауған болса.

Терминдік мағынасы: Келісіп, жалған айтулары мүмкін болмайтындай мөлшерде көпшілік тарапынан жеткен хадис.

Анықтаманың түсіндірмесі:

Мүтәуәтір деген, сәнәдінің (хадисті жеткізушілердің есімі орын алған тізбек, шұнжыр) әр қабатында риуаят етушілердің санының көптігі соншалықты, оған қарап адам ақылы: оны риуаят етушілердің «бұл деректі ойдан шығарайық» деп келісіп алулары мүмкін емес екендігіне тоқтам жасайды. (Яғни, әр қабатында жалған болуы мүмкін емес дейтіндей көпшілік тарапынан риуаят етілген хадис). 

(Қабат – хадисті жеткізушілердің жекелеген топтары. Мысалы, хадистің сәнәдінда орын алған сахаба өз алдына бір қабат, тәбигин өз алдына бір қабат т.б. Оны араб тілінде «табақа» дейді. Хадис сәнәдін, яғни, жеткізушілер тізбегін көп қабатты ғимарат деп алсақ, бірінші қабаты сахабалар, екінші қабаты тәбиғиндер, үшінші қабаты әтбағут-тәбиғиндер, төртінші қабат одан кейінгілер т.б. Осыны "сәнәдінің табақасы" дейді, яғни, қабаты -ауд.).

Мүтәуәтір хадистің шарттары

Анықтаманың түсініктемесінен аңғарғанымыздай, әлдебір хадиске «мүтәуәтірлік» сипат тән болуы үшін төрт шарт ләзім екен:

  1. Риуаятшылар санының көп болуы. Оның ең аз саны жөнінде мамандар әртүрлі пікір білдірген. Соның ішінде, таңдаулысы – ең аз он адам дегені. (Яғни, ең аз дегенде он адам риуаят еткен болу керек).
  2. Және осы риуаятшылардың көптігі хадис тізбегінің әр қабатында орын алған болуы керек. (Мысалы, сахабалардан ең аз он сахаба, тәбиғиндерден ең аз он тәбиғин, әтбағут-тәбиғиндерден он риуаятшы т.б. әр табақада (қабатта) он не одан көп риуаятшы риуаят еткен болуы тиіс).
  3. Риуаятшылардың саны - әдетте өтірік төңірегінде келісулері мүмкін емес мөлшерде болулары. 
  4. Жеткізген деректері – «естідік», «көрдік», «ұстадық» деп айтатындай «сезіну қабілетке» сүйенген мазмұнда болуы керек. Ал егер, жеткізген деректері ақыл-ойға сүйенетіндей мазмұнда болса, мысалы, әлемнің жаратылысы жайында айтылғандар сияқты, ондай мазмұндағы хабарлар (яғни, хадистер) «мүтәуәтір» сипатын алмайды.

Мүтәуәтір хадистің үкімі

Мүтәуәтір дәрежесіндегі хадистер – «зәрури ілімді» білдіреді, яғни, бұлтартпас деректілікті білдіреді. Құдды өз көзімен көргендей адамға еш күмән қалдырмайтындай дәрежеде және оның растығын мойындауға мәжбүр ететін, оның растығында екі ойлы болу мүмкін емес дейтіндей деңгейде нақты дерек. Міне, мүтәуәтір хабар (риуаят, хадис) осындай болады екен. Сондықтан да, мүтәуәтірдің бәрідерлігі «мәқбул» саналады, яғни, қабыл етіледі. Және ондай хадис түрі - жеткізуші риуаятшыларының хал-ахуалдарын, жағдаяттарын зерттеуді керек етпейді.

Мүтәуәтір хадистің түрлері

Мүтәуәтір хадистер өз ішінде «Ләфзый» (сөздік тұрғыда) және «Маънәуи» (мазмұны мен мағына тұрғысында) болып екіге бөлінеді:

  1. Ләфзый мүтәуәтір – сөз тұрғыда да, мағына тұрғысынан да мүтәуәтір дәрежесінде болған хадис. (Яғни, хадистің мәтіні сөзбе-сөз көпшілік тарапынан риуаят етілген). Бұған мысал ретінде мына хадисті айтсақ болады: «Кімде-кім менің атымнан әдейі өтірік айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін». Бұл хадисті сөзбе-сөз жетпістен астам сахаба риуаят еткен және оны осы санда, тіпті одан көп санда кейінгі буын риуаятшылар жеткізген.
  2. Маънауи мүтәуәтір – сөз тұрғысында емес, мазмұны мен мағынасы жөнінен мүтәуәтір дәрежесіндегі хадис. (Яғни, мәтіндері әртүрлі, бірақ бәрінің мазмұны бір). Бұған мысал ретінде, дұға жасарда қол көтеру жөніндегі хадистерді айтсақ болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен жүздеген хадисте, Оның (с.а.у.) дұға жасайтын кезде қолын көтеріп, алақан жаятындығы айтылған, бірақ ол хадистер бір-бірінен мәтін тұрғысынан мүтәуәтір емес (мәтіндері әртүрлі), алайда олардың ортақ тұсы -  дұға жасағанда қолын көтеріп, алақан жайғандығы, осы жөнінен алып қарағанда, бәрінің келу жолдары мүтәуәтір дәрежесіне жеткен.

Мүтәуәтір дәрежесіндегі хадистер баршылық. Бірақ, «Ахад» хадистермен салыстырғанда, мүтәуәтір хадистердің саны одан әлдеқайда аз екендігін байқауға болады.

Мүтәуәтір хадистер жинағы

Хадис ғұламалары арасында ізденушілерге оңай болсын деген мақсатта, мүтәуәтір хадистерді жинақтап, жеке бір хадис кітабы ретінде жарыққа шығаруға ден қойғандар болған. Сондай еңбектердің біршамасы төмендегідей:

  1. Имам Суюти: «әл-Әзһәруль Мүтәнәсира филь Ахбариль Мүтәуәтира». Бабтарға бөлінген.
  2. Имам Суюти: «Қотфуль Әзһар». Бұл алдыңғы еңбегінің ықшамдалған түрі.
  3. Мұхаммед ибн Жаъфәр әл-Кәттәни: «Назмуль Мүтәнәсир минәль Хадисиль Мүтәуәтир»[1].

Арабшадан аударып, дайындаған: А. Қасым


[1] «Тәйсиру Мусталихиль Хадис».

0 пікір