Әртүрлі жағдайларға қатысты құттықтау білдіру - Пайғамбарымыздан қалған (с.а.у.) үрдіс
Әртүрлі жағдайларға қатысты құттықтау білдіру - Пайғамбарымыздан қалған (с.а.у.) үрдіс
3 жыл бұрын 4080
Абдусамат Қасым

Хадис кітаптарына қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың үйленгенде, жаңа киім алғанда, айт күндері т.б. қуанышты сәттерде бір-бірлерін құттықтағандарын байқаймыз.

Жаңа киім кигенімен құттықтау

Мысалы айтар болсақ, Ибн Мәжәнің (р.а.) хадис жинағындағы сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте Алла елшісінің (с.а.у.) Әзіреті Омардың үстіндегі киіміне байланысты құттықтау сөзін білдіргені айтылған. Абдулла ибн Омар ол жайында былай дейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) Омардың үстінен ақ көйлек көрді. Соған қатысты Ол (с.а.у.): «Киімің ескірмесін. Өмірін шүкірге толы болсын және шейіттік өлім бұйырсын» деді» - дейді.

Айтпен құттықтау

Имам Табаранидің «әл-Кәбир» атты хадистер жинағында, сахабалардың айт күндері бір-бірлерімен ұшырасқан кездерінде «Тақаббаллаһу минкә» деп айтатындығы келтіріледі. Хабиб ибн Омар әл-Аңсаридің мына сөзі оған дәлел. Ол былай дейді:

«Маған әкем былай деп айтқан еді: Уәиләны (р.а.) айт күні кездестіргенімде мен оған: «Тәқәббаллаһу миннәә уә минкә» - Алла бізден және сенен қабыл етсін! -дедім. Ол да маған: «Алла бізден де, сенен де қабыл етсін» деп айтты», деді». (Асфаһани: «әт_Тәрғиб»).

Ұлы табиғиндердің бірі Жүбейр ибн Нүфейр де ол жайында былай деген:

«Алла елшісінің сахабалары қашан айт күндері кездесе қалса, бір-бірлеріне: «Тақаббалаллаһу миннә уә минкум» дейтін» дейді ол. (Алла бізден де, сізден де қабыл етсін! деген мағынада).

Моншаға түскен адамға «жеңіл буыңмен!» деп айту

Дәйләмидің «әл-Фирдаус» атты хадис кітабында, Абдулла ибн Омар былай дейді:

«Әбу Бәкір мен Омар моншадан шыққандарында Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол екеуіне: «Тообә Хәммәмукумә!» - Моншаларың жандарыңа жайлы болсын! – деді».[1] (Қазақша: "Жеңіл буыңмен").

Үйленуімен құттықтау

Ибн Мәжәның хадис кітабында келтірілген риуаятта Ъуқайл ибн Әбу Талиб үйленген кезінде оған жұрт «Тәту-тәтті өмір мен көп бала тілейміз» десті. Сонда Ол оларға: «Бұлай айтпаңдар. Алла елшісінің былай деп айтқаныдай айтыңдар: «Алла сендердің бастарыңды жақсылықта және берекеде қоссын. Саған Алла берекесін берсін және Алла саған берекесін жаудырсын» деңдер" деді".. 

Хамзаның әйелінің Пайғамбарды құттықтауы

Әл-Хәким «әл-Мүстәдрак» атты кітабында мынадай дерек келтіреді:

«Усама былай деді: Мен Хамзаның үйіне Пайғамбарымызға ілесіп бардым. Барсақ, Хамза үйінде жоқ екен. Сонда Хамзаның әйелі Алла елшісіне (с.а.у.): «Уа, Расулаллаһ! Келдің бе?! Мен саған барып, сені құттықтағым келген еді. Әбу Ъаммара (яғни, Хамза) айтты: «Саған пейіште «Кәусәр» атты өзен беріліпті ғой» - деді».

Сахабалардың Пайғамбарды құттықтаулары

«Худайбия» жорығынан оралған кезде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өткен және келешектегі күнәларының кешірілетіндігі турасында аят түседі ("Фәтх", 2 аят). Бұған Пайғамбарымыз қуанып: «Мен үшін жер бетіндегі барлық нәрседен жақсы көрінетін бір аят түсті» деп, әлгі аятты сахабаларға оқып береді. Сонда сахабалар оған: «Һәни’ән, Уә Расулаллаһ» - Құтты болсын, Уа Расулаллаһ!» деп жылы лебіздерін білдіріп жатты. («Бұхари», «Мүслім»).[2] 


[1] Сәнәдсіз келген. Кейбір хадисшілер бұл деректің хадис екендігіне күмәнмен қарайды.
[2] Имам Суюти: "әл-Хаауи". 1\78. 

0 пікір