«АЯТ» сөзінің мағыналары
«АЯТ» сөзінің мағыналары
2 жыл бұрын 6004

Аят сөзі сөздікте әр түрлі мағыналарды білдіреді:

1) Мұғжиза.

Құран Кәрімнің мына аятында «аят» сөзі «мұғжиза» деген мағынада қолданылған: «(Ей, Мұхаммед!) Исрайл ұрпақтарынан оларға қаншалық айқын дәлелдер жібергенімізді сұра». (Бақара, 211).

2) Белгі. Мына қасиетті аятта «белгі» мағынасында айтылып тұр: «Оның патшалығының ғаламаты (белгі) ретінде, сендерге бір сандық келеді (…)» (Бақара, 248).

3) Ғибрат. «Расында мұнда ғибрат бар еді. Сонда да олардың көбі иман келтірмеді». (Шұғара, 158).

4) Қайран қалдыратын‚ бұрын-соңды көрілмеген іс. «Біз Мәриямның ұлын (Исаны) және оның шешесін (Мәриямды) (құдіретімізге) бір дәлел қылдық». (Мүминун, 50)

5) Дәлел: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдерің мен өңдеріңнің алуан түрлі болуы да – Оның барлығының дәлелі». (Рум, 22).

Бұл сайып өтілген мағыналардан басқа терминдік анықтамасы бар, анықтама бойынша, аят деген: «Құранның кез-келген бір сүресіндегі басы және соңы бар, бір немесе одан көп сөзден құралған сөйлем» екендігі айтылған. Сондықтан Құранның қасиетті аяттары - әрі мұғжиза, әрі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығының дәлелі. Сондай-ақ, ойланғандар үшін – тағылымы мол ғибрат. Әрідесе, қайран қалдыратын таңғаларлық сирек дүние. Және де, аят – һидаятқа бастар дәлел.

Аяттың көпше түрі – «Ааяят» немесе «ай». Аяттың соңғы сөзіне - екі аятты бір-бірлерінен бөлгені үшін «фасыла» (айырған) делінеді. Бұл фасыла сөздің соңғы әріпі – «харфул-фасыла» деп аталады.

Құранның аяттарға бөлінуі «ижтиһад» немесе «қиястың» нәтижесі емес. Ол – Алла Тағала тарапынан «тәуқифи» түрде білдірілген. Яғни, қазіргі қолымыздағы қасиетті Құран кітабындағы (мұсхафтардағы) сүрелердегі аяттар әріпіне дейін Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) Жәбірейілдің білдіргені бойынша орын-орнымен қойылған және олардың орындары өзгертілмейді.   

Сондай-ақ түскен әр аяттың қай сүренің қандай бөлігіне қойылатындығын да Алла Тағала өзі білдірген. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құранның әр сүресін намаздарда, уағыз айтып, жол көрсеткенде, үкім берген жағдайларда қаншама рет оқыған және әр жылы Рамазанда Жәбірейілге оқып қайталап беріп отырған. Яғни, Құранның қазіргі ретіне сай оқыған. Сол себептен де, мысалға «Йәсин» бір аят кәримә болып есептелгенімен, тура соған ұқсас «Тасин» әріптері аят деп саналмаған[1].


[1] «Құран ғылымдарына кіріспе», авторы: Суат Йылдырым. Хикмет баспа үйі. Алматы, 2007 ж.

.

0 пікір