Жастық шағыңызды пайдалы өткізудің 37 қарапайым тәсілі
Жастық шағыңызды пайдалы өткізудің 37 қарапайым тәсілі
2 ай бұрын 3124
Аударған Меруерт Мұхамадиева

Біздің әрқайсымыздың асыл арманымыз бар, бірақ «ертең» ешқашан келмеуі және бұл иллюзиялар орындалмауы мүмкін. Арман адамға қанат бітіреді, алайда біздің бүгіннен бастап оянып, нақты мақсаттарға жетелейтін жақсы әдеттерді бойымызда қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан жастықтың жігерімен, жалындылығымен сізге берілген мүмкіндіктерді жоғалтпаңыз. Жастық шақ үлкен үлкен әлеуетке ие әрі тамаша мүмкіндіктерге толы кезең.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағалаңдар: кәрілік жетпей тұрып жастықты; ауырмай тұрып денсаулықты; кедейлікке ұшырамай тұрып байлықты; бос болмай тұрып бос уақытты; ажал келмей тұрып өміріңнің қадірін біл» деген (Тирмизи).

Жаңа әдеттерді қалыптастыру уақыт пен табандылықты талап етеді. Ендеше, жастық шағыңызды жемісті етудің бірнеше қарапайым қағидаларымен танысайық:

1. Шағымданбауға тырысыңыз. Бұл әлем мінсіз емес, сіз өмірде әрқашан қалағанның бәрін ала бермеуіңіз ықтимал. Бірақ жамандықты ойламай, ізгілікті ойлап, жастық шақтың әрбір нығметіне шүкіршілік етіңіз. Өтпелі өмірдің сынақ екенін естен шығармаған абзал. «Әркім өлімді татады. Сендерді сынап, жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар (Құран, 21:35).

2. Надандықтан аулақ болыңыз! Шынайы білімсіз Аллаға құлшылық ете алмайсыз. Алланы танитын болсаңыз, оған лайықты түрде құлшылық етуге тырысыңыз. Ендеше, Алла Тағаланы танып білуге ​​міндетті түрде талпыну керек. Надандық ақталу емес. «Алладан басқа тәңір жоқ екенін біл» (Құран, 47:19).

3. Құранды күнделікті жаныңыздың азығына айналдырыңыз. Күн сайын Құранның белгілі бір сүрелерін оқыңыз. Оларға ой жүгіртіп, оқығандарыңызға сәйкес әрекет етуге тырысыңыз. Оқып, ой жүгіртіп, артынан санадан шығаратын жандардың санатында болмаңыз. «Күмәнсіз бұл кітап тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Құран, 2:2).

4. Сүннетті ұстаныңыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. а.у.) жайында оқыңыз, оның мінез-құлқын болмысыңызға сіңіріп, оны құрметтеңіз және бағыныңыз, Алла Елшісі (с.а.у.) туралы басқаларға көркем түрде жеткізіңіз. Оның отбасын, сахабаларын жақсы көріңіз әрі ол тыйым салған барлық нәрселерден аулақ болыңыз. «Бұл тек сүннет» демеңіз. «(Мұхаммед ғ.с.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла Тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» (Құран: 3: 31).

5. Дұрыс адамдармен достасыңыз. Сізге Алланы және өлімнен кейінгі өмірді еске салатындармен сұхбаттасыңыз. Сіздің ең жақсы қасиеттеріңізді ашатын адамдармен дос болуға тырысыңыз. Сіздің күш-қуатыңызды төмендететін жандардан, сондай-ақ жек көретіндер мен әрдайым шағымданып жүретіндерден жырақтаңыз. «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады» (Құран, 43:67).

6. Жақсы ойлаңыз, ізгі ойпендені жақсы өмірге жетелейді. Ниеттеріңіз, ойларыңыз, сөздеріңіз әрқашан түзу, оң болсын. Әр нәрседе Аллаға сенім артыңыз. Бұл жағымсыз стресс деңгейін төмендетіп, діттеген мақсатыңыздың жолынан адаспауыңызға жәрдемдеседі. «Қашан бір шешім қабылдасаң, Аллаға тәуекел ет, өйткені, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» (Құран, 3:159).

7. Күн сайын мақсатыңызға бір қадам жасаңыз. Мақсаттарыңызды қайта бағалаңыз, оны жүзеге асыру жолында күн сайын бір қарапайым қадам жасаңыз. Кемелділік туралы алаңдамаңыз, ең бастысы, тұрақты түрде тек алға қарай жылжу қажет.

8. Өзіңіз үшін есеп беру жүйесін ойлап табыңыз. Досыңызға немесе тәлімгеріңізге сіздің жетістіктеріңізді тексеруге мүмкіндік беріңіз, осы орайда немқұрайдылық сізге пайда әкелмейді. 

9. Әрбір игі істің соңынан басқа бір жақсылық келсін. Амалдарыңыздың дәптері іс-әрекетіңізге қарай оң немесе сол қолыңызға берілетін күнді ойлаңыз. Әрбір ең кішкентай іспен де өз таңдауыңызды жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Алла Елшісі (с.а.у.) Әбу Зарға былай деген: «Бауырыңа жайдары жүзбен сәлем беру болса да, жақсылықтардың қатарынан болмашы нәрсені алып тастама» (Мүслім).

10. Күлімсіреу. Бұл- сүннет, сонымен қатар садақа. Күлімсіреу сіздің ажарыңызды тартымды етіп, көңіл-күйіңізді жақсартады.

11. Тыңдаңыз. Әуелі үн қатпас бұрын басқаларды шынымен тыңдауға тырысыңыз. Жақсы тыңдарман– айналасына тамаша сыйлық. Басқалардың сөздеріне назар аудару түсіністік пен өзара ынтымақтастыққа ықпал етеді.

12.Біреуді Исламға шақыру. Бұл көрші, әріптес, сыныптас болуы ықтимал. Басқаларға таухид – Алланың бірлігі мен соңғы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміршең хадистері жайында баяндаңыз. «Раббыңа хикметпен және көркем үгітпен дұға ет» (Құран, 16:125).

13. Кішкентай көмек үшін де ризашылық білдіріңіз. Кішкене жақсылыққа да «рақмет» деп айтуды үйреніңіз. Сізге жасалған әрбір жақсылыққа алғыс пен шүкіршілікті аямаңыз.

14. Бейбітшілік тілеңіз! Әрқашан бейбітшілік тілегімен сәлемдесіңіз әрі сәлемді алғанда одан да көркем түрде сәлем беріңіз.

15. Садақа беру. Бүгін біреумен кем дегенде, жарты құрмамен болсын бөлісуді ұмыт қалдырмаңыз. 

16. Кешіріңіз. Егер сізді сөзімен, ісімен басқа да әрекеттерімен ренжітсе, кешіріңіз де әрі қарай алға жүріңіз. «Алланың сендерді жарылқауын жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді (Құран, 24:22).

17. Жамандыққа соқыр және керең болыңыз. Сіздің денеңіз бен сезімдеріңіз - Жаратушының нығметі. Оларды тек жақсылық пен оның разылығына пайдаланыңыз. Денеңіз бен ойыңызды лас дүниелерден қорғаңыз, рухани тазалыққа бет бұрыңыз. «Ақиқатында, құлақ, көру және жүрек – барлығы есептеледі» (Құран, 17:36).

18. Ерікті көмек көрсетіңіз. Өз біліміңізді, дағдыларыңыз бен уақытыңызды бөлісіңіз. Адамдарға пайда әкелетін ізгі жандарға қосылыңыз, бөлісу - қамқорлық екенін есте сақтаңыз.

19. Ешқашан оқуды тоқтатпаңыз, өйткені, өмір ешқашан оқуды тоқтатпайды. Мына дұғаны ұдайы қайталаңыз: «Раббым! Білімімді арттыр» (Құран, 20:114).

20. Қателер мен кемшіліктерді қабылдаңыз. Адамдар қателесуге бейім келеді. Қателік сіздің өміріңізге сабақ болсын.

21. Өзіңізді сынап көріңіз. Айна өтірік айтпайды, солай ма?! Сіздің ар-ұжданыңыз ішкі айнаңызға Һәм барлық істеріңіздің өлшеміне айналсын.

22. Таң намазынан кейін ұйықтамаңыз, пайдалы іспен айналысыңыз: жазыңыз, мағыналы дәріс тыңдаңыз, Құран немесе тәпсірді оқыңыз. Күніңізді көңілді қалыппен, жағымды оймен бастау үшін таң намазын ықыласпен оқыңыз.

23. Жаныңызда жоқ адамдарға шын жүректен дұға етіңіз. Осы өмірдің мәнін іздейтін әріптесіңіз немесе перзентсіз досыңыз, қаржылық қиындықтарға тап болған көршіңіз болуы ықтимал. Ізгі ниетпен сол жандарға жақсылық тілеудің нәтижесінде сізге сауап беріледі.

24. Тіліңізді Алланы еске алумен сулаңыз. Алланың зікірін тіліңізбен айтып, жүрегіңізбен сезініңіз. Шейхул-Ислам ибн Таймия былай деген: «Жүректің зікірі – балыққа қажетті су сияқты. Егер сіз балықты судан шығарсаңыз, балықтың күйі қандай болмақ?».

25. Жақындарыңызбен туыстық байланыста болыңыз. Ұзақ уақыт бойы байланыспаған туыстарыңызға қоңырау шалыңыз, sмs немесе электрондық хат жазыңыз. Мұқият болыңыз. Осылайша сіз бақытты қарым-қатынасты қайта жандандырып, отбасылық байланыстарды нығайтасыз.

26. Ата-анаңызды сыйлаңыз. Ұрпақтар арасындағы айырмашылық қандай болмасын, ата-анаңызды құрметтеңіз, сабыр етіңіз. Оларға барынша игі қарым-қатынаста болыңыз, өз сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз. Алладан оларға тура жол көрсетіп, жәннаттағы ең көркем орын беруін сұраңыз.

27. Бюджетіңізді жоспарлаңыз. Кірістеріңіз бен шығыстарыңызға мұқият қараңыз, олар сәйкес пе? Қарызыңызды азайтып, көбірек үнемдей аласыз ба? болмаса қайырымдылыққа көбірек бере аласыз ба? Бүгінге жоспар құрып, оны ұстаныңыз.

28. Тыныштық сақтау. Егер айтар жақсы сөзіңіз болмаса, аузыңызға берік болыңыз. Өсек пен ғайбатқа ешқашан жол жоқ деп айтыңыз қажет, тіліңізді, рухыңызды босқа кірлетпеңіз. Басқа біреудің сөзін жеткізуден аулақ болыңыз.

29. Егер сіз кінәлі болсаңыз, кешірім сұраңыз. Кешірім сұрау бізді әлсіретпейді, керісінше күштірек етеді.

30. Не жейтініңізге назар аударыңыз. Рұқсат етілген тағамдардан аясында дұрыс тамақтануды қамтамасыз етіңіз. Артық тамақтанбаңыз. Сіздің денеңіз аманат. Сіз ол үшін сұраласыз.

31. Кейде әлеуметтік желіден тыс болыңыз. Бір күн немесе кем дегенде бірнеше сағат бойы жүйеден шығып тұрыңыз. Өз-өзіңізбен оңаша қалып, ниетіңізді түзетіп, ойларыңызды қайта қарастырыңыз, иманыңызды қалай нығайтуға болатынын ойлаңыз. Соңғы жаңалықтарды жіберіп алудан қорқасыз ба? Уайымдамаңыз, одан да соңғылары болады.

32. Түнгі тәһәжжүд намазын оқыңыз. Түннің соңғы үштен бір бөлігінде кем дегенде екі рәкат тәһәжжүд намазын оқу-абзал амал. Бұл сіздің дұғаңызға жауап алуға және күнәларыңыздың кешірілуіне мол мүмкіндік береді. Айтылмыш мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Хадис құдсиде Алла Тағала: «Кім менен бір нәрсе сұраса, мен оған беремін. Менің оны кешіруім үшін менен кешірім сұраса, оны кешіремін» деген.

33. Алладан сұраңыз. Мұқтаж кезеңде кейде достарымыздан, бірде туыстарымыздан сұраймыз, дегенмен барша туыстарымыз бен достарымызға ризық беретін жалғыз Алланы еске алмаймыз. Сіз дәл қазір неден мұқтаждық көріп жүрсіз? Оны тек Ұлы Жаратушыдан сұраңыз. «Раббыларың: «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» дейді» (Құран, 40: 60).

34. Қалай ғибадат етсеңіз, болмысыңыз соған сай болсын. Яғни, ішкі дүниеңіз бір бөлек, сыртқы әлеміңіз бір бөлек болмасын. Егер сіздің сөзіңіз ісіңізбен қабыспаса, басқалардан нені талап ететінін ойлаңыз. Өзіңіз басқалардың бойынан көргіңіз келетін қасиеттерге бастамашы, өнеге болыңыз.

35. Белсенді болыңыз. Жаяу жүріңіз, дене жаттығуларын жасап, қозғалыңыз. Әйтеуір бір күні спортзалға барамын деген бос елеспен уақытты бекерге өткізбеңіз. Деніңіз сау әрі жинақы қалыпта болу мақсатында дәл қазірден бастап белсенді болыңыз.

36. Ешкімге залалы тимейтін, шындықтан ауытқымайтын, жақсы әзілмен көңіл көтеріңіз. Алайда шекарадан шығуға болмайтынын жадыңызда ұстаңыз!

37. Демалыңыз. Өзіңізге демалуға рұқсат беріп, біраз уақыт ештеңе жасамауға мүмкіндік беріңіз. Аптасына жеті күн тәулік бойы жұмыс жасамаңыз, әйтпесе тез зорығып шаршайсыз. Сіз демалуға лайықсыз-сіздің денеңіздің де өз құқықтары бар.

Түйіндей келгенде, жастық шақты пайдалы өткізуге арналған осы қарапайым қағидаларды есте ұстасақ, ұтылмайтынымыз ақиқат.

Дереккөз: islam.plus/

0 пікір