Пайғамбар заманында бір қасқырдың шопанмен сөйлесуі және Алла елшісінің келгендігі жайында хабар беруі
Пайғамбар заманында бір қасқырдың шопанмен сөйлесуі және Алла елшісінің келгендігі жайында хабар беруі
1 жыл бұрын 10978

Әбу Саид әл-Худри әңгімелейді:

 «Бір отар қойға қасқыр шауып, бір тоқтыны қапсыра тістеп айдалаға алып қашады. Қойшы мұны байқап қалып қасқырдан қойды арашалап, аман алып қалады. Қасқыр алдыңғы аяқтарын көтеріп, тікесін тұрып:

– Аллаһтың маған жіберген ризығын қызғандың. Аллаһтан қорықпайсың ба? – дейді қойшыға. Қойшы:

– О, тоба, мынау менімен адамша сөйлесіп тұр ғой, – деді аң-таң болып.

– Мен саған бұдан да қызық хабар айтайын ба? Мұхаммед Мәдинаға келіп, өткен-кеткендерден хабар таратып жатыр, – деді қасқыр тағы да. Мұны ести сала, қойшы қойларын алдына салып, Мәдинаға тартып отырады. Қойларын иіріп, алдына барып, басынан өткендерінің бірін қалдырмай айтып береді.

Сол кезде Аллаһ елшісінің әмірі бойынша, адамдар тегіс намазға шақырылады. Содан соң Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қойшыға басынан өткен әлгі оқиғаны жамағаттың алдына шығып, айтып беруін өтінеді. Қойшы әңгімесін тамамдағаннан кейін, Екі жиһан Сұлтаны:

– Бұл кісі шындықты айтып отыр. Аллаһтың атымен ант етейін, жабайы аң біткен адамдармен адамша сөйлеспейінше қиямет келмейді. Тіпті аяқкиімінің бауы мен найзасының ұшы да адаммен адамша сөйлеспейінше қиямет болмайды, – деді»1.

*** 

Тағы мынадай бір оқиғаны Хамза ибн Әби Үсәйд (р.а.) әңгімелейді:

«Пайғамбарымызбен бірге бір күні ансарлардан бір кісінің жаназасына қатысу үшін Бақи мазарына бет алған едік. Жолда алдыңғы аяқтарын бауырына алып, жиырылып жатқан қасқырды көрдік. Аллаһ расулы:

– Мына хайуан өз ақысын сұрап келіп тұр. Оған ақысын беру керек, – деді.

– Ей, Аллаһтың расулы! Оның ақысы не? – деп сұрағанымызда, Ол:

– Ақысы жыл сайын әр отардан бір қой, – деп жауап берді.

– Бұл бір қасқырға көп болады ғой, – деп едік, Аллаһ елшісі қасқырға қолымен ақыңды өзің ала бер деп ишара жасады. Қасқыр да бұрылып жөніне кетті»2. 


1  Ибн Касир, әл-Бидая, 6/143; Имам Ахмед: «Мүснәд». Сахих.
2  Ибн Касир, әл-Бидая, 6/146.

«Сахабалар салған сара жол» атты кітаптан

0 пікір