Шәкәрім айтқан қазақ оқығандары…
Шәкәрім айтқан қазақ оқығандары…
2 ай бұрын 2852 erjanibek.kz/
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН, журналист-тарихшы

Шынында, олар кімдер еді? Олар негізінен XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында патшалық Ресейдің Петербор, Мәскеу, Саратов, Омбы, Томск, Орынбор, Уфа, Қазан, сондай-ақ шет елдің Каир, Стамбұл, Варшава тәрізді үлкенді-кішілі қалаларында жоғары зайырлы және діни, арнайы кәсіптік орта оқу орындарын бітірген алғашқы қазақ оқығандары болатын. Жалпы қазақ қоғамында тұңғыш ұлттық интеллигенция мен саяси элитаның құрылып қалыптасуы да, тағдыр жазып тікелей солардың пешенесіне бұйырған-тын. Бірақ та бұл тарихи миссияны атқару оңайға түскен жоқ. Қазақ оқығандары отаршыл Ресейдегі үш дүбірлі саяси оқиғаны – 1905 жылғы бірінші орыс революциясы мен 1917 жылғы ақпан, қазан революцияларын, оған қоса кеңес өкіметі кезіндегі сталиндік қуғын-сүргінді бастан өткерді. Сол уақыттағы орыс қоғамында және күллі түрік мұсылман әлемінде болып жатқан саяси толқулар мен әлеуметтік сілкіністер олардың прогрессивтік көзқарастағы ұлттық интеллигенция ретінде қалыптасу үрдісін тездетті. XX ғасыр басында қазақ оқығандары саяси белсенді әлеуметтік топ болып өсіп қалыптасты.

Алаштанушы ғалымдар қазір өз зерттеулерінде алғаш қазақ оқығандары 1905 жылы «Қарқаралы» петициясын қабылдауға байланысты бас біріктіріп, самодержавиелік билікке қарсы ашық саяси наразылық білдірді, ең бастысы – бірінші орыс революциясының нәтижесінде Алаш қозғалысы пайда болды деп жазады. Ал енді осы саяси оқиға туралы, аталмыш петиция авторларының бірі, Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан «Қазақтар» (түпнұсқада «Киргизы») атты очеркінде:

«Весной 1905 года, с наступлением привольной жизни, в степи на летних стоянках начались сьезды, на которых обсуждались местные нужды и нужды всей киргизской народности. Все больше степные ярмарки этого года стали ареной киргизских политических сьездов, где киргизы обсуждали и подписывали, поданные потом Высочайшее имя, петиции. На этих же сьездах были избраны делегаты, уполномоченные лично подать эти петиции. Религиозные и земельные вопросы стояли у киргиз впереди вопросов политической свободы.

В составлении петиции принимали участие, с одной стороны, интеллигенция, воспитанная на русской литературе, верующая в европейскую культуру, видящая счастье родины в здравом претворении плодов западной культуры и считавшая религиозные вопросы второстепенными, при наличности обещанной 17 апреля свободы веротерпимости. С другой стороны, выступала и интеллигенция, воспитавшаяся в духе восточной ортодоксии и национально-религиозной исключительности. Эта последняя выдвигала религию на первый план: в мусулманской схоластике она видела и продолжает видеть науку, который никто и никогда превзойдет; киргизский народ, и вообще магометан, она ставит выше всех народов, искренне и сознательно отождествляя религиозное единство с единством национальным. Если провести некоторую аналогию с русской интеллигенцией, то можно было бы назвать западниками, а вторую тюркофилами и поборниками панисламизма»

– дейді.

Бұдан сол уақытта-ақ қазақ қоғамында ұлттық интеллигенцияның екі топқа, яғни – орыс мектептерінен оқып, орыс әдебиеті қайнарларынан тәлім алған, батыс мәдениетін көксейтін батысшылдар және шығыстық діни ілім мен әдет-ғұрыптың негізінде тәрбиеленіп мұсылмандық жолды ұстанған түрікшілдер  және панисламистер болып бөлінгені байқалады. (Сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақ оқығандарын алашордашылар деп айыптаумен қоса пантюркистер және панисламистер деп қаралаушық та жиі белең алды). Мәселен, алаштың ардагер азаматы Смағұл Сәдуақасұлы «Казахская литература» атты мақаласында ұлттық интеллигенцияның қалыптасуындағы екі мектептің (батыс және мұсылман мектептері)  өкілдерін топқа бөліп атап береді. Батысшылдық бағытты жақтағандар Алаш қозғалысының басшылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының соңына ергендер болды. Олар негізінен «Қазақ» газетінің айналасына бірікті.

Екінші топтың өкілдері Тройцк қаласында Мұхаметжан Сералының (Сералин) редакторлығымен шығатын «Айқап» журналының маңайына топтасты. Осы шығыстық ортодоксальдық ағымды қолдаушылар қатарында Ақмола облысының ауқатты бай адамы, жергілікті жерде мұсылман мектебін ашқан, I және II Мемлекеттік Думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлұлы, Астрахань губерниясының ірі жер иеленушісі, I Мемлекеттік Думаның депутаты Дәуіт Ноян Тұндыт, Семей облысының бай-көпесі, Сейтен әкімшілігінің болысы, II Мемлекеттік Думаның депутаты Темірғали Нұрекен, Сырдария облысының ауқатты байы, бастауыш білімді, II Мемлекеттік Думаның депутаты Тілеулі Аллабергенұлы сияқты басқадай белгілі дала ақсүйектері болғанын айта кеткен орынды.

Дегенмен, «Айқап» журналы және «Қазақ» газеті басшылығының ұлт бостандығы және теңдігіне қатысты ұстанған саяси бағыттары мен көзқарастарында айтарлықтай алшақтықтар болмаса да, діни мәселелерде кейбір түсініспеушіліктер бой көрсетпей қалмады. Оны «Айқаптың» №14 санындағы Сералы һәм жолдастары хатына жауап жазған Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетіндегі «Мұсылман сиезі», «Он төрт тоғыз бола ма?» мақалаларынан айқын аңғарамыз. Өз кезінде бұл екі топтың арасындағы айтыс-тартысқа басу айтқан аузы дуалы ақсақалдың бірі Шәкерім Құдайбердіұлы болатын. Мәселен, ғұлама ақын 1913 жылдың 16 маусымында «Қазақ» газетінде баспасөзге жазылу мәселесі төңірегіндегі дау-дамайға байланысты барша қазақ ағайындарға арнаған шағын хабарында:

«Білімсіз ел жас бала сықылды: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кетеме деп кәдік көремін. Тамам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас, екеуінде алу керек!» десе, 1915 жылғы «Айқап» журналының №6 санындағы «Сөз таласы» мақаласында зиялы қауымды: «Бұрынғы құр сөз болып қалған желбуаз сөзбен, былтыр жаз туған мұсылман сьезі туралы «Айқап» пен «Қазақ» тағы жазған талас сөздерді көріп өттік. Басқа желбуаз тұсындағы таласқа – біз бір азғана насихат (өсиет) өлең жазып едік, уақыт өтіп басылмай қалды. Енді бұл мұсылман сьезі туралы сөз басталғаннан-ақ алдыңғының аяғын құшарын білсек те, аяқталмай тұрып сөз жазбадық. Міне, енді жазамыз – тым болмаса келер іске пайдасы болар ма екен деп.

«Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынын салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма?

Менің ойымша: кекеу, сөгіс – тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?..

«Ауыздан шыққан сөз – атқан оқ». Оны пәленше жеңіліп қалды деп қайтып ала алмайсыздар, онан басқасы бар ма? Кекеу кек шақырып, кек партия шақырып, партия елдің елдігін жоғалтады. Менің білгенім сол-ақ. Бұл сөзімнен бар елдің мінін көрсең де айтпа дейді деп ұқпаңыз. Мінелмеген түзелмейді. Бірақ улап, найзалап мінеме деймін»

– деп ұлттық татулық пен бірлікке шақырады. Ал енді ұлы ойшылдың «Айқап» журналында қазақ оқығандарына қаратып «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деп айтатын биік адамгершілік, философиялық сауалдары ұлтты ұлағаттылыққа тәрбиелейтін мәңгілік рухани құндылықтар болып табылады.

XX ғасыр басында патшалық Ресейде осындай екі түрлі білім ошақтарынан, әлеуметтік-мәдени ортадан тәлім-тәрбие алып шыққан қазақ оқығандарын ең алдымен ұлт теңдігі және  бостандығы, түптеп келгенде тәуелсіз қазақ автономиясын құру тәрізді ұлы мұраттар біріктірді. Олар негізінен батыс пен шығыстың әдебиеттерінен сусындап, ұлттық рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген білімді азаматтар болды. Мысалы, Алаштың үні атанған «Қазақ» газеті редакциясының басқармасы «Ғалия» медресесінің 10 жылдығына арнаған мақаласында: «Ғалия» ашылғаннан бері оқып шыққан жастардың дәл саны бізге мағұлм емес, бірақ аз еместігі анық. Басқаларды қойып-ақ жалғыз қазақтан оқығандарды алғанда да, «Ғалияда» ең аз деген жылында 30-40-тан қазақ балалары кем болған емес. Олардың қайсысы қалай оқып, қандай біліммен шыққанын түгел білсек те, бірақ бәрі де «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамай шығатыны анық мағұлм. Жасасын «Ғалия»! Жасасын «Ғалияны» ашып, тәрбиелеп, рухты жастар шығарушылар!» – деп үлкен ризашылық білдіреді.[Қазақ, 1916 жыл] Кезінде бұл жоғары діни оқу орнын Мағжан Жұмабайұлы, Біләл Сүлейұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Ахмет Маметұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Жиенғали Тілепбергенұлы тәрізді бірқатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі бітірді. Олар аталмыш медресе қабырғасында жүріп «Садақ» қолжазба журналын шығарды, сол арқылы халқын білім мен өнерге үндеді.

Алайда, осы алғашқы қазақ оқығандарынан басқа, кеңестік дәуірде ұлттық интеллигенцияның коммунистік көзқараста тәрбиеленген жаңа бір буыны өсіп қалыптасқанын айтуға тиіспіз. Өкінішке қарай кеңестік саясат оларды әлеуметтік-таптық тұрғыда бір-біріне қарсы қоюға барынша тырысып бақты. Ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңдері туралы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлұлы 1926 жылдың 2 маусымындағы «Советская степь» газетінің №123 санында басылған «Из прошлого казахской национальной интеллигенции» мақаласында сонау 1905 жылдың өзінде-ақ Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының отарлық езгіге қарсы «Қарқаралы» петициясын қабылдап, Ресейдегі ең ірі саяси күш болып саналатын кадет партиясының қазақ бөлімшесін құрғанын, одан кейінгі уақыттарда «Серке», «Айқап», «Қазақ» газет-журналдары арқылы халықты білім мен мәдениетке үндеп, ұлттық сана сезімін оятуға ұмтылғанын айтады. Және де батысшылдар туралы: «С 1913 г. по 1916 г. движение казахской националистической интеллигенции ширится и получает известное оформление путем организации повсеместно разных культурных кружков и т.п. После Февральской революции эта националистическая интеллигенция организуется уже в политическую партию «Алаш», а газета «Казах» становится главным органом этой партии. К этому времени, кроме газеты «Казах», появляются и другие газеты и журналы, из которых можно отметить следующие: «Сары-Арка» (Семипалатинск), «Бирлик туы» (Ташкент) – главный орган туркестанского отделения «Алаш-Орды», начатый Чокаевым, «Уран» (Астрахань), «Жас азамат» (Петропавловск) и «Абай» (Семипалатинск). Все эти газеты и журналы придерживались линии газеты «Казах» и были ее отделениями» дейді. Бұл арада алғашқы қазақ оқығандарын «ұлтшыл буржуазияшыл интеллигенция» немесе «алашордашыл, байшыл интеллигенция» деп ресми түрде атау кеңестік заманда тағылған саяси айыптаулар болды. 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау кезінде мұндай қатал айыптауға іліккендер «халық жауы» ретінде аяусыз атылып тасталып отырды. 1930 жылдардан КСРО Қылмыстық істер Кодексінің 56 және 58 баптарының тармақтары бойынша арнайы «халық жауы» деген саяси термин кеңінен қолданыла бастады.

Егерде тарихи деректерге жүгінсек, осы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізгі саяси жетекші күші ұлтшыл қазақ оқығандары екенін көреміз. Әрине, олар әлеуметтік шыққан тегі жағынан әртүрлі топтың өкілдерін құрады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында «Ұлы қазақтар!» дейтін бұл Алашорда қайраткерлері, ақиқатында, «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді». Мысалға Алашорда үкіметінің құрамын алып қарайық. Бәрі де жоғары білімді заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер секілді тағы басқадай мамандар болатын. Бір атап өтерлігі, олар жай ғана қарапайым мамандық иелері емес, сол уақыттағы сарабдал саясаткерлер, топ бастаған көсем-шешендер және айтулы ақын-жазушылар, ғалымдар еді. Айталық,  «Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан (оқымысты-ғалым, Ресей Конституциялық демократиялық партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, I және II Мемлекеттік Думаның депутаты), Ахмет Байтұрсынұлы (ақын, аудармашы, лингвист, «Қазақ» газетінің редакторы), Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбайұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтер және басқалары – негізінен Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Омбы мен Орынбор жоғары оқу орындары, училищелерінің түлектері. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, Алаш қозғалысына қатысушы Әлімхан Ермекұлының дерегіне қарағанда, Әлихан Бөкейхан Владимир Ленинмен бірге Санкт-Петербор университетінің заң факультетін өз бетінше (экстерн түрде) бітірген, бірнеше шет тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғары білімі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған керемет білімді жас, Санкт-Петербордағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан». [Аққұлұлы С. Алаш-Орда қасіреті. «Юрдическая газета». №33-36, 1995]

Алаш тілегіндегі Шәкерім Құдайбердіұлы да өз дәуірінің ұлы тұлғасы болды. Арнайы оқу орнын бітірмесе де, ғұлама ақын араб, түрік, парсы және орыс тілдерін жетік білді. Данышпан ағасы Абайдың ақылымен білім іздеп Араб еліне барған сапарында әуелі түріктің астанасы Стамбұлдың кітапханаларында он үш күн грек және батыс ойшылдары, сондай-ақ шығыс әдебиеті жауһарларымен танысып, өзін толғандырған діни әрі заманауи сауалдарға жауап іздеді. Сол жолғы жинақтаған білім-ілімін елге келген соң Алаш игілігіне жаратып, бірқатар аса құнды әдеби мұралар қалдырған болатын. Осы орайда өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Семейде Алашорда үкіметі тұсында ұлтына қалтқысыз қызмет еткен қазақ оқығандарына тоқталып өтсек деймін.

Семей, ол уақытта да қазіргідей ұлы Абай мен оның дарынды шәкірттері, қазақтың тұңғыш шығыстанушы ғалымы Ш. Уәлиханов, орыстың көрнекті ағартушы-демократтары Ф. Достоевский, Н. Долгополов, Е. Михаэлис, Н. Коншин, Б. Герасимов және тағы басқалардың ұлағатты ізі қалған үлкен мәдени-рухани орталық еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1917 жылғы төңкерістер кезіне дейін-ақ «Қазақ» газетіндегі «Оқушыға жәрдем қауымы» мақаласында еліміздің келешегі оқыған білімді жастарға жер-жерде арнайы көмек көрсететін Жәрдем қауымдарын құру керектігін айта келіп,

«Менің білуімше, ондай қалалар Семей, Тройцкі, Оренбург. Оренбургта іргелі қазақ аз. Мұндағы қазақтың бәрі оқудағы жастар. Закон жолында бұлар қауымға ағза бола алмайды. Қауым басқарушы 4-5 кісі де Оренбургта табылар ма екен. Ахмет, Міржақып, бір-екі переводчик болмаса, Оренбургта оқушылардан басқа қазақ жоқ. Ахмет, Міржақыпқа газета да жетер. Оренбург бұлай болған соң анау айтылған екі қала қалады. Бұлардың аталмыш қауымның бас басқармасын ашуға қолайлысы Семей. Мұнда қазақ та, басқа мұсылмандар да көп, оқыған басшы боларлық жігіттердің де басы құралулы. Оқудағы жастарға Жәрдем қауымын ашуды Семей жігіттері ізденіп ашқаны жөн»,

– деп жазған екен.

Әлекең айтқандай, шын мәнінде ұлы төңкерістер қарсаңында Шәкерім бастаған данышпан Абайдың зиялы балалары Кәкітай, Турағұл және Әнияр Молдабайұлы, Нұрғали және Нәзипа Құлжандар, Мұхтар Әуезұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жақып Ақбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Әбікей және Қаныш Сәтбайұлдары, Сәбит Дөнентайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Тайыр Жомартбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Әлімхан Ермекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы тәрізді тағы басқа қазақ оқығандары осы қасиетті Семей қаласында бас қосып шоғырланған еді. Сол себепті, 1917 жылдың желтоқсан айының соңында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ сьезінің бірден жаңа құрылған «Алашорда үкіметінің уақытша тұрағы Семей қаласы болсын» деп қаулы қабылдауы тегін болмаса керек. Азаматтық қарсыласу жылдары мұнда Алашорда үкіметі жұмыс істеп, бұрынғы Заречная слободка елді мекені Алаш қаласы болып аталды. Ал осы Алаш қаласында Семей уездік Земствосы, Алаш қалалық Думасы, Алаш қалалық Кеңесі тәрізді қоғамдық-саяси мекемелермен қатар «Абай» журналы және «Сарыарқа» газетінде көптеген білімді қазақ оқығандары халық игілігіне адал қызмет етті. Семей қазақ педагогикалық училищесі (бұрынғы мұғалімдер семинариясының негізінде), ауыл шаруашылығы техникумы, Алаш бастауыш мектептері секілді бірнеше жаңа оқу ошақтары ашылып, ұлттық білім беру жүйесінің берік іргетасы қаланды. Әйгілі тіл ғалымы-әдебиетші Ахмет Байтұрсыновтың өзі бас болып, Алаштың бір топ зиялылары қазақ оқулықтарын жазып шығарды. Сауатсыздықты жою жұмыстарына жұмыла қатысып, қараңғы халықтың санасын оятты. Ұлт мүддесіне қатысты мұндай істерден, жалпы Алашым деген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірде-бірі шет қалмады. Мысалы, Алашорда үкіметіне Жақия қажы Бейсекұлы, Мұхаметхан Сейітқұлұлы, Қаражан Үкібайұлы, Ике Әділұлы, Бекқожа Құлғараұлы, Ахмәди Оңалбайұлы, Жанғали Алдоңғарұлы сынды Семейдің ауқатты адамдары үнемі материалдық-рухани жағынан қолдап көмектесіп тұрды. Алаш оқығандарының айырықша еңбегі 1920 жылы тамызда Қазақ АКСР-ін құруға белсене қатысуы болды. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары дербес ұлттық мәдени автономияға қол жеткізумен қатар, қазақтың алғашқы кеңестік үкіметін құруға негіз қалап берді.

Осы қазақ оқығандары кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқандықтары үшін жаппай қуғынға ұшырады. Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан айдауылмен Мәскеуге үй қамаққа әкетіліп, ойшыл ақын Шәкерім Шыңғыстауда жазықсыз атылды. Жалпы, сол кездегі зиялы қазақ оқығандары 1927 жылдан басталып, 1930 жылдармен жалғасқан, ақырында 1937-1938 жылдармен келіп аяқталған сталиндік үш бірдей қанды қырғынды бастан кешті. Басқаны былай қойып, тек 1938 жылдың 25 ақпанынан 13 наурызына дейінгі екі аптаның ішінде елімізде Қазақстан НКВД-сының жанындағы үштіктің шешімімен 631 адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында Санжар Асфендиярұлы, Сүлеймен Есқараұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Темірбек Жүргенұлы, Сейітқали Меңдешұлы, Айтмұхамет Мусаұлы, Жанайдар Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллин, Қайсар Тәштитұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Сұлтан Есқалиұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Жұмат Шанин, Хамза Жүсіпбекұлы тәрізді қазақтың бетке ұстар атпал азаматтары болды. Сталиндік қырғынның соңғы бір жылының өзінде-ақ, іс жүзінде Қазақстан үкіметі барша игі жақсыларынан түгелдей дерлік айырылып қалды. Сол сияқты Шәкерім қажы «Мұтылғанның өмірі» атты дастанында: «Оқыған жастың етегін, Қабыл алдым жетегін, Босқа жатып нетемін, Бостандық туын көрген соң» деп айтатын, Әлихан Бөкейхан басшылық еткен Күншығыс Алашорда үкіметі тұсындағы Семей зиялыларының тағдыры да осылайша қайғылы аяқталды. 

0 пікір