Ақылды епті адам сәтсіздіктерді пайдаға айналдырады, ал ақылсыз адам басқа келген ауыртпалықты екі есеге арттырып жібереді.
Мәселен, Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығының алғашқы жылдарында Мекке қаласынан қуылды. Бірақ Ол оған мойымай, Медине қаласына барып, тарихта аты алтын әріппен жазылған бір мемлекет құрды.
Имам Ахмед ибн Ханбаль қамалып, дүре соғылды. Бірақ ол «сүннит жолының Имамы» болды.
Ибн Тәймия қамалғанда, ол өзімен бірге зор ілім байлығын алып шықты.
Имам Сәрахси (Ханафи ғалымы) зынданға тасталып, ол жерден ол 20 томдық фиқһ еңбегін дайындап шығарды.
Ибн Әсирді бас бостандығынан айырған кезде, ол хадис кітаптарының соңғы ең атақтысы, ең пайдалысы болып саналатын «Жәмиъ әл-Усуль» атты еңбегін жарыққа шығарды.
Ибн Жәузиге Бағдат қаласына кіру тыйым салынғанда, ол Құранның "жеті қырағат" ілімін дамытты...
Сондықтан да, егер қандай да бір бәлеге ұшырасаңыз, ол жағдайдың күн шығыс тұсына қараңыз (жақсы жағынан қараңыз).
Егер біреу сізге бір стакан лимон шырынын ұсынса, оған бір шөкім қант қосып жіберіңіз.
Егер біреу сізге жылан сыйласа, оның бағалы терісін сыпырып алыңыз да, қалғанын тастай салыңыз.
Егер сізді сарышаян шақса, біліп қойыңыз, ол сізді жыландардың уына қарсы бекем қорғайтын вакцина іспетті.
Ендеше, сізді қоршаған қиын жағдайға бейімделуіңіз керек, сонда барып оның шырмауынан гүл болып – раушан, жасмин болып шығасыз.
«Сендер жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін...».
Ұлы революция болмай тұрып, Франция билігі екі талантты шайырды қамаған еді. Бірі – оптимистик көңіл күйге ие. Екіншісі – пессимист. Ол екеуі түрменің кішкене терезесінен бастарын шығарып қарады: сонда оптимист ақын – аспандағы жұлдыздарға қарап, күлген еді, ал пессимист болса, түрме маңындағы көшедегі батпаққа қарап жылаған еді. Оның жүзіндегі мұңды елестетіп көріңізші... Ендеше айтарым, «саф жамандық» жоқ. Жамандықтың да жанында қайыр мен сәттілік, жеңіс пен олжа ілесіп жүреді...[1]
[1] Аяз Қарани: «Лә тахзан» атты кітабынан, («қайғырма»). Араб тілінде.
Абдусамат Қасым