Орталық Азия аймағындағы түрлі тарихи оқиғалар ежелден-ақ көптеген елдердің зерттеушілерін қызықтырып келген. Бірақ осы уақытқа дейін жергілікті авторлардың шығармалары назардан тыс қалып отыр. Осы өлкеде өмір сүріп, тарихи кезеңдердегі түрлі өзгерістер мен жаңалықтарды бастарынан кешірген, олардың бірден-бір нақты куәгері болған жазушы, қаламгерлердің еңбектері ең негізгі, басты деректеме болуы керектігі ескеріле бермеген. Осындай тарихи деректемелердің бірі – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында шағатай түркі тілінде жазылған Молла Мұса Сайрамидің "Та'рих-и әминийа" атты тарихи шығармасы.
Атақты тарихшы Молла Мұса Сайрами 1836 жылы 23 тамызда Шығыс Түркістанның Ақсу қаласының маңындағы Бай ауданына қарасты Сайрам кентінде медресе ұстазының отбасында дүниеге келген¹. Әкесі Молла Иса қожа ибн Молла Әзиз хан қожаның ықпалымен Мұса 7 жасында Сайрам медресесінен сауатын ашады. 1847 жылы 11 жасында Кучадағы "Сақсақ" медресесінде оқуын жалғастырады. Бұл медресе сол кездегі Шығыс Түркістандағы басты білім ордаларының бірі болған. Онда білгір ғалым Молла Осман ахуннан дәріс алған Мұса Сайрами Құран-и Кәрім, хадис, тарих, әдебиет пәндері бойынша дәріс алумен қатар араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шығады. 1854 жылы медреседе білім алған соң Молла Мұса өз еліне қайта оралып, Сайрам медресесінде дәріс оқиды.
Бұл кезеңде Шығыс Түркістан халқының Цин империясының үстемдігіне қарсы қожалар басшылық еткен ұлт-азаттық көтерілісі басталған болатын. 1864 жылы маусым айында басталған ұлт-азаттық қозғалыс Куча қаласында жеңіске жетіп, бірте-бірте Сайрам, Бай, Ақсу, Уш-Тұрпан қалалары басқыншылардан азат етіледі. Нәтижесінде сол жылы Куча хандығы құрылып, хан тағына Рашид ад-дин қожа отырады. Мұса Сайрами осы қозғалысқа белсене қатысып, батырлығымен, тапқырлығымен, ерлігімен де көзге түсіп, қозғалыс басшыларының бірі Махмуд ад-дин қожаның кеңесшісі, мөр ұстаушысы қызметіне тағайындалады. Бұл туралы Мұса Сайрамидің "Та'рих-и хамиди" шығармасында кеңірек айтылады². Кейінірек 1867 жылы Йақұб бек Куча хандығын құлатып, қалаларды өзіне бағындырған кезде ол Йақұб бек құрған Жетішаһар хандығы әкімшілігіндегі зекетші Мырза Баба-бектің қол астында хатшы болып, Цин үкіметі қайта басып алғанға дейін 11 жыл қызмет атқарады. Йақұб бек билігі құлаған соң қалған өмірін шығармашылыққа арнаған Молла Мұса Сайрамидің "Та'рих-и хамиди", "Та'рих-и әминийа", "Тәзкират ил-аулийа", "Дүр баийн-и исхаб ил-Каһф", "Ғазалият", "Сәламнаме" сияқты тарихи еңбектері мен көркем шығармалары бар.
"Та'рих-и әминийа" шығармасын Мұса Сайрами 1903 жылы 31 желтоқсан күні аяқтаған. Бұл еңбекті орыс шығыстанушысы Н. Н. Пантусов 1905 жылы Қазан қаласында бастырып шығарды. Қазіргі кезде ғылыми айналымда шығарманың одан бөлек екі қолжазба нұсқасы мәлім: бірі РФА ШИ СПб Ф-інде С 335 шифрымен сақталған, көлемі — 302 парақ; екіншісі Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттарды зерттеу институтында сақталған³. 1989 жылы "Та'рих-и әминийа" Шыңжаңда қазіргі ұйғыр жазуында жарық көрді⁴.
Шығарманың осылай аталуына байланысты автор былай дейді: "Бұл шығарманы жазуымда ел мүддесін жеке бастарының мүддесінен жоғары қоятын, ел болашағы үшін аянбай еңбек ететін жанашыр достарым мен мейірбан ағаларым себепкер болды. Оның үстіне осы кезде Моғолстан өлкесінің маңында тыныштық пен қауіпсіздік орнықты. Осыған байланысты шығармамды "Та'рих-и әминийа" деп атап, бір кіріспе, екі баяндаудан құрап, қорытындымен аяқтадым"⁵. Шығарманың атына "әминийа" сөзінің қосылуына құрамына араб тілінен аударғанда "қатерсіз, қауіпсіз, аман-есен болу", "сенімді болу" мәніндегі "әумин" сөзі кіретін Дадхах Мұхаммед Әмин бай ақсақалдың есімі де себеп болған. Кітаптың атын екі түрлі нұсқада аударуға болады: "Мұхаммед Әминге арналған тарих" (әминийа) немесе "Тыныштық пен қауіпсіздік тарихы" (әминийа)⁶.
Шығармада негізінен XIX ғасырдың екінші жартысындағы Шығыс Түркістан тарихы баяндалғанымен, көршілес аймақтардың, атап айтқанда Қазақстанның, Ресей патшалығы, Орта Азия хандықтарының (Қоқан, Бұхара хандықтары) тарихы туралы да құнды мәліметтер: саяси, тарихи-мәдени байланыстары, осы өңірдегі ежелгі халықтардың тарихы туралы бағалы деректер келтірілген.
"Та'рих-и әминийа" кіріспеден, екі бөлім (дастан) мен қорытындыдан тұрады. Кіріспеде Шығыс Түркістанның Нұх пайғамбардан бастап, XIX ғасырға дейінгі тарихы қамтылған. Бірінші дастанда Куча қозғалысы, Куча қожаларының Ақсу, Қашқар, Хотан, Тұрпан, Хами қалаларына жасаған жорықтары кеңінен суреттеледі. Екінші бөлім толығымен Йақұб бектің Қашқарияда билік құрған кезеңіне арналған. Йақұб бек хандығының ішкі саясатын нақты сипаттаумен қатар сыртқы саясаты туралы да мәлімет келтіріледі. Атап айтқанда, Ресей патшалығының Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуы, Жетішаһар мемлекеті мен Ресей, Осман, Британ империяларының өзара дипломатиялық қарым-қатынастарын суреттейді. Қоқан хандығының ахуалы, тарихи-әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмаған. Шығарманың осы бөлімінде Цин әскерлерінің 13 жыл бойы тәуелсіз мемлекет болған Шығыс Түркістанды екінші рет жаулап алғаны туралы баяндалады.
Қорытынды бөлімінде автор Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қашқар, Йаркенд, Хотан, Үш-Тұрпан, Ақсу, Куча, Тұрпан және Хами сияқты ежелгі қалаларға географиялық шолу жасап, олардағы киелі мұсылман мазарлары туралы да мол мәлімет береді. Автор Шығыс Түркістандағы 28 мазардың пайда болуына байланысты аңыз-әңгімелерді келтіріп, бірқатарының нақты орналасқан жерін де көрсетеді.
Шығарманың ғылыми құндылығына қарамастан, толық зерттеу жұмыстары енді қолға алынып жатыр. Ол туралы алғашқы зерттеу академик В. В. Бартольдтың "Та'рих-и әминийаны" Н. Н. Пантусов басып шығарған нұсқасына жазған пікірінен басталады⁷. Одан кейін "Та'рих-и әминийа" туралы мәліметтер 1947-1955 жылдар аралығында жарық көрген К. Усманов⁸ пен Д. И. Тихонов⁹ сияқты ғалымдардың еңбектерінде бар. Шығарманы зерттеуде қазақстандық шығыстанушы В. П. Юдиннің еңбегі зор¹⁰. "Та'рих-и әминийа" мәліметтері А. Идатовтың, Д. Исиевтің¹¹, А. Ходжаевтың¹², М. Қ. Әбусейітованың¹³, Ю. Г. Баранованың¹⁴ еңбектерінде пайдаланылды.
Қорыта келгенде айтарымыз, Молла Мұса Сайрамидің "Та'рих-и әминийа" шығармасы Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясы бойынша мол мәліметтер қамтылған деректеме болып табылады.
Дереккөз: "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" [Мәтін]; [құраст. Д. Е. Медерова ; ғыл. ред. М. Қ. Әбусейітова]; Р. Б. Сүлейменов атын. шығыстану ин-ты- Алматы: Дайк-пресс , 2006 ж.; kazneb.kz
Сілтемелер тізімі:
¹ Шинжаң тарихи материалдары. Үрүмжі, 1994. 264-б.
² Молла Мұса Сайрами. Та'рих-и хамиди. Үрүмжі, 1986. 185-б.
³ Айтбаева А. Основные источники по истории Восточного Туркестана в XIX веке. Автореф. дисс. ... к. и. н. Ташкент: Институт востоковедения АН РУз, 1994.
⁴ Молла Мұса Сайрами. Та'рих-и әминийа. Үрүмжі, 1989.
⁵ Юдин Ю. П. Тарих-и аминия // МИКК. С. 476–490, 567–568.
⁶ ОУР, С. 33.
⁷ Бартольд В. В. Рецензия: Тарих-и Эминие. История владетелей Кашгарии, сочинение Муллы Мусы, бин Мулла Айса, сайрамца, издания Н. Н. Пантусова. Казань, 1905 // Бартольд В. В. Сочинения. Т. VIII. М., 1973. С. 214.
⁸ Усманов К. А. Уйгурские источники о восстании в Синьцзяне 1864 года // Вопросы истории. 1947. № 2. С. 87–89; Бұл ол сондай: Восстание в Кашгаре // Труды Московского института востоковедения. Сборник 5. 1947. С. 153–173.
⁹ Тихонов Д. И. Восстание 1864 г. в Восточном Туркестане // Советское востоковедение. Т. V. М.-Л., 1948. С. 155–172; Бұл ол сондай: Уйгурские исторические рукописи конца XIX и начала XX вв. // Ученые записки Института востоковедения. Т. IX. М.-Л., 1954. С. 146–174.
¹⁰ Юдин В. П. Көрсетілген шығарма. 476–490-бб.
¹¹ Исиев Д. А. О начальном этапе антицинского восстания 1864 г. в Восточном Туркестане (по уйгурским источникам) // Всесоюзная научная конференция "Общество и государство в Китае". Тезисы и доклады. 2. М., 1977. С. 66–75.
¹² Ходжаев А. Цинская империя, Джунгария и Восточный Туркестан (Колониальная политика Цинского Китая во второй половине XIX в.). М., 1979.
¹³ Абусеитова М. Х., Баранова Ю. Г. Письменные источники... С. 357–371.
¹⁴ Баранова Ю. Г. Сведения уйгурской хроники "Тарих-и аминийа" о восстановлении цинского господства в Синьцзяне в 1875–1878 гг. // Материалы по истории и культуре уйгурского народа. Алма-Ата, 1978. С. 73–134.