Маған хиджаб қажет пе?
Маған хиджаб қажет пе?
1 сағат бұрын 168 islam.kz/
Юсуфәли Султана

Сипаттамасы: Мұсылман әйел хиджабты шектеу немесе біреудің қысымымен емес, өз еркімен таңдайтынын түсіндіреді. Оның пікірінше, хиджаб кию — бостандық пен еркіндіктен бас тарту емес, керісінше, саналы түрде жасалған жеке таңдау.


Сөзсіз, мен «еркін әрі бұзақы жастардың» қатарынан емеспін. Денемде татуировка да, пирсингтің титтей де белгісі жоқ. Соңғы үлгідегі былғары күртелерді де кимеймін. Шынымды айтсам, айналамдағылар мені көргенде бірден «басылған, құлға айналған мұсылман әйелдерінің» санатына жатқыза салады. Олардың ішіндегі ең батылдары қасыма келіп, әдетте мынадай бірсарынды сұрақтар қояды: «Сізді осылай киінуге ата-анаңыз мәжбүрлей ме?» немесе «Бұлай киіну әйелдік қадір-қасиетіңізге нұқсан келтіреді деп ойламайсыз ба?»

Жақында ғана Монреальдағы мектептердің бірінде екі бойжеткен дәл мен сияқты киінгені үшін оқудан шығарылды. Таңғаларлығы, біздің мұсылманша киімімізді айналадағылардың киімінен ерекшелендіріп тұратын кішкентай мата кесіндісі арамыздағы қарым-қатынасқа бөгет болып отыр. Әлде олар мен осы киімімнің астына автомат жасырып жүр деп қорқа ма екен?! Әрине, бұл мәселенің тамыры қарапайым мата қиындысынан әлдеқайда тереңде жатыр. Мен де әлемдегі Ислам дінін ұстанатын миллиондаған әйел сияқты хиджаб киемін. Қалыптасқан жаңсақ пікірлерге қарамастан, хиджаб ұғымы өзінің мән-мағынасы тұрғысынан әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге кепілдік беретін іргелі аспектілердің бірі болып табылады[1].

Бүкіл денемді жауып тұратын киім кигенде, мен айналамдағылардың сырт келбетіме қарап баға беру мүмкіндігін өздігінен шектеймін. Мұны бүгінгі шындықпен салыстырып көріңізші: адамдар «бөтен» болып көрінбеу үшін өздерін қазіргі сән әлемі белгілеп берген тар шеңберге тығады. Олар «тиісті» киім киюге, «жарасымды» әшекей тағуға, «сәйкес» шаш үлгісін таңдауға және «лайықты» макияж жасауға мәжбүр. Осындай қоғамның құлына айналған адамның рухани әрі жан дүниелік қасиеттері қаншалықты дами алады? Әрине, менің де денем, физикалық келбетім бар. Бірақ бұл — ішінде еркін ақыл-ой мен берік жігер жасырынған сыртқы қабық қана. Төмен сұрыпты сыра шөлмегінен бастап қымбат автокөліктерге дейінгі әртүрлі тауарларды жарнамалау үшін денемді бұлдауға мәжбүр болу мен үшін тым артық.

Қазіргі әлемнің құндылықтары түкке тұрғысыз болғаны соншалық, адамның сырт келбеті мен дене пішіні басты анықтаушы факторға айналып, ал рухани болмысы екінші орынға ысырылады немесе мүлдем ескерусіз қалады. Зайырлы қоғамдағы әйелдер толық бостандыққа қол жеткізді деп сендіретіндерге сенбеңіздер. Қазіргі бойжеткен үйден шыққанда өзінің «еркін» денесінің әрбір бөлігін көзі бардың бәрі мұқият зерттейтінін біліп тұрса, онда қандай бостандық туралы сөз болуы мүмкін?!

Хиджаб кигенде мен осының бәрінен өзімді қауіпсіз сезінемін. Киімімнің ұзындығына қарап мінезімді анықтауға тырысып, маған сынай әрі нәпсіқұмарлықпен ешкімнің қарамайтынына сенімдімін. Хиджаб — мені айналамдағы жыртқыштардан бөліп тұратын бөгет. Мен — адаммын, ал менің жынысым менің қорлануыма себеп болмауы тиіс.

Бүгінгі күннің ең ащы шындықтарының бірі — әйел сұлулығының «эталоны» бар деген аңыз. Жастарға арналған танымал журналдарды оқығанда, дәл қазіргі сәтте қандай сырт келбет идеалды деп саналатыны туралы жаңалықтарға үнемі тап боласыз. Егер сіздің дене пішініңіз осы эталоннан өзгеше болса, өзіңізбен айналысуыңызға тура келеді, солай емес пе? Белгіленген үлгідегі салмақтан бір-екі килограмм артық болсаңыз да, сұлу болып қалу мүмкін емес пе?

Жарнамалық парақшалар мен бейнероликтерге қараңызшы. Тауарды өтімді ету үшін әйелді аяусыз пайдаланып жатқанын көрмейсіз бе?! Ол неше жаста? Қаншалықты тартымды? Не киген? Әдетте бұл — жиырма жастағы бойжеткен: бойы ұзын, сымбатты, сөзсіз арық әрі дерлік киімсіз. Міне, осы бейнені бізге идеал ретінде таңып отыр. Неліктен біз өзімізді осылай ойыншық етуге жол береміз?!

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, 90-жылдардағы әйел таусылмайтын қалыптардың (шаблондардың) құлына айналды. Оны өзін саудаға салуға және күмәнді идеалдардың ырқына жығылуға мәжбүрлейді. Біз бұған соншалықты үйреніп кеткенбіз, тіпті идеалды салмағын сақтап қалу үшін белгіленген мөлшерден бір-екі грамм артық тамақ жеп қойғанын білген бойда еш іркілместен құсуға тырысатын он үш жасар қыздарға да шошынбай қарайтын болдық. Ал эталоннан бөліп тұрған бірнеше килограмм салмақтан арылудан үмітін үзіп, өзіне қол жұмсайтын жас қыздар туралы хабарлар да бізді бұрынғыдай шошытпайды.

Маған: «Құқығым шектелді деп сезінесің бе?» деп сұрақ қойғанда, мен ашық түрде «жоқ» деп жауап беремін. Бұл — менің таңдауым. Мені басқалардың қалай қабылдайтынын өзім басқара алатынымды сезіну маған ұнайды. Денемді басқалардың пайдалануына жол бермейтінімді мақтан тұтамын. Мен сәннің құлдығынан және әйелді бұлдайтын барлық нәрседен азат болдым.

Менің денем — өз шаруам. Мен ешкімге маған жалған идеалдар таңуға немесе сұлулығымды бағалауға жол бермеймін. Ислам менің жыныстық құқықтарымды бұзады дегендерге «жоқ» деп жауап беремін. Менің дінім, керісінше, жыныстық құқықтарыма кепілдік береді. Жаратқанға өмірлерінің мәні «эталонды» салмақ қуу немесе терісінің реңіне сәйкес келетін далап іздеу болған адамдардың тағдырынан мені құтқарғаны үшін алғыс айтамын. Ислам мен үшін басқа басымдықтарды белгілеп берді…

Егер мені немесе менің құрбыларымды кездестірсеңіз, бізге аяушылықпен қарамаңыз. Біз күң емеспіз. БІЗ — ЕРКІН АДАМДАРМЫЗ! (islamreligion.com, ағылшын тілінде). 

Ескертпе:
[1] Бүгінгі таңда «әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту» ұғымы әйелдердің ықпалын, әсіресе билікке ықпал ету мүмкіндігін арттыру тұжырымдамасын білдіреді. Бұл — 1985 жылы Найробиде өткен Әйелдердің жағдайы жөніндегі үшінші дүниежүзілік конференцияда DAWN әйелдер желісі ұсынған және 1995 жылы Бейжіңде өткен Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда расталған, әйелдердің мүдделерін ілгерілетуге бағытталған саяси стратегия. Дегенмен, осы мақаланың мәнмәтінінен автордың басқа нәрсені, атап айтқанда, хиджаб әйелге қоғамда лайықты әрі құрметті орын алуға мүмкіндік беретін факторлардың бірі бола алатынын меңзеп отырғаны түсінікті.

0 пікір