Али Бонапарт.. Наполеон шынымен де Ислам дінін қабылдаған ба?
Али Бонапарт.. Наполеон шынымен де Ислам дінін қабылдаған ба?
1 сағат бұрын 15
islam.kz

Тарих беттерінде әлемдік тұлғалардың өміріне қатысты аңыз бен ақиқат қатар жүретін тұстар аз емес. Солардың ішінде ең қызықты әрі пікірталас тудыратын тақырыптардың бірі — француз императоры Наполеон Бонапарттың 1798–1799 жылдардағы Мысыр жорығы кезінде Ислам дінін қабылдағаны туралы әңгіме. Тіпті жергілікті халық оған құрметпен «Али Бонапарт» деген ат қойған деседі. Бұл тарихи шындық па, әлде аңыз ба?

Кристиан Шерфис не дейді? 

1914 жылы Парижде француз жазушысы әрі зерттеушісі Кристиан Шерфистің (Christian Cherfils) «Бонапарт және Ислам: француз және араб құжаттары негізінде»(«Bonaparte et l'Islam d'après les documents français et arabes») атты көлемді кітабы жарық көрді. Автор бұл еңбегінде еуропалық тарихнамадағы «Наполеон Шығыста тек алдау мен қулыққа сүйенді» деген пікірге қарсы шығып, қолбасшының Ислам өркениетіне деген көзқарасын мүлде басқа қырынан көрсетуге тырысты.

Шерфис француз әскери мұрағаттары мен Каирдегі әл-Азһар университеті ғұламаларының жазбаларын салыстыра отырып, мынадай дәйектерді алға тартады:

1. Кристиан Шерфистің жазуынша, Наполеон Мысырға барған сәттен бастап Құранды мұқият оқып, ислам тарихын терең зерттеген. Шерфис Бонапарттың естеліктеріне сүйене отырып, оның Мұхаммед пайғамбар туралы айтқан мына сөзін келтіреді:

«Мұса өз халқына Құдайдың бар екенін паш етті, Иса — рим әлеміне, ал Мұхаммед — ескі құрлыққа... Арабия пұтқа табынушы еді, ал Мұхаммед Ибраһим, Исмаил, Мұса және Исаның бір Құдайға құлшылық ету жолын әкелді».

2. Кітапта Наполеонның 1798 жылы Александрияға кіргенде араб тілінде таратқан әйгілі прокламациясына ерекше мән беріледі. Онда француз қолбасшысы: «Мен мәмлүктерден де артық Аллаға құлшылық етемін, Пайғамбарды және Құранды құрметтеймін... Біз де шынайы мұсылманбыз. Рим папасын тақтан тайдырған біз емес пе?» — деп мәлімдеген.

3. Шерфис Наполеонның Каир шейхтарымен діни-философиялық пікірталастар жүргізгенін, кейде шығыс киімін киіп, мұсылман мерекелеріне қатысқанын баяндайды. Осы әрекеттері үшін жергілікті ғұламалар оны «Исламның досы» санап, құрметпен «Али Бонапарт» деп атаған. Автордың пайымынша, Наполеон Еуропаның ескі діни догмаларынан шаршап, Исламдағы таза бірқұдайшылыққа шын жүректен тәнті болған және Шығыста жаңа әлем құруды армандаған.

Шынайы сенім бе, әлде саясат па?

Кристиан Шерфистің кітабы деректерге бай болғанымен, академиялық тарих ғылымы автордың бұл тұжырымдарын «саяси романтизация» деп бағалайды. Біріншіден, Шерфис кітабында «Наполеон Исламды қабылдады» деп тікелей ашық жазбаса да, оның Исламға бүйрегі бұрғанын, тіпті жасырын түрде мұсылман болуы мүмкін екенін меңзейтін тұстарды көп келтіреді. Дегенмен, кітаптың өзі де нақты бір кесіп айтылған тұжырымнан гөрі, оқырманын ойландыруға арналған деректер жиынтығы сияқты көрінеді. 

Екіншіден, Наполеонның мұсылман болғаны туралы болжамды жоққа шығаратын нақты тарихи фактілер жеткілікті:

1. Сол дәуірде өмір сүрген мысырлық атақты тарихшы Абдуррахман әл-Жабарти өз жазбаларында Наполеонның мешіттерге барып, Пайғамбарды мақтағанын растайды. Алайда әл-Жабарти мысырлықтардың оның сөзіне сенбегенін, мұны «жергілікті халықты алдап, тыныштандыру мен салық жинау үшін жасалған айла» деп қабылдағанын ашық жазған.

2. Францияға оралып, Бірінші консул атанған соң, 1800 жылдың 1 тамызында Мемлекеттік кеңес отырысында Наполеон дінге деген көзқарасын еш бүкпесіз жайып салды. Революционерлер оны «католик шіркеуіне қайта бет бұрдың» деп сынағанда, ол былай деп жауап берген:

«Мен католик болу арқылы Вандеядағы соғысты тоқтаттым, мұсылман болу арқылы Мысырда орнықтым, папаны жақтаушы болу арқылы Италия халқының көңілін таптым. Егер мен еврей халқын басқарсам, Сүлейменнің ғибадатханасын қайта тұрғызар едім».

3. Өмірінің соңында сүргінде жүргенде жазылған «Әулие Елена мемориалында» Наполеон ешқашан мұсылман рәсімдерін орындамағанын, мешітте намаз оқымағанын және шарап ішуден бас тартпағанын нақты айтқан. Ол Акра бекінісін ала алмағанына өкініп: «Егер Сен-Жан-д'Акр құлағанда... Мен Шығыста жаңа империя құрып, Еуропаны екінші орынға ысырар едім» — деген. Яғни, оның басты мақсаты дін іздеу емес, Азияны бағындыру болған.

4. Францияда билікті қолына алған соң Наполеон 1801 жылы Рим Папасымен келісімге (Конкордат) қол қойып, елдегі католицизмнің мәртебесін қайта қалпына келтірді. Ал 1804 жылы Париждегі Нотр-Дам соборында Рим Папасының қатысуымен католиктік рәсім бойынша император тәжін киді.

Кристиан Шерфистің еңбегі Наполеонның Ислам мәдениетіне, Құранға және Мұхаммед пайғамбардың мемлекет құрушылық қабілетіне деген шынайы интеллектуалдық қызығушылығын ашық көрсетеді. Шынымен де, Наполеон Ислам өркениетін терең құрметтеген және сол дәуірдегі көптеген еуропалық билеушілерге қарағанда шығыс әлемін жақсы түсінген.

Алайда тарихи шындық тұрғысынан алғанда, Наполеон Бонапарт ешқашан кәлима айтып, Ислам дінін ресми түрде қабылдамаған. Оның «Али Бонапарт» атануы мен мұсылмандарға жақын болуға тырысуы — Мысырдағы француз армиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Шығыста үлкен империя құру жолында қолданылған шебер саяси-дипломатиялық стратегия ғана еді деген дұрысырақ болады.


Christian Cherfils, "Bonaparte et l'Islam d'après les documents français et arabes" (Paris: Pedone, 1914).
Emmanuel-Auguste-Dieudonné comte de Las Cases, "Mémorial de Sainte-Hélène" (1823).
Antoine Claire Thibaudeau, "Mémoires sur le Consulat, 1799 à 1804"
Абдуррахман әл-Жабарти, "Аджаиб әл-асар фи-т-таражим ва-л-ахбар"

 

0 пікір