Күнәдан қорқудың пайдасы
Күнәдан қорқудың пайдасы
24 күн бұрын 1661
islamkz

Бисмилләһир рахманир рахим

Білгін! Адамды күнә істеуден тыйятын ең үлкен кедергі - Алла Тағалаға деген қорқыныш, Оның әділ шешімі мен кегінен тартыну және Оның жазалауынан, ашуы мен азабынан сақтану!

Ұлы Алла (жәллә жәләәлуһу) былай деген:

«Алланың бұйрығына қайшы іс істейтіндер бастарына сынақ келіп, азапқа душар болудан сақтансын!» («Нұр» сүресі, 63 аят).

Риуаяттарға қарағанда Алла елшісі (с.а.у.) өлім төсегінде жатқан бір жас жігітті зияраттап барады. Ол (с.а.у.) жас жігіттен: «Қандай сезімдесің?» - деп сұрайды. Жігіт: «Уа, Расулаллаһ! Біршетінен Алланың мейірімінен үміттенемін, екінші шетінен күнәларымнан қорқамын» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Мұндай сәтте бұл екі сезім пенденің жүрегінде топтасқан жағдайда, Ұлы Алла Тағала міндетті түрде ол пендесінің үмітін ақтайды және қорыққан нәрсесінен сақтайды» деді.

Уаһаб ибн Уәрд деген кісіден мына бір мәлімет жеткен:

«Әзіреті Иса (ғалейһиссәләм уә аля нәбиинә уә аля сәәириль әнбия уәль мүрсәлин уә сәлләм) былай деген екен: Фирдаус жәннәтын жақсы көру және тозақ отынан қауіптену пендеге күнәға қарсы сабыр етуді береді, әрі, пендені дүниеқоңыздықтан, құмарлықтан, арсыздықтан ұзақ қылады».

Хасан әл-Басри (р.а.) айтқан:

«Аллаға ент етейін, сіздерден бұрынғы замандарда сондай адамдар өмір сүрген еді - күнәні үлкен нәрсе деп көретіндері соншалықты, теңіз тас түйіршіктерінің мөлшеріндей алтын садақа қылып берсе де жазасынан құтыла алмаймыз ба деп қорқатын». ...

Алла елшісі (с.а.у.) өзінің бір сөзінде былай деген еді:

«Менің білгендерімді білгендеріңде аз күліп, көп жылайтын едіңдер. Және де Алла Тағаланың жағадан алуының ауырлығынан және Алланың жазасының қаттылығынан қорқып биік шыңдарға шығып кетер едіңдер, онда Оған жалбарынатын едіңдер». Басқа бір руиаятта: «онымен бірге азаптан құтыласыңдар ма, жоқ па, нақты да білмейсіңдер ғой» делінген.

Бәкір ибн Абдулла әл-Музини былай деген:

«Күліп күнә істеген пенде, жылап тозаққа кіреді».

Пайғамбарымыз да бір сөзінде:

«Пенде Алла Тағаланың жанында болатын азапты толықтай білсе, тозаққа деген қорқыныш сезімі жүрегінен бір сәт те шықпас еді» деген.

Бір күні Айша анамыз (р.а.) «Мүминун» сүресінің 60-61 аяттындағы: «Олар сондай, Аллаға ораламыз деп жүректері үркіп, өздеріне берілген несібеден қайырға береді. Міне солар - ізгілік іске жүгіріп, ізгілік істе бір-бірімен жарысатындар!» деген Алланың кәләмін оқып, Пайғамбардан (с.а.у.): «Уа, Расулулла! Аятта айтылып тұрғандар - зина жасап, ұрлық қылатындар, шарап ішіп, бірақ Алладан қорқатын пенделері ме?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Жоқ, ей Әбу Бәкірдің қызы! Ей, Сыддықтың қызы! Ол аят - намаз оқитын, ораза ұстайтын, садақа беретін және бұған қарамастан «істеген ізгіліктері қабыл етіле ме, жоқ па» деп Алладан қорқатын пенделері жайында баяндап тұр» дейді.

Әзіреті Омар қастандыққа ұшырап, арқасынан пышақталып, ауыр халде жатқан шағында баласына:

«Өкініші болмағыр, анасы болғыр! Бетімді жерге қой! Алла Тағала маған мейірімін төкпесе, (ақыреттік) жағдайым өте мүшкіл болмақ, басым бәлеге қалмақ!»дейді. Сонда қасындағы Абдулла ибн Аббас (р.а.) оған: «Уа, мүміндердің әміршісі! Неге сонша қорықтыңыз? Алла Тағала сізге неше фәтхтар нәсіп қылды! Қаншама қалаларды алуға сізді себепкер қылды! Қаншама жетістіктерге қол жеткіздіңіз!» дейді. Сонда Әзіреті Омар: «Ешкімге әділетсіздік жасамай және ешкімнен әділетсіздік көрмей Алланың азабынан құтылуды қалаймын!» деген екен.

Әзіреті Әлидің немересі Зәйнуль Абидин (р.а.) дерәт алғаннан кейін қалтырайды екен. Сонда көргендер оның себебін сұрағанда, Ол (р.а.): «Өкініш болмағырлар! Мен кімнің алдында тұрып, кімге жалбарынайын деп тұрғанымды білесіңдер ме өзі?!» дейді екен.

Имам Ахмед ибн Хәнбәл (р.а.) былай деген екен:

«Алладан қорқу мені тәбетім тартқан асты ішіп, жеуден махрұм етті».

Әзіреті Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай айтқан:

«Екі көзге тозақ оты тимейді. Олар: Алладан қорқып түннің жарымында жылаған көз және Алла жолында күзетшілік жасап жылаған көз».

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте де Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Қиямет күні барлық көздер жылайды. Тек мына көздерден басқа:

  • Алланың харам еткендерге жұмылған көз.
  • Алла жолында түнде ұйықтамай күзеткен көз.
  • Алладан қорқып шыбынның басындай көз жасын төккен көз».

Имам Әбу Фәраж ибн Жәузи (рахимаһуллаһ) айтқан: «Алладан қорқу - нәпсінің құмарлығын жағып жіберетін от» деген... 

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Алла Тағаладан құлдарының ішінде ғалымдары қорқады» дейді. («Фатыр», 28).

Ілімнің артықшылығын баяндаған Құран аяттары мен хадис шәрифтер, негізінен алып қарағанда «Алладан қорқудың артықшылығын» білдіруде. Өйткені, құдайдан қорқу - ілімнің жемісі.

Әбу Сүлеймен әд-Дарани айтқан:

«Ішінде Аллаға деген қорқынышы жоқ жүрек, ол - қираған жүрек» дейді. Алла Тағала бұған қатысты: «Алла Тағаланың тұзағынан (азабынан, сынағынан) тек қасыретке ұшыраушы қауым ғана өзін амандықта санайды»1 деген. («Ағраф» 99).  


1  Имам Ғазали: «Мүкәшәфәтуль Құлуб». Күнәдан қорқу тарауы. Ықшамдап алынды.

0 пікір