«Істің ең абзалы - аз болса да жалғасымды болғаны» (Хадис тағылымы)
«Істің ең абзалы - аз болса да жалғасымды болғаны» (Хадис тағылымы)
23 күн бұрын 2170

Бисмилләһир рахманир рахим. Әлхәмдулилләһ, уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ! 

Әзіреті Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді: 

أنَّ النبيَّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ دَخَلَ عَلَيْهَا وعِنْدَهَا امْرَأَةٌ، قَالَ: مَن هذِه؟ قَالَتْ: فُلَانَةُ، تَذْكُرُ مِن صَلَاتِهَا، قَالَ: مَهْ، علَيْكُم بما تُطِيقُونَ، فَوَاللَّهِ لا يَمَلُّ اللَّهُ حتَّى تَمَلُّوا وكانَ أحَبَّ الدِّينِ إلَيْهِ مَادَامَ عليه صَاحِبُهُ. الراوي : عائشة أم المؤمنين | المحدث : البخاري | المصدر : صحيح البخاري

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша анамыздың үйіне кірген кезде қасында бір әйел кісі отыр екен (ол әйелдің аты-жөні: әл-Хәулә бинту Туәйтә). «Бұл кім?» - деп сұрады Алла елшісі (с.а.у.). «Пәленше деген әйел» деп Айша анамыз жауап береді де, оның көп намаз оқитындығын айтады (осы риуаяттың басқа бір нұсқасында Айша анамыз «бұл әйел осы қаладағы құлшылыққа ең берік әйел» деп айтып мақтағандығы да келтірілген). Сонда Алла елшісі (с.а.у.) (Айша анамыздың ол әйелді шамадан тыс мақтағанын жақтырмай): «Жарайды! Сендер шамаларың келгенін атқарыңдар. Аллаға ант етейін, Алла Тағала (сендерге сауап жазудан) жалықпайды, сендер (өздерің жақсы амал істеуден) жалықпасаңдар!» - деді. (Айша анамыз сөзін жалғап): «Оған (Алланың елшісіне немесе Алла тағалаға) ең сүйкімді дін (яғни, ең абзал құлшылық түрі, ең абзал діни амал), ол - (құлшылық иесінің) жалғасымды түрде орындаған құлшылық түрі» деді». (Имам Бұхари: "Сахих Бұхари").

 Хадистен алынар тағылым:

  1. Діни құлшылықта шектен шықпау. Мысалы, бір кісі «жылдап ораза ұстаймын, түнімен намаз оқимын» деп белді бекем бууы мүмкін, алайда іс жүзінде келгенде орындауы қиынға соғып, өзін қинап қою мүмкін. Құранда: «Алла пендесіне тек шамасы келетінді ғана міндеттейді» деп бұйырады.
  2. Құлшылықты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйретуі бойынша жасау. Алла елшісі кейде түнімен намаз оқитын, алайда, орнымен ұйықтайтын кездері де болған. Жиі ауыз бекіткені сияқты, аузы ашық кездері де болып тұратын.
  3. Пенде ізгі істеуін және құлшылығын тоқтатпайынша, Алла Тағала сауап жазуды тоқтатпайды.
  4. Әркім шамасына қарай құлшылық жасағаны жөн. Құлшылықты да шамасына қарай атқарғаны абзал. Түнімен тахажжуд оқып, алайда таң намазына ұйықтап қалып жатса, ол жарамайды. Оның орнына ерте жатып, түнде ұйқысын бұзбай, азанда таң намазына тұрғаны абзалырақ болады. Нәпілді көп істеп, парызды тастап қоймауы тиіс.
  5. Құлшылықта жалғасымдылық маңызды. Аз-аздап жасасаңыз да, үзбей жасағаныңыз артық. Бір күн күндіз-түні құлшылық жасап, бір апта намаздан ұзап кету жарамайды. Немесе екі-үш күн бас көтермей Құран оқып, кейін екі ай оқымай кеткен де жөн емес. Одан да, төрт-бес бет оқысаңыз да күнде оқып тұрған жақсырақ әрі пайдалырақ болмақ.
  6. Нәтижелі болу тұрғысынан, жалғасымдылық маңызды, мейлі діни істе болсын, мейлі дүниелік істе болсын. Ендеше, «аз-аздан болсын, бірақ жалғасымды болсын» деген Исламның үйреткен өмірлік қағидаты екен. Өйткені "тамшы тама-тама көл болады" деген аталы сөз бекер айтылмаған.

А. Қасым, Исламтанушы


 

 

0 пікір