Соңғы уақытта кейбір дін бауырларымыздың әлеуметтік желілерде қазақтың қасиетті аспабы — домбыраға қатысты әбес сөздер сөйлеулері әлсін-әлсін кездесіп жататыны рас. Алайда, солардың ең сорақысы - әлдебір інішектің домбыраға қатысты: «шайтанның әурет жері» деп тіл тигізуі болып отыр. Бұлай айтуды барып тұрған надандық деуден басқа шара жоқ. Исламның тағылымына қайшы, тәрбиесіздің тірлігі. Бұл — тек мәдениетімізге ғана емес, асыл дініміз Исламның беделіне де нұқсан келтіретін өте әбес сөз. Шын мәнінде, есі дұрыс мұсылман мұндай сөзді ешқашан айтпайды.
Құран әдебі және сөз мәдениеті
Ислам діні — ең алдымен көркем мінез бен әдептің діні. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 108-аятында мұсылмандарға тіпті пұтқа табынушы мүшриктердің пұттарының өзін балағаттамауды, сөкпеуді бұйырған. Өйткені бұл ашу-ыза мен надандыққа жол ашып, ақиқаттан алыстатып, Исламды және Құдай Тағаланы қаралауға алып келеді. Енді ойлап көрейікші: егер Жаратушы Ие пұттың өзін балағаттамауды бұйырса, ғасырлар бойы қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, бабаларымыздың үні болған домбыраны қалайша шайтанның әурет жеріне ұқсатып, балағаттауға болады! Мұндай сөз — Исламның ішкі этикасына (ахлақ) мүлдем қайшы, өте оғаш қылық емес пе?
Провокация ма, әлде білімсіздік пе?
Домбыраға қатысты әлгіндей шайтанның әуретіне теңеген сөзді есі дұрыс мұсылман айтпайды. Олай кім айтуы мүмкін? Олай деп:
- Не әдейі халықты діннен суытуды көздейтін, өтірік мұсылман боп көрінген провокаторлар айтуы мүмкін. Олар өтірік діндар мұсылман болып көрініп, халықтың ең сезімтал тұсы — ұлттық құндылықтарына соққы беру арқылы дін мен дәстүрді бір-біріне айдап салғысы келеді.
- Не болмаса, білімсіз, діннен аз хабары бар адам айтуы мүмкін. Исламды енді үйреніп жүрген, діннің тәліміне қанық емес діни білімі жоқ әлдекім айтуы мүмкін. Оқыған-тоқыған, діни ілім алған адам домбыраға әлгіндей деп ауыр сөз айтпайды. Домбыра дінде рұқсат етілген бе, жоқ па, деп талқыға салу, пікір таласу - ол басқа нәрсе. Ал тікелей домбыраға «шайтанның әуреті» деп айды аспаннан шығару - мүлдем бассыздық болып саналады.
Әзіреті Әлидің (р.а.) мынадай ғибратты сөзі бар: «Жәһіл, ақымақ дос, саған пайда тигізем десе де, зияны тиеді» дейді. Яғни, жәһіл (білімсіз адам) дінге пайда келтіреп деп тұрып, сол діннің беделіне нұқсан келтіргенін өзі білмей қалады.
Дін, ол — парасаттылық.
Әлгіндей домбыраға қатысты ауыр сөздер айту - дінімізге тек зиян әкеледі. Қазақ пен домбыра — егіз ұғым. Қазақ жазушылары айтқандай, «домбыра — қазақтың жаны». Нағыз мұсылман — өзгенің құндылығына құрметпен қарайтын, сөзі салмақты, парасаты биік тұлға. Домбыра — шайтанның бір нәрсесі емес, ол — қазақ даласының үні, бабалар аманаты. Сол себепті, «тура айтқанның жөні осы екен» деп, ойына келгенде сапыра беру жарамайды. Сондықтан, ағайын, білімсіз сөйлеп күнәға батпайық. Біз «сау ақылды» ту етіп, жан-жақты білім алуымыз керек. Ислам — мәдениетті жоюшы емес, оны асылдандырушы күш.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!