Юсуф әл-Қардауи: «Әшғари мен Мәтуридилерді адасқан деу — бүкіл үмбетті адасушыға шығарумен тең!»
Юсуф әл-Қардауи: «Әшғари мен Мәтуридилерді адасқан деу — бүкіл үмбетті адасушыға шығарумен тең!»
7 сағаттан соң 19
islam.kz

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен діни ортада «пәленше әшғари екен», «түгенше матуриди екен» деген сөздерді жиі естіп қаламыз. Кейде бұл атауларды біреуді айыптау немесе «тура жолдан тайған» деп көрсету үшін қолданатындар да бар (әсіресе сәләфит-уахаббиттер). Бірақ, мәселенің байыбына барсақ, бұл екі мектеп (яғни, Әшғари мен Мәтуриди)  — Ислам әлемінің ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қорғаны мен ғылыми негізі болып келгенін көреміз.

Бөліну емес, бірігу жолы

«Әшғари» немесе «Матуриди» деп аталу — жаңа дін ойлап табу емес. Бұл — Құран мен Сүннеттегі ақиқаттарды ақыл мен қисынға сүйене отырып жүйелеу. Егер біз бұл мектептерді теріске шығарсақ, онда бүкіл Ислам тарихына күмәнмен қарауға мәжбүр боламыз. Неге?

Өйткені біз мақтан тұтатын атақты оқу орындарының барлығы — Мысырдағы Әл-Әзһар, Тунистегі Зәйтуна, Мароккодағы Қаруин және Үндістандағы Деобанд секілді алпауыт білім ордалары — осы бағытты ұстанады. Демек, мұсылман үмбетінің 90 пайызынан астамы осы жолда.

Біз бүгін хадис оқысақ — Имам Науауи мен Ибн Хажарға, фиқһ оқысақ — Имам Сарахси мен Ибн Нүжәймге, ақида мен логиканы оқысақ — Имам Ғазали мен Фахруддин әр-Разиге жүгінеміз. Қызығы сол, бұл тұлғалардың барлығы — әшғари мен матуриди ғалымдары. Олардың еңбегін пайдаланып отырып, ұстанымын жоққа шығару — ақылға сыйымсыз нәрсе. Бұл — оларды «адасқан» деп айыптайтын ағымдардың қателігін қайталау деген сөз.

Тарихқа көз салсақ, Исламға қарсы түрлі философиялық ағымдар мен ішкі іріткілер шыққанда, соларға ғылыми тұрғыдан тойтарыс беріп, Әһлу сүннет жолын қорғап қалған да осы ғұламалар еді.

Ислам тарихындағы ең ірі ғұламалар мен имамдардың барлығы дерлік осы мектептерден шыққан. Олардың есімдерін атаудың өзі бір ғанибет:

  • Әшғарилерден: Бақиллани, Исфарайини, Имам әл-Харамайн әл-Жууайни, Әбу Хамид әл-Ғазали, Фахруддин әр-Рази, Байдауи, Әмиди, Шаһрастани, Бағдади, Ибн Абдуссалам, Ибн Дақиқ әл-Ид, Бұлқини, Ирақи, Имам Науауи, Рафиғи, Ибн Хажар әл-Асқалани және Сүюти.

  • Мағрибтың марқасқалары: Тұртұши, Мазири, Бажи, Ибн Рушд (атасы), Ибн әл-Араби, Қазы Ияд, Құртұби, Қарафи және Шатиби.

  • Ханафи-мәтуриди мектебінен: Кәрхи, Жассас, Даббуси, Сарахси, Самарқанди, Кәсәни, Ибн әл-Һумам, Ибн Нүжәйм, Тәфтазани және Пәздауи т.б. Алла оларға разы болсын! 

Адами фактор және ижтиһад

Әрине, бұл мектептердің өкілдері — пайғамбар емес, қарапайым адамдар. Олар да ізденеді, ижтиһад жасайды. Кейбір мәселелерде қателесуі немесе біздің бүгінгі түсінігімізге сай келмейтін пікір айтуы мүмкін. Бірақ бұл оларды «адасушы топ» қылмайды. Әшғарилер — үмбет толық мойындаған Әһлү-сүннет жолының бір бөлшегі. Олар Құран мен Сүннетті басты темірқазық етіп ұстады. Әрине, олардың кейбір мәселелерде қателесуі немесе әлсіз пікірді таңдауы олардың абыройына нұқсан келтірмейді. Өйткені олар да — пенде, олар - ижтиһад жасаушы ғалымдар, олар қателіктен пәк емес.

Ислам ғылымындағы алтын қағида: «Пайғамбардан басқа кез келген адамның сөзі алынуы да, алынбауы да мүмкін». Демек, әшғари не матуриди ғалымдарының ішінара қателіктері бүкіл мектептің құнын түсірмеуі тиіс.

Әшғари мен матуриди мектептері — Әһлү-сүннет жолының қос қанаты. Оларды мансұқтау — үмбеттің өткенін сызып тастаумен тең. Бізге керегі — бөлшектену емес, осы алып ғалымдардың қалдырған мол мұрасын зерделеп, айналасында ымыраласып, бірлікте болу. Ақиқат — біреуді айыптауда емес, өзара құрметте1.


 

1 fiqh.islamonline net/الأشاعرة-والماتريدية/

0 пікір