Парыз намазды оқыған-оқымағанын білмей тұрса, қайта оқу керек пе?
Парыз намазды оқыған-оқымағанын білмей тұрса, қайта оқу керек пе?
4 сағат бұрын 133

Ассаламу алейкум! Егер парыз намазды оқыған-оқымағанын естен шығарып алса, не істеу керек? Нұрбол.

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы!

Мұсылман кісі бес уақыт намазының бірін оқығанын, не, оқымағанын білмей дал болса, «намазды оқымаған» болып есептеледі. Сәйкесінше, сіздің жағдайыңызда ол намазды оқу керек болады. Бұл үкім – шариғаттағы «истисхаб» дәлеліне сүйенеді. 

Истисхаб дәлелі дегеніміз, қарапайым түрде айтқанда, айғақ болмаған кезде өткен шақтағы халіне қарап үкім беру: егер өткен шақта жоқ екені анық болса, қазіргі шақта да жоқ деп үкім беріледі, бар екені анық болса, қазіргі шақта бар деп үкім беріледі, нақты айғақ табылғанша(1). 

Мысалы, намазда «оқылмаған» деген үкім негіз. Өйткені уақыты кірмей ол намаз оқылмайды. Сәйкесінше, оқылғаны нақты білінбесе, оқылмаған күйінде қала бермек. Сол себепті, сіздің жағдайыңызда намазды оқығаныңызды нақты білмей тұрғандықтан, оның бастапқы халіне қарап, яғни оқылмаған деген негізіне қарап үкім беріледі. 

Осыдан келіп мынадай қағида шығады: «әл-Аслу бәқа-у мә кәнә ъалә мә кәнә». Оның мағынасы: «Бір нәрсе бастапқыда қалай болса, солай қалуы – негіз». Яғни, бір нәрсенің бұрынғы күйі анық болса, оны өзгертетін дәлел келмейінше, сол бұрынғы күйі жалғасып тұр деп есептеледі. 

Тақырыпты аша түсу үшін тағы бір мысал бере кетелік. Мысалы, дәрет алғанын анық біліп тұрса, бірақ сол дәретінің бұзылғанын нақты білмесе, өткен шақтағы нақты халіне қарап: «дәрет бар» деген тоқтамға келеді, өйткені дәрет алғанын нақты біледі, ал бұзылғанына күмәнданып тұр. Керісінше де солай: егер дәретінің бұзылғанын нақты біліп, алайда одан соң дәрет жаңалағанына күмәнданса, дәреті жоқ деген тоқтамға келеді. Өйткені, дәретінің бұзылғанын нақты біледі, одан соң қайта дәрет алғанын нақты білмейді. Осы «истисхаб» дәлелінен өрби келе мынадай қағида туындаған: «әл-Яқин лә язулу биш-шәкк», оның мағынасы: «Нақты нәрсе күмәнға сүйеніп жойылмайды» дегендік.

Және де бір нәрсенің харамдығына не мәкруһтігіне қатысты нақты дәлел болмаса, ол нәрсе "мубах" деген үкімді алады, өйткені, "әр нәрсенің негізі мубахтыққа қаланған". Бұл да осы "истисхаб" дәлелінен пайда болған қағида.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

1) Уаһбәту Зәһәйли: «әл-Уәжиз фи Усулиль-Фиқһ» – «Истисхаб».

Абдусамат Қасым