Бием қатты ауырып тұр. Қандай дұға оқыса болады?
Бием қатты ауырып тұр. Қандай дұға оқыса болады?
2 сағат бұрын 131

Сұрақ: Әссәләмуғалейкум! Бием ауырып жатыр. Денесі қызулап, терлеп кеткен. Жағы қарысып қалған. Тыныс алуы ауырлап, аузынан сасық иіс шығып жатыр. Қандай ем қолдансам болады?

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы!

Ең алдымен ауырған малға мал дәрігерін шақыру керек. Исламда, мысалы, ауырғанда ең әуелі тиісті медициналық ем-шараны қарастыру үйретіледі. Ерте заманда сахабалардың өзі ауырса, дәрі-дәрмекпен емделген. Осы ұстанымның малға да қатысы бар. Сондықтан ең алдымен биеге мал дәрігерін шақырып, қажетті ем-домын жасатқан жөн.

Сонымен қатар, көз тиюі де ықтимал болғандықтан, қосымша мынадай дұғаны оқуыңызға болады:

  1. Жылқының оң жақ танауынан төрт рет «сүф» деп үфіріңіз.
  2. Сол жақ танауынан үш рет «сүф» деп үфіріңіз.
  3. Одан кейін мына дұғаны оқыңыз: 

«Бисмилләһ. Лә бә’с. Әзһибиль бә’сә Раббән-нәс. Ишфи, әнтәш-Шәфий. Лә якшифуд-дурра иллә әнт!»

Риуаяттарға қарағанда, сахаба Абдулла ибн Мәсғудтың кезінде бір кісінің құлынына көз тиеді (кейбір риуаяттарда жылқы делінеді). Сонда ардақты сахаба әлгі адамға былай деп үйреткен екен: «Жылқының оң жақ танауынан төрт рет, ал сол жақ танауынан үш рет "сүф" деп үшкір. Содан кейін былай де: "Бисмилләһ. Лә бә’с. Әзһибиль бә’сә Раббән-нәс. Ишфи, әнтәш-Шәфий. Лә якшифуд-дурра иллә әнт!». Мал иесі сахабаның үйреткенін бұлжытпай орындаған. Алланың қалауымен өлуге шақ қалған құлын тезек тастап, зәр шығарып, шөп жей бастаған екен. (Ибн Әби Шәйбә, "әл-Мусаннаф"). 

Абдусамат Қасым