Исламда ішімдік берілетін жерде жұмыс істеу
|
Исламда ішімдік берілетін жерде жұмыс істеу
|
Дін ғұламасы доктор, мархұм шейх Юсуф әл-Қарадауи (р.а.) бұған байланысты былай деген:
Ислам дінінің жамандық пен бұзық атаулымен күресудегі ұстанымы айқын: ол – бәле-жаланың жолын кесіп, қақпасына тас жабу, ешбір саңылау қалдырмау. Сол себепті Ислам тек күнә мен жамандықтың өзіне тиым салумен шектеліп қалған жоқ, соған апаратын немесе түрткі болатын барлық жолға қатаң тиым салды. Міне, осыдан келіп халал мен харам дүниелерде мынадай басты қағида қалыптасты: «Харамға апаратын нәрсенің өзі – харам» деген.
Бұл қағиданың айғағы ретінде Алла тағала Құранда былай дейді: («Шын мәнінде, Ол сендерге Кітапта: «Алланың аяттарының жоққа шығарылып, мазақ етілгенін естігендеріңде, олар басқа әңгімеге көшкенге дейін қастарында отырмаңдар, әйтпесе сендер де солар секілді боласыңдар» деп түсірді. Шындығында, Алла екіжүзділер мен кәпірлердің бәрін Жәһәннамда бірге жинайды») (Ниса сүресі, 140-аят).
Халифа Омар бин Абдулазиздің алдына ішімдік ішіп, масаңдық жасаған бір топ адамды жазаға тарту үшін әкеледі. Сонда біреуі: «Уа, мүміндердің әміршісі! Бұлардың арасында ішімдік ішпеген, тек олармен бірге отырған, тіпті ораза ұстаған бір кісі бар» дейді. Мұны естіген Омар: «Жазаны содан бастаңдар!» – деп бұйырып, мына аятты оқыды: («Әйтпесе сендер де солар секілді боласыңдар»).
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ тек өсім жеушіні ғана емес, сонымен бірге оны жегізушіні, жазушысы мен екі куәгерін де лағынет етіп: «Олардың бәрі – бірдей» деген. Сол сияқты, тек шарап ішкеннің өзін ғана емес, оған қатысты он түрлі адамды лағынет етті: оның ішінде оны сыққанды да, сығуға мұрындық болғанды да, тасығанды да, өзіне әкеліп бергенді де қарғады. Мұндағы негізгі мақсат – ішімдік ішуге қандай да бір жолмен көмектескендердің бәрін қамту. (Шейхтің сөзі аяқталды).
Осы айтылғандарға сүйене отырып, мұсылман адамның туристерге шарап ұсынатын немесе сататын орында жұмыс істеуіне болмайды. Өйткені ол да Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ лағынет еткен жандардың қатарына кіріп кету қаупі бар.
fiqh.islamonline.net