|
ПЕЙІШКЕ КІРЕТІН ХАЙУАНДАР САНЫ БЕСЕУ МЕ, ӘЛДЕ ОДАН КӨП ПЕ?
|
Пейішке кіретін хайуандардың санын бесеумен шектейтін ғалымдар болғанымен, кейбір тәпсіршілер пейішке кіретін хайуандардың санын онға жеткізген. Олар төмендегідей:
- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Миғраж түні мінген Бурақ жануары.
- Салих пайғамбардың түйесі. Салих пайғамбардың (ғ.с.) қауымы мұғжиза ретінде түйе шығаруды талап етеді. Алла Тағала олардың көз алдында тастан түйе шығарып, оны ерекше белгі етеді. Алайда қауымы оны өтіріксініп, түйені өлтіреді.
- Үзейрдің есегі. Алла Тағала Үзейірді (ғ.с.) жүз жылға өлтіріп, кейін қайта тірілткен кезде, оның есегін де қайта тірілтеді. Үзейір (ғ.с.) өзімен бірге болған есегінің шіріп, сүйектері ғана қалғанын көреді. Алла Тағала оның сүйектерін жинап, кейін үстін етпен қаптап, есекті қайта тірілтеді. Осы оқиға арқылы Алланың өлілерді қайта тірілтуге толық құдіретті екені көрсетіледі.
- Ибраһим пайғамбардың қонақ бейнесінде келген періштелерге арнап сойған бұзауы. Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) адам кейпінде бірнеше періште келгенде, ол оларды қонақ деп қабылдап, құрмет көрсетеді. Дереу семіз бұзау сойып, алдына ас қояды. Алайда періштелердің тамаққа қол созбағанын көріп, олардың періште екенін аңғарады.
- Исмаил пайғамбардың орнына құрбандыққа шалу үшін көктен түсірілген қошқар.
- Сәбә елінің патшайымы жайында Сүлеймен пайғамбарға хабар жеткізген Бәбісек құсы.
- Сүлеймен пайғамбардың жолынан аулақ тұруды өз тұқымдастарына ескерткен құмырсқа. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) әскерлерімен келе жатқанда, олар құмырсқалар мекендейтін жерге жақындайды. Сонда бір құмырсқа өзге құмырсқаларға: «Үйлеріңе кіріңдер, Сүлеймен және оның әскерлері байқамай сендерді таптап кетпесін», – деп ескертеді. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) оның сөзін естіп, күлімсіреп, Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкіршілік етеді.
- Кәһф иелерінің иті.
- Юнус пайғамбарды (ғ.с.) жұтып қойған кит балығы.
- Исраил қауымында болған қылмыстың бетін ашуға себеп болған сиыр. Исраиль қауымы арасында бір адам өлтірілгенде, оның кім тарапынан өлтірілгені белгісіз болып қалады. Сонда Алла Тағала Мұса пайғамбарға бір сиырды союды бұйырады. Сиыр сойылғаннан кейін, оның бір бөлігімен өлген адамның денесін ұрғанда, Алланың қалауымен әлгі адам қайта тіріліп, өзін өлтірген кісіні көрсетеді. Осылайша қылмыстың беті ашылады.