«Фатализм» түсінігі Исламға сай ма?
«Фатализм» түсінігі Исламға сай ма?
15 минут бұрын 78

Ассаламуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Сұрағым бар еді. Фатализм туралы көзқарасыңыз қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Фатализм — әлемдегі барлық оқиғалар, соның ішінде адамның әрбір қадамы мен таңдауы алдын ала анықталып қойған және біртұтас ғарыштық жоспарға бағынады деп сенетін философиялық бағыт. Фатализм дүниетанымы бойынша кез келген оқиға, мейлі ол жұлдыздың жарылуы болсын, сіздің қазіргі таңдауыңыз болсын немесе қандай да бір іс-әрекетіңіз болсын, баяғыда-ақ белгіленген және одан қашып құтылу мүмкін емес.

Ислам тұрғысындағы фатализм дүниетанымы

«Фатализм» ұстанымы Исламдағы «Жәбрия» (мәжбүрлік) ағымымен үндеседі. Жәбрия (джабрия) ағымы бойынша пенденің бүкіл іс-әрекеті алдын ала белгіленіп қойған, оның таңдау еркіндігі жоқ. Ол не істесе де, жауапты емес, себебі соны істеуге мәжбүр. Имам Ғазали (р.а.) былай дейді:

«Кім пенденің қалау еркіндігі жоқ, адам істеген істеріне жауап бермейді (не істесе де Құдай істетіп отыр, адамның таңдауы жоқ) десе, яғни пендедегі “кәсбті” жоққа шығарса, ол адам Жәбрия ағымына тән адам».

(Кәсб — пенденің өз ықтиярымен істейтін іс-қимылдары.)

Жәбрия ағымының ұстанымдары Исламдағы «жүз-и ирада» (пенденің таңдау еркіндігі), «кәсб» (адамның өз таңдауы арқылы істі иемденуі) және «жауапкершілік» (пенденің еркімен істеген ісіне жауап беруі) сияқты іргелі сенім негіздеріне қайшы келгендіктен, ол «адасқан ағымдар» қатарына жатқызылды. Уақыт өте келе бұл ілімді жақтаушылар қатары азайып, бүгінде Жәбрия мектебі тарих сахнасынан толықтай жойылған. Қазіргі таңда оның ілімі тек теологиялық әдебиеттерде ғана сақталған.

Исламдағы тағдыр түсінігі

Исламда тағдыр (жазмыш) — Құдайдың мәжбүрлеуі емес, Оның шексіз білуі. Жаратушы Алла Тағала адамның өмірінің әрбір сәтінде қандай таңдау жасайтынын және қалай әрекет ететінін әзәлден білген әрі соны Ләухул-Махфузға (Тағдыр тақтайшасына) жазып қойған. Алайда бұл — адамды дәл солай әрекет етуге мәжбүрлейтін әмір емес, керісінше, оның болашақта өз еркімен жасайтын таңдауының алдын ала хатталуы ғана. Кейбір тағдырдағы жазылғандар өзгеруге тән. Кейбір тағдырлар өзгермейді.

Фатализм мен Исламның айырмашылығы

Фатализм мен Ислам дүниетанымының айырмашылықтарын төмендегідей көрсетуге болады:

1. Таңдау еркіндігі (жүз-и ирада, ихтияр)

  • Фатализм: Ешқандай таңдау жоқ. Адам — тағдыр теңізінде ағып бара жатқан, ештеңеге қауқарсыз жай ғана шөп талшығы.
  • Исламда: Пенденің таңдау еркіндігі бар. Алла адамға жақсы мен жаманды ажырататын ақыл және таңдау еркін берген. Адам әлдебір іс-әрекетке мәжбүр емес.

2. Істеген іске жауапкершілік

  • Фатализм: Жауапкершіліктің еш мәні жоқ. Егер бәрі алдын ала шешіліп қойса, қылмыскер қылмысына кінәлі емес, ал жақсы адам мақтауға лайық емес.
  • Исламда: Жауапкершілік толықтай бар. Егер жауапкершілік болмаса, пейіш пен тозақтың, сауап пен күнәнің мәні қалмас еді. Қиямет күні амал таразысында пенденің жақсы және жаман істері өлшенеді. Кімнің жақсы амалдары басым болса, пейішке кіреді, ал жаман істері басым келгендер тозақта жазаланады. ("Қариға" сүресі). Бұл — адамның өз ісіне жауапты екендігінің дәлелі.

3. Кәсб түсінігі

Кәсб — пенденің бойына берілген күш-қуатпен белгілі бір істі орындауы.

  • Фатализм: Адам жұмысқа барады, тамақ ішеді, көлік айдайды, яғни физикалық түрде әрекет етеді. Алайда сол әрекеттің шынайы авторы әрі иесі өзі емес.
  • Исламда: Алла Тағала пенде белгілі бір істі жасауға ниеттенген кезде оған қажетті күш пен жағдайды жаратады. Ал ол сол күшті пайдаланып, жақсы немесе жаман істі өзі жүзеге асырады. Осылайша ол істеген ісін өз атына жазады, яғни «кәсб етеді».

4. Себеп-салдар заңы (әл-Әсбәб).

  • Фатализм: Соқыр тәуекелшілдік. «Егер маған аурудан айығу жазылған болса, дәрігер шақырсам да, шақырмасам да айығамын. Егер өлу жазылған болса, бәрібір өлемін. Олай болса, дәрігер шақырып әуре болудың қажеті жоқ».
  • Исламда: Соқыр тәуекелшілік құпталмайды. Құдай сақтайды деп, жардан секіріп кету - Исламда тәуекелшілік емес, өз-өзін өлімге итермелеу. Сондықтан да, себептерді қолдану қажет. Әлем себеп-салдар заңдылығына негізделген. «Түйеңді байла, содан кейін Аллаға тәуекел ет» деген қағида Исламдағы тәуекел түсінігінің негізін құрайды. Пенде қолынан келгеннің бәрін істеуге міндетті (жұмыс істеу, есікті құлыптау, емтиханға дайындалу), ал нәтижесін Алладан күтуі керек.

Ендеше, ат үсті қараған адамға фатализм түсінігі мен Исламдағы тағдыр түсінігінің арасында ұқсастық байқалғанымен, ұңіле келе екеуі екі бөлек дүние екенін көруге болады.

Ең дұрысын Алла біледі! Әлхамдулилләһи Раббил аләмин!

Абдусамат Қасым